Qoǵam
Психологиялық орталық ашылды
Кеше аудан орталығындағы Нұрай Плаза бизнес орталығынан Отбасылық психологиялық орталық ашылды. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында ашылған орталықта бес ай халыққа тегін қызмет көрсетілетін болады.
Орталықтың ашылуына “Жуалы демеу” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшелері, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы аудандық кеңес беру орталығының мүшелері, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінің маманы, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі және тағы да басқа мамандар қатысты.
Орталықтың мақсаты – әрбір отбасындағы болып жатқан дағдарыстық жағдайдың, ажырасудың, кикілжіңдер мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Адамдардың психикалық денсаулығын нығайту, психологиялық кеңестер беру, адамдарға өзін табуға, қарым-қатынасты түзеуге бағыт-бағдар беруді мақсат еткен орталықтың жұмысын арнайы білімі бар, тәжірибелі психолог Зейнеп Дәуренова жүргізеді.
Зейнеп Әбдімәжитқызы орталықтың ашылу себептеріне тоқталды.
-Бүгінгі қоғамда психологтардың көмегіне жүгінетін адамдар өте көп. Адамдар өздерін айналасына барлығы жақсы етіп көрсеткісі келгенімен, іштей проблемалары көп болады. Яғни, олар ішкі проблемаларын айналасынан жасырады. Психолог адамның ішкі жандүниесін емдейді.
Әлемде дамыған мемлекеттерде халыққа ең қажетті мамандық иелері – олар психологтар мен заңгерлер. Яғни, әр отбасының жеке психологы, заңгері бар.
Өзін-өзі тану бұл – өте күрделі мәселе. Ішкі үйлесімділікті дамыту, сана сезімді өзгерту арқылы адам барлық тығырықтан шығуға болады. Орталықта адамның өз-өзін дамытудың түрлі әдіс-тәсілдері үйретіледі.
Біз уатсаб желісінде “Психологиялық кеңес береді” деген тақырыпта чат аштық. Чатта адамдар ішкі қорқыныштарын, бала тәрбиесі туралы мәселелерімен бөлісуде. Одан бөлек фейсбук, инстаграм парақшалары арқылы да кеңес беретін боламыз.
Орталық аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында ашылып отыр,- дей келіп психолог тренингтер өткізіп, қатысушылармен ой бөлісті.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінің маманы Жәмила Калимбетова орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, орталықтың тарапынан жалғызбасты қарияларға да психологиялық көмектер көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
Сонымен бірге, қатысушылар орталықтың жұмыс істеу уақыты аяқталған соң әрі қарай да ауданда жүйелі түрде жұмыс істейтін психологиялық орталық ашылса деген ұсыныстарын ортаға салды.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»