Qoǵam
Музейдегі тарихи- танымдық сабақ
Өткен жылдың қазан айында ашылған ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын рухани орда – аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы туған өлкеміздің тарихы мен мәдениетін, халықтың озық салт-дәстүрлері мен ғұрыптарын басқа да жетістіктерін жұртшылыққа таныстыру және насихаттау мақсатында еңбек етіп келеді. Өлкеміздің тамыры терең тарихымен танысуға әсіресе, мектеп оқушылары үлкен қызығушылық танытып отыр. Көбінесе музейге аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиядан және №15 мектеп-лицейінен, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептен оқушылар келеді. Туған өлкенің тарихын танып-білуге құштар мектептердің бірі ретінде Т.Әкімов атындағы орта мектептің педогогикалық ұжымын айтуға болады. Соңғы аптаның өзінде музейге тарих және өлкетану пәндерінің мұғалімдері бастап бірнеше жоғары сынып оқушылары ат басын бұрды.
Мұнда келген оқушыларға музейдің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Жамалбекұлы қызықты тарихи-танымдық сабақ өтті. Оқушылар көптеген қосымша мағлұматтар алып, сонымен бірге кітаптан оқығандарын көзбен көруге мүмкіндік алды. Музей қызметкері археологиялық залдағы адамзат баласының Қаратау қойнауларында палеолит дәуірінен бастап мекен еткендігін айғақтайтын ежелгі тас құралдар, тас дәуірінің ескерткіштері Дарбаза, Қарабастау маңындағы тұрақтар мен шеберханалар, Билікөл мен Берікқара аралығындағы ежелгі обалар, ежелгі адамдардың сенім-наным, өмір нышанын бейнелейтін Қаратас, Теріс жағалауы, Ақсу-Жабағылы жерлеріндегі петроглифтерге байланысты әңгіме өрбітті. Одан әрі өлкетанушы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жуалы жеріндегі ортағасырлық қалашықтар мен керуен бекеттері туралы мәлімет берді. Өлкеміздегі Шабғар, Баркуаб, Шақпақ, Қырықкүрзі қалашықтарынан табылған жәдігерлерге сипаттама берді. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан Баркуаб қалашығы туралы айғақты түсінік берді.
Тарихи-танымдық сабақ музейдің екінші қабатында орналасқан «Рухани жаңғыру» залында жалғасын тапты. Мұнда да қасиетті Жуалы ауданының құрылу тарихы, өлкеміздегі тізімге енген тарихи-мәдени ескерткіштер туралы сондай-ақ, аудан аумағындағы киелі орындар саналатын Батырбек датқа кесенесі, Момыш бұлағы, Қыз әулие шатқалы, Берікқара обалары, Шақпақ қалашығы мен Шақпақ әулие үңгірі, Берікқара қорығы, Шаңылақты жазығы, Баркуаб қалашығы сияқты киелі орындарға сипаттама жасалды.
Аталған сабақтың соңында музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев оқушыларды ғылыми жобаға тақырып таңдауға және оны жазуға мұражай материалдары жеткілікті және оған көмектесуге дайын екендігін айтты.
Музейдегі қызықты сабақ соңынан оқушылар естелік суретке түсіп, атамекеніміз Жуалының тарихы туралы мол мағлұмат алып, үлкен әсермен тарқасты.
Толқын Сыздықова,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері