Qoǵam
Қазақ мәдениетіндегі ислам философиясының орны
Еуразия өлкесінің сан ғасырлық тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады. Өйткені, халық санасына ислам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің аумағымызда мекен еткен ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түскен.
Қазақстанның кең-байтақ аумағы мен Еуразияны мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғасырдың басында ислам дінін қабылдап, кейін осы аумаққа иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымында ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп қадір-қасиетімен біріктірген.
Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдерде аумағымызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршеңдік танытқандығына тарихи деректер дәлел болады. Тіпті атеизм жарияланған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымындағы исламды жоя алмады. Халық санасы бір Құдіретті күштен қорқып, оған жасырын түрде сыйынуды тоқтатпады.
Қазақ мәдиенеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған.
Абай философиясындағы исламдық болмыс қазақ дүние танымында әлем мен адам контекстінде сипатталған.
Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақырып, рухты оятып, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисимллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылып, тәуелсіздігімізбен бірге насихаттала бастады. Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор.
Миллиондаған қазақстандық жастардың өз өмірін өзгертуі, саламаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында ислам құндылықтарымен байланыстыруы исламның қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.
Ғани Қуанышев,
Боралдай ауылдық округінің әкімі