Qoǵam
Құқық бұзушылық деңгейі қайтсе төмендейді?
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, салалық орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері, құқық қорғау, мемлекеттік кірістер органдары мекемелер мен ұйымдар басшылары, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен «ҚазАвтожол» АҚ облыстық филиалы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, аудандағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстық ахуал туралы баяндама жасау үшін сөзді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкеновке берді. Мергенбай Бірлікұлы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының үстіміздегі жылдың сегіз айындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмысына жан-жақты тоқталды.
Баяндамаға қарағанда былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда аудан аумағында жалпы қылмыстың саны 12,8 пайызға кеміген, 156-дан 136 дерекке азайған, қылмыстың ашылу деңгейі 14,8 пайызға жақсарған, 51,2-ден 60 дерекке артқан. Қылмыс түрлерінен зорлау 50 пайызға, алаяқтық 41,7 пайызға, бұзақылық азайған. Қазақстан Республикасы ІІМ 2018-2020 жылдарға арналған бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-қимыл туралы бағдарламасына сай Жамбыл облысы полиция департаменті мен ауданның полиция бөлімі қызметкерлерінің нақты іс-шаралар жүргізу нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 27,3 пайызға, яғни 88-ден 64 дерекке төмендеген. Ашылу деңгейі 8,2 пайызға жақсарған. Соның ішінде мал ұрлығы 52,4 пайызға төмендеген, ашылу деңгейі 47 пайызға жақсарған. Пәтер ұрлығы 5,3 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 62,9 пайызға төмендеген.
Баяндамашы сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың 35,2 пайызға, көшелерде қылмыс жасау 38,1 пайызға, яғни 21-ден 13 дерекке азайғанын атап өтті. Көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторларының, ювеналдық полиция тобының қызметкерлерінің күндізгі және түнгі мезгілде көшелерде автопатрульдеуі, жаяу патрульдеуі атқарылуда. Оған қоса аудан аумағында жыл басынан бері 39 жедел-профилактикалық іс-шара, соның ішінде «Автобус», «Борышкер», «Сексеуіл», «Қару», «Учаске» және т.т. өткізілген. Қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша жеке құрам қоғамдық орындар мен көшелерде, әсіресе халық көп шоғырланатын жерлерде, автобекет аймағында, орталық базарда алкогольдік ішімдіктер ішу, тыныштық бұзу, абаттандыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 1195 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылған.
– Сонымен қатар барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың жұмыла әрекет етуінің нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 50 пайызға азайған, яғни былтырғы жылдың осы кезеңінде төрт қылмыс жасалса, биыл екі қылмыс тіркелген. соңғы жылдары жасөспірімдер қылмысының санын азайтуға қол жеткізілген. Қайта қылмыс жасауға жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Жолдарда тәртіп орнату полицияның тиімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Дегенмен өңірде, әсіресе, республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғалары, онда жарақаттанғандар мен қайтыс болғандар саны азаймай отыр. Ереже бұзудың басым бөлігі аудан орталығында орнатылған бейнебақылау қондырғыларының көмегімен анықталған, – деді АПБ бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов.
Баяндамадан кейін сөз алған Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев ауылдағы қолдан арақ жасап, сатып, пайда тауып жүргендердің адамдардың денсаулығын улап жатқанын, оларға тосқауыл қоятын кез жеткенін айтса, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов экологиялық полиция инспекторының салғырттығынан Қарасаз ауылының тұсындағы Теріс өзенінен шағалтас пен құм алынудың тыйылмай отырғанын, соның салдарынан өзен жағасының опырылып бара жатқанын, бұл жазда осында демалуға келетін адамдарға қолайсыздық туғызып отырғанына қынжылыс білдіріп, оған тиісті шара қолдануды сұрады. Бұл ретте аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары арасында байланыс жоқтығын сынға ала отырып, «егер байланыс болса, мұндай жағдайлар орын алмас еді» деді.
Аудандық жол қауіпсіздігі комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының аудан аумағындағы өтетін тұсының үш жерінде бетон жамылғысының отырғанын айтып, жауапты мекеме «ҚазАвтожол» АҚ облыстық филиалының бас инженері Дәурен Төртаевтан бұған нендей шара қолданылатынын сұраса, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай осы жолдың Күйік асуының алдындағы тұсында кері бұрылыс жолағының ұзын тіркемелі жүк көліктері үшін тар болатынын, соның салдарынан осы тұста жеңіл көліктердің ұзын тіркемелі жүк көлікке соқтыққан бірнеше оқиғаның орын алғанын айта келе, мұнда тағы бір қосымша жолақ салу қажеттігін еске салды.
Нарбай Әбілқасымұлы ауданның бас полицейіне аудан бюджетінен бөлінген қаражатқа орнатылған бейнебақылау қондырғыларының тиімділігін арттыру, борышкерлерден берешек өндіруді дұрыс жолға қою қажеттігін айтып, комиссия отырысын қорытты.
Комиссия отырысында тиісті қаулы қабылданды.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»