Qoǵam

Дін саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің маңызы

ХХІ ғасыр кеңістігінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіріп отыру заман талабы екені белгілі. Осы орайда, елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшіру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қызметтерді электронды түрге ауыстыру – мемлекеттік органдардың тұтынушыға бағдарланып жұмыс жасауы мен ашықтығын қамтамасыз етудегі оң қадам деп бағалауға болады.

2013 жылы 15 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы №97 бұйрығымен діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді. Аталған қағидаға сәйкес дін саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электронды түрде де көрсетіле бастады. Ендігі кезде жеке және заңды тұлғалар дін саласына қатысты қызметтерді «Электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz арқылы да алуына мүмкіндік бар.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік қызметтер көрсетудің басты қағидаттары қатарына жатады. Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы облыс аумағындағы діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Басқарма «Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы №97 бұйрығына сәйкес 3 мемлекеттік қызметті көрсетеді. Олар:
1) «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу». 2011 жылы 11 қазанда қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында атап көрсетілгендей, миссионерлік қызмет дегеніміз – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі. Аталған заңның 8 бабына сәйкес, миссионер ретінде қызмет етуге ниетті тұлға мемлекеттік тiркеуден өткеннен кейiн ғана өз қызметін жүзеге асыра алады.
2) «Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру». Облыс аумағындағы діни бірлестіктер ғибадат үйлерінен тыс жерлерде (яғни мешіттен, шіркеуден тыс аумақта) құлшылық үйін (намазхана) ашуға ниетті болған жағдайда дін істері басқармасынан келісім алуға тиіс.
3) «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсатттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім беру». ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі. Осыған байланысты бұл қызметті алушылар тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы дін істері басқармасының шешімін алуы қажет.
Жоғарыда аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру:
1) облыс әкімдігінің дін істері басқармасы;
2) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы;
3) «Электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz арқылы жүзеге асырылады.
Заң талаптарын сақтап жұмыс жасау ашықтықты, өзара сенімді әріптестікті қамтамасыз ететіні анық. Ал дін саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік талаптарды сақтамай, заңсыз жұмыс жүргізген жеке және заңды тұлғалар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 490-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
Облыс тұрғындары дін саласына қатысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттарды dini.zhambyl.gov.kz сайтынан немесе облыс әкімдігінің дін істері басқармасынан (8-72-62-43-88-27, 8-72-62-43-88-33) толыққанды білуіне мүмкіндік бар.

Елнұр Әскенұлы,
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің бас маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Таңдаулы материалдар

Close