Qoǵam

Шаруасы шалқыған шаруа қожалық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі жан-жақты айтылған. Сонымен қоса, тиісті ведомство мен сала қызметкерлерінің алдына еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыру, бәсекеге қабілетті өнім өндіру міндетін қойды.

«Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қанат, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек», – деді Президент халыққа арнаған Жолдауында.
Жер бедері таулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін қасиетті Жуалы ауданында да ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар аз емес. Солардың бірі – Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы.
1998 жылы Беріккүл Айнабекованың басшылығымен құрылған «Ержан» шаруа қожалығының қарамағына 300 гектар егістік жер (оның 50 гектары суармалы) және 100 гектар жайылымдық жер берілді. Шаруа қожалық алғашқы жылдары алқапқа көбінде арпа-бидай егуді қолға алады. Өндірілген өнімді сатып, одан түскен қаржыға жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын ала бастады. Жерді жыртып, дәнді дақылдарды қалай болса солай себе салуды әркім-ақ біледі. Алайда егістіктен мол астық алудың жолдарын қарастыру үшін үнемі ізденіс пен тәжірибе қажет.
Біз «Ержан» шаруа қожалығының атқарып жатқан жұмыстарын жақсы білетін себебіміз, аталған шаруашылық туралы газет бетінде үнемі жазып, көрсетіп келеміз. Алғашқыда аз ғана жермен тірлік бастаған шаруашылықтың жұмысы әртараптандыру әдісімен жалғасын тауып келеді. Бұл шаруашылық иелігінде егістік алқапты күтіп-баптап, оған бидай, арпа, мақсары, қызылша және картоп егіп, одан алынатын өнімнің көлемін де арттыруға күш салып келеді. Бұл әрине, өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына да оң ықпал етіп отыр.
Шаруашылық 2017 жылы Ресейден арпа дақылының төрт бірдей сортын сатып әкеліп, оны 11 гектарға егіп, жерсіндіреді. Агротехникалық шараларды қатаң жүргізудің арқасында жаңа сұрып жерсініп, тиісінше, одан алынған өнім де мол болды. Айта кету керек, шаруа қожалық ақ егістен бөлек, 20 гектарға жуық алқапқа картоп және қант қызылшасын егуді де қолға алған.
«Ізденіс түбі – игілік» демекші, «Ержан» шаруа қожалығының мүшелері үнемі ізденіс үстінде. Шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізуді, малдың басын тек асыл тұқымды түліктермен көбейтуді, оған қажетті жем-шөп қорының да сапалы болуын үнемі қадағалап отырудың нәтижесінде 20 жылдан астам уақытта шаруашылық аяғынан нық тұрып, ауылдастарына жұмыс бере бастады.
Шаруашылық Алматыдағы қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен келісімшарт жасап, ұзақ уақыттан бері жыл сайын олардан бірінші репродукциялы 10-15 тонна тұқымдық өнімдер сатып алуда. Осында өндірілген бидайдың «Стекловидная – 24», арпаның «Бәйшешек» элиталы сұрыптары аудандағы агроқұрылымдарға басқа сұрыптарға қарағанда біршама жоғары бағамен өткеріледі. Агротехникалық талаптарды қатаң сақтауға күш салады. Жыл сайын парға 80-100 гектарға дейін алқап қалдырады. Қожалық биыл еккен 150 гектар бидайдың әр гектарынан – 23, ал 70 гектар арпаның әр гектарынан 22 центнерден өнім жинады.
Ауданға танымал агроқұрылым кейінгі кезде 20 гектар жерге картоп пен қызылша егуде. Жуырда жиын-терім аяқталып, картоптың әр гектарынан – 250 центнерден, қызылшаның әр гектарынан 350 центнерден өнім жинап алды. Айта кету керек, шаруа қожалық өзін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай қамтамасыз еткен аудандағы бірден бір шаруашылық. Қазір мұнда бір «К-700», бес «МТЗ-82» тракторы, екі «КамАЗ» жүк көлігі, екі егін жинайтын және шөп оратын үш техника бар. Соның нәтижесінде олар науқандық жұмыстарды уақтылы әрі сапалы атқарып отыр. Одан бөлек, өз жұмыстарын аяқтаған соң басқа шаруашылықтарға жәрдем беруде.
Шаруашылықтың алға қойған жоспарлы жұмыстарының сан салалы екенін ескерсек, асыл тұқымды мал басын көбейту де басты бағыттардың бірі. Қазір шаруашылықта 200-ге жуық ірі қара бағылуда. Оның сексені – аналық бас. Мұнда жыл он екі ай 40 бас сиыр сауылып, күнделікті өңдеу кәсіпорындарына сапалы сүт өткеріліп отырады. Қазір олардың қолындағы «Қараала» тұқымдас сиырлар жылына 2,5 мың литрге дейін сүт беретін көрінеді.
-Қазіргі таңда сүтке деген сұраныс артып келеді. Сондықтан жуырда Павлодар облысындағы «Ертіс» шаруа қожалығынан жылына 7000 литр сүт беретін «Симменталь» асыл тұқымды 70 бас құнажын сатып әкелдік. Олар келесі жылы жаз айларында бұзаулай бастайды. Сауын табыны жоғары өнімді сиырлармен жасақталған соң олардың төлдері ауданның басқа да агроқұрылымдарына өткеріледі,- дейді «Ержан» шаруа қожалығының басшысы Беріккүл Айнабекова.
Осы орайда аталған шаруашылық жұмысының алға басуына ауыл шаруашылығы саласының білгірі, бұрын осы салада ұзақ жылдар тер төккен отағасы Байұзақ Серкебаевтың қосып отырған үлесін айтпай кетуге болмас. Жуырда олар сауын сиырларды қорада бағуды қолға алды. Алдағы қыс мезгіліне қажетті жем-шөп қоры жеткілікті. Қазіргі таңда «Ержан» шаруа қожалығында 16 адам жыл бойы тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрап отыр.
-Келесі жылдың өнімі үшін 150 гектар алқапқа элиталы күздік бидай тұқымын сеуіп, егіннің өнімділігін арттыру үшін тұқыммен бірге әр гектарға екі центнерден аммофос минералды тыңайтқышын енгіздік. Қыс бойы қожалық иелігіндегі малдардың қоңын түсірмей бағып шығамыз. Төлдерді күтіп-баптап, сүт өндіреміз. Басқа да шаруаларға жоба-жоспар жасаймыз. Өздеріңізге белгілі, көктем шыға жұмыс қызып сала береді. Егістікпен қоса мал басын көбейтуді басты бағыт етіп ұстанып отырмыз,- дейді қожалық басшысы.
Шаруа қожалық басшылығы ауыл-аймақтағы қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Жыл сайын тұрақты түрде жалғызілікті, күнкөрісі төмен отбасыларға екі тоннадан бидай, арпа беріп тұрады.
Президент Жолдауында міндеттелген ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту міндеттерін толықтай орындап отырған «Ержан» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі міне, осындай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close