Qoǵam
Іскерлік пен әдептілік қажет
Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып біз мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыс барысында болсын, мейлі, ол демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті, жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз саптайды. «Өзі жақсы адамға, бір кісілік орын бар» дегендей, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киген киімі де әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет.
Көбейсін Хайралапов,
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі