Qoǵam
Бюджеттің кіріс көзін молайту – басым міндет
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке Салық кодексінде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажеттігі ескертіле келе, қазіргі салық жүйесінің сапасын арттырудың негізгі міндет екендігі баса көрсетілген.
Төменде аудандағы салық жүйесінің қызметі, мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру, салық бересін өндіру және тағы да басқа жұмыстар туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Дәулет Жігітеков әңгімелейді.
Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қызметінің басым бағыттары бюджетке түсетін барлық салық түсімдерін орындау, қосымша салық көздерін анықтау, салықтық әкімшілендіру жұмыстарын жақсарту, салық органдары көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру, салық төлеушілерге салық заңдылықтары туралы түсіндірме жұмыстарын жандандыру болып табылады.
2019 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджет бойынша бекітілген болжам сомасы 2 428 062,0 мың теңге болса, бюджетке нақты түскені 2 532 755,0 мың теңгені құрап, болжам сома 104,3 %-ға орындалды немесе бюджетке 104 693,0 мың теңге артық түсті. 2018 жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 109,3 % құрап, түсім 217566,7 мың теңге артық түсті.
Республикалық бюджеттің болжам сомасы 623 286,0 мың теңге болса, нақты түскені 644 008,2 мың теңгені құрап, жоспар 103,3 % -ға орындалды немесе түсім 20 722,3 мың теңгеге артығымен қамтамасыз етілді.
Облыстық бюджеттің 2019 жылдың 11 айындағы болжам сомасы 406 928,0 мың теңге болса, бюджектке нақты түскені 455 231,6 мың теңге, орындалуы 111,9 % құрады немесе жоспар 48303,6 мың теңгеге артығымен орындалды. Сонымен бірге аудандық бюджеттің 2019 жылдың 11 айына болжам сомасы 1 397 848,0 мың теңге болса, бюджетке нақты түскені 1 433 515,2 мың теңге, орындалуы 102,6 % құрады, немесе 35 667,2 мың теңгеге жоспар артық орындалды.
Бюджет түсімін арттыру мақсатында ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 585-бабына сәйкес салықтық базаны ұлғайту, қосымша кіріс көздерін іздестіру барысында жыл басынан бері салық заңдылықтарын бұзған 160 салық төлеушіге 146 7871,2 мың теңгеге хабарлама қағаздары беріліп, 92 салық төлеушіге қосымша салық декларацияларын тапсыртып, бюджетке қосымша 75 743,6 мың теңге есептелініп, бюджетке толық көлемде өндірілді.
Мекеме қызметкерлері салық төлеушілерден салық бересін өндіру бағытында да мақсатты жұмыстар атқаруда. Бүгінгі таңда бюджетке берешек 7 393,0 мың теңгенің 6 800,0 мың теңгесі өндіріп алынды, немесе жыл басымен салыстырғанда берешек сома 593,0 мың теңгеге азайтылды.
Салық заңдылықтарын бұзған салық төлеушілерге тиісті әкімшілік шаралар қолданылуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 279-бабының 2 бөліміне сәйкес салық заңдылықтарын бұзуға жол берген 86 тұлғаға 2,790 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, 68 салық төлеушіден 1,983 мың теңге (79,4 %) өндіріп алынса, аталған Кодекстің 288-бабының 1 тармағына сәйкес 71 салық агентіне ескерту, 288-бабының 2 тармағына сәйкес бір салық агентіне салынған 37,8 мың теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл толығымен өндірілген. Сондай-ақ Кодекстің 91-бабының 6 тармағына сәйкес 79 салық агентіне ескерту қолданылды. Осы баптың 7 тармағына сәйкес 34 салық агентіне салынған 213,204 мың теңге әкімшілік айыппұл толығымен өндірілсе, 92 баптың 2 сәйкес 86 салық агентіне ескерту қолданылды, осы баптың 3 тармағына сәйкес 5 салық агентіне салынған 8,178 мың теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл толығымен өндірілген.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген салық рақымшылығын жүзеге асыру мақсатында аудандағы 519 салық төлеушінің, соның ішінде, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің 629,6 мың теңге, 187 салық төлеушіден 64,8 мың теңге (64844,35 теңге), жеке тұлғалар 332 салық төлеушілерден 564,8 мың теңге (564840,38 теңге) өсімдері бет есептен азайтылды.
Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау және жою – кез келген мемлекеттік органның қызметінің басты міндетінің бірі. Осы мақсатта салықтық қызмет көрсету сапасын арттыру, салық төлеушілермен тікелей кездесуді азайтып, салық есептіліктерін электронды түрде тапсыруға көшіру қолға алынуда. Мекеме қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында дөңгелек үстелдер мен семинарлар кәсіби сабақтар өткізіліп, жергілікті БАҚ-тарға мақалалар жарияланып тұрады.
Жазып алған Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»