Qoǵam
Массаж жасау үшін қолдың икемділігі маңызды
Биыл әлем елдеріне жаппай тараған коронавирустық инфекцияның салған лаңынан небір дамыған алпауыт елдердің экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Қазақстан да дүниежүзілік қауымдастықтың бір мүшесі болғандықтан, әлемде болып жатқан қиыншылық пен дағдарыс біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Осыған байланысты дағдарысқа қарсы бірқатар шаралар қабылданып, халықтың жұмыс орнын сақтап қалу, бар мүмкіндіктерді қарастыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері мемлекеттің алдында тұрған күн тәртібіндегі маңызды жұмыстардың бірі екені анық.
Дағдарыс жағдайында халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын түзеу арқылы экономиканы көтеру үшін ел Үкіметі бірқатар маңызды шаралар қабылдап, елде кәсіпкерлікті дамытуға, инфрақұрылымдық жүйелерді жөндеуге, халықты жұмыспен қамтуға биыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның нәтижесінде, халықты әлеуметтік қолдауға, бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауылдарда ауызсу, газ жүйелерін тартуға біздің ауданға да мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қыруар қаражат бөлінді. Соның ішінде жұмыспен қамту және кәсіпкерлік негіздерін дамытуға да ерекше серпін берілуде.
Жұмыспен қамту шаралары, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту істері мемлекет үшін де, тұрғындар үшін де маңызды саналатындықтан мемлекет тарапынан да баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі зор. Себебі, аталған бағдарламаның аясында қаншама тұрғын жұмыспен қамтылып, кейбірі кәсіпкерлік бастамасын ашып, түрлі бағытта жұмыс істеуде.
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бөлу жұмыстары қарқын алып отырғанын айтуға тиіспіз. Грант алушы азаматтар есебінен 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Қыркүйек-қазан айларында қосымша 314 қатысушыға 174 млн 458 мың теңге көлемінде гранттар берілетіні күтілген еді. Қазір бұл жұмыстар жалғасып жатыр.
-Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 584 қатысушыға 324470,0 мың теңге бөлініп, 324470,0 мың теңгесі толығымен игерілді.
Грант алушы азаматтың 56-сы салық органдарына тіркеліп жеке кәсіпкерлігін ашты. 528 азамат шағын шаруашылықтарын ашып бірыңғай жиынтық төлем төлеп отыр. Бұл іс-шаралар жалғасуда. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 638 азаматқа жолдамалар беріліп, 348 адам оқуларын аяқтады,- дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысов.
Үкімет тарапынан қайтарымсыз грант ұтып алып, алғаш рет кәсіпкерлік ісін ашқандардың бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Жансая Олжабай. Жансая кәсіпкерлік бастамаларды қолдау туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болған соң аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан кеңес алады. Содан ол кәсіпкерлік бастамаларын оқыту курсынан өтіп, биыл 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізген екен. Жас кәсіпкер әрі жас ана Жансая Жарасқызы бұл қаражатқа массажға арналған құрал-жабдықтар және бу бөшкесін сатып алады. Оны өз үйінің ауласындағы қосалқы жайға орналастырып, қазір осында тұрғындарға массаж қызметін ұсынуда.
Осы тұста айта кететін бір жайт, Жансая қайтарымсыз грантты ұтып алып, кәсіп ашқанымен, массажды өзі жасамайды. Ол кәсіби массажшыны да алыстан іздеген жоқ. Қайын атасы Қадырбек Көкебаев төрт-бес жылдай аудан орталығындағы қоғамдық моншалардың бір бөлмесін жалға алып, массажшы болып жұмыс істеген екен. Келіні Жансая дәл осы массаж жасау үшін грант алуға ниеттеніп жүргенде Қадырбек аға да қатты қуанып, келінінің бастамасына бірден қолдау танытыпты.
-Мен қазір келінім Жансая ашқан кәсіпкерлікте массажшы ретінде жұмыс істеп жатырмын. Кәсіби маман ретінде Алматы қаласында «Damu.kz» жобасы арқылы оқып, сертификат алғанмын. Біраз жыл аудан орталығындағы қоғамдық моншаларда тұрғындарға массаж жасаумен айналыстым. Қазір келінім Жансая осы кәсіпті ашқалы бері клиенттерге үйден қызмет көрсетіп жатырмын. Жұмысымыз жаман емес. Кәсіби маман ретінде мені танитын, қызметіме жүгінетіндердің қатары көп.
Массажшылық қызмет сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Үйімізден адам үзілмейді. Телефонмен хабарласып, алдын ала жазылып, қызмет алатындар да бар. Мен мұнда келушілердің сұранысына, жарақаттың түрлеріне байланысты қызмет көрсетемін. Кейбірін бу бөшкесіне түсіріп, денесін жібітсем, кейбірінің белін созып, жарақатынан айығуына көмектесемін. Маған көбінесе, белі ауырып, омыртқаның ойық жарасы, остехондроз, артритпен ауыратындар келеді. Оларға тұрақты ем жасап, ауруынан айығып кетуге күш саламын. Науқасты емдеп, массаж жасау үшін адамның анатомиясын жақсы білуің қажет. Сонда ғана жасаған ем-домыңнан жақсы нәтиже шығады,- дейді кәсіби массажшы Қадырбек аға.
Адам белгілі бір кәсіпті жақсылап меңгермесе, оның нәсібі де мол болмайды. Қайтарымсыз грант иегері атанған талапты жас Жансая Олжабай болашақта бұл кәсіпті кеңейтііп, тұрғындарды қабылдайтын арнайы орын ашуды да жоспарға қойып отыр. Бұл ретте аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысов жас кәсіпкердің үкімет тарапынан екі, үш миллион теңгенің көлемінде жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар екендігін айтады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ