Qoǵam
Киелі қара шаңырақтың иесі
«Қара шаңырақ!
Сенен асқан кие жоқ,
Атам кетіп, әкем қалған ие боп.
Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ», – деп жас ақын Серік Сейітман жырға қосқандай, «қара шаңырақ» – ұғымы халқымыз үшін қадірлі, қастерлі әрі қасиетті ұғым болып саналады. Бір ұядан өсіп-өнгендер, бала күнде тай-құлындай тебісіп, сол шаңырақта бас қосқан сәтте қызықты естеліктерімен, оқиғаларымен бөлісіп, мәз-мейрам болысады. Балғын балалық шақтың дәмін татқан, ата-ананың аялы, ыстық алақандарын сезініп өскен әрбір баланың туған жерге деген құрметінің ерекше ыстық болатыны белгілі. Ал қазіргі таңда қара шаңырақты қастерлеп, шаң жуытпай ұстап қалған ер азаматтар санаулы.Осы орайда қара шаңырақтың қасиетін танытып отырған ауданға қарасты Күреңбел ауылындағы көпке үлгілі жанұялардың бірі – Солтыбаевтар әулеті. Отағасы Саябек Солтыбаев 1958 жылы осы ауылда дүниеге келген. Әкесі Бейсенбек Солтыбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, сондай-ақ соғыстан ауылға аман-есен оралған соң колхозда есепші болып жұмыс істеген. Ал, анасы Ұлық Солтыбаева бала тәрбиесімен айналысқан.
– «Тәрбие басы – талбесік» демекші, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Жастайынан балаларыма «адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар!» деп үнемі әкелік ақылымды айтып отырамын. Шығыстың ғұлама ғалымы Жүсіп Баласағұнның «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген сөзін үнемі назарда ұстаймын. Ал, қазір мен балаларыммен мақтанамын! Себебі, осы уақытқа дейін ешқайсысы мені ренжіткен жоқ. Ешкім менің алдыма балаларымды жамандап келген емес. Мұны мен еңбегімнің зая кетпегені деп түсінемін. Балаларымның бәрі дерлік өз істерін жақсы білетін, әр саланың білікті мамандары.
Ал, жұбайым Әминаның мінезі жұмсақ. Бір үйде бір адам қатал болса жеткілікті сияқты, – дейді Саябек Бейсенбекұлы. Ол өмірлік жарымен қалай шаңырақ көтергендерін де әңгімелеп берді.
«Балам – менің жаным, баламның баласы балым» демекші, ата-анасы бүгінде сегіз немерені аялап, қуанып отыр.
Ауылда тұрған соң белгілі бір кәсіп көзін тауып, шаруашылықпен айналыспай болмайды. Қазіргі таңда бұл отбасы халқымыздың ежелден ата кәсібі болған мал шаруашылығымен айналысады. Отыз сиыр сауып, сүтті күнделікті аудан орталығындағы ірімшік зауытына өткізеді. Жеті адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруа азамат тағы да мал басын көбейтіп, кәсібін одан әрі дамытып кеңейтсек деген ниетте.
Тамырын тереңге жайып, мәуелі шаңыраққа айналған отбасының отанасы Әмина Солтыбаева ұзақ жылдан бері Күреңбел ауылдық кітапханасының кітапханашысы болып қызмет атқарады. Үй тірлігіне де, жұмысқа да үлгеріп жүрген отанасы жолдасы екеуі бүгінде екі ұл, бес қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. Бұл отбасында тәрбиеленген ұл мен қыз өмірден өз орындарын тапқан, сондай-ақ барлығы жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған. Ата-аналық парыздарын толық өткерген десек, артық айтпаған болармыз. Бауыр еті балаңның үлкен азамат болып, әр саланың білікті мамандары болып, биік шыңдарды бағындырып жатса, ата-ананың үлкен қуанышы әрі бақыты емес пе?! «Бұл өмірден не пайда, асырап баққан ұл-қызың, қарызыңды өтеп бермесе» деген өлең жолдары осындайда еріксіз ойға оралады.
Сондай-ақ, отағасы Саябек Солтыбаевтың еңбекқорлығын да айта кеткен жөн. Неге десеңіз, ол адал еңбегінің арқасында қазіргі таңда кәсібінің нәсібін көріп, ата кәсіпті дамытып отыр. Мал шаруашылығымен қоса, егін шаруашылығын да қатар алып жүр.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, Қазақ елінің қара шаңырағына уық боп қадалған әрбір отбасының болашағының жарқын болары сөзсіз. Сүттей ұйыған, татулық пен ынтымақты ту еткен тәубешіл халқымыздың әрбір шаңырағында құт-береке болып, көкіректі мақтаныш сезім кернейтін жанұялардың көп болуы нұр үстіне нұр болмақ.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»