Qoǵam
Бір сурет – бүкіл ғұмыр
Аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетінің 80-90-жылдардағы сарғайған тігінділерін парақтағанда, фототілші Жиден Тәтеновтің тасқа басқандай анық етіп түсірілген суреттеріне көзің түседі. Ол кәсіби фотосуретші болып табаны күректей отыз жылдан астам еңбек етсе, соның аттай он жылға жуығын аудандық басылымда өткізіпті.
– 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында жергілікті ұлт өкілдеріне кәсіби мамандар даярлап, жер-жерде жұмысқа араластыру ісі жедел қолға алынды. Сол тұста әсіресе, өндірістік қалаларда қазақ жұмысшыларын біліксіз деген желеумен іске алғысыз етіп көрсетіп, станоктар маңына жолатпай, шетқақпайлайтын солақай саясат дәуірлеп тұрған. Ауданда да қай саланы алып қарасаң, істің тұтқасын ұстағандар өзге ұлт өкілдерінен еді. Сауда, қызмет көрсету, көлік тасымалы секілді салаларға жергілікті ұлт өкілдерінің тұмсығы батпайтын.
Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры Бекмұрза Қыстаубаев ағай көп қамқорлық жасады. Осы комбинатта қарапайым жұмысшы болып істеп жүргенімде, ол кісі менің фотосурет түсіруге бейімім барын байқап, Ақтөбедегі фотографтар даярлайтын бір жылдық курсқа оқуға жіберді, – деп бастады әңгімесін Жиден аға. – Оны тәмамдап келгеннен кейін аудан орталығындағы фотоательеге жұмысқа орналастым. Ол кезде фотографтар жылжымалы және стационарлық камералармен жұмыс істейтін. Тез арада біліктілігімді байқатып, тұтынушылар арасында танымалдығым арта түсті. Бірер жылдан соң тәжірибемді ұштай түсу мақсатында Алматы қаласындағы тұрмыстық қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп технологиялық техникумына оқуға түсіп, бітіріп алдым. Көшпелі фотосурет түсіретін жабдықпен ауданның елді мекендерін аралайтынбыз. Тіптен кейде облыс өңірлеріне, тіптен одан әрі асып, талай алыс іссапарларға шығып, фотосурет түсіріп жүрдім.
Аудандық газетпен байланысым бұрыннан бар еді. Редакцияның арнайы тапсырмасымен кадрлар жасайтынмын. Кейде мұрағатымдағы әр сәттен түсірілген фотокадрларды алып пайдаланатын. Әбдіғапар Айтақов басшылық еткен тұста біраз жұмыс істегенім бар. Кейініректе, 1980-жылдардың аяғында редактор Мырзахан Ахметов мені редакцияға фототілшілік қызметіне шақырды. Қайнаған қызу науқандық жұмыстардың бел ортасында жүріп, еселі еңбектің көрігін қыздырған қарапайым кәсіп иелері – малшылар, механизаторлар, егіншілер фотообъективіме жиі ілінетін. Тілшілер де мал қыстату, егін егу, шөп ору, астық жинау барысын қызықты етіп суреттеуге тырысатын. Оның сыртында, ауданға келіп-кететін басшылар мен талай танымал тұлғалардың сапарын фотоестелікке қалдыру менің бақытыма бұйыратын.
Бір есімде қалғаны, 1993 жылдың көктемінде Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту үшін сапарға шыққан Қазақстанның бұрынғы басшысы Дінмұхаммед Қонаев жолай Жуалы ауданына аялдады. Облыс, аудан басшылары бастаған топ Дінмұхаммед Ахметұлын Шақпақ станциясының тұсында тігілген он алты қанат киіз үйде күтті. Сол сапарда мен Қонаевтың тектілігі мен қарапайым болмысына анық көз жеткіздім. Сабырмен, байыппен сөйлейтін Димаш аға сөз арасында фотосуретке түсіріп жүрген менімен де тілдесіп, біраз нәрселерді сұрастырды, – дейді Жиден аға.
Өкініштісі сол, Жиден Тәтеновтің мұрағатында өткен еңбек жолын айғақтайтын бірде-бір сурет сақталмапты, тек естелік айту ғана бұйырыпты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»