Qoǵam

Жұдырықтай жұмылып, бірліктің үлгісін көрсетті

Адам барында бағалай білмейтін екі құндылық бар екен. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Шыны керек, көбіміз денсаулықтың қадірін біле бермейміз.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, денсаулықты барында бағалай білмеген адамдар басына дерт салмақ салғанда ғана денсаулықтың, өмірдің құнын ұғынады. Сондықтан әуел бастан бардың бағасын білудің маңызы зор.

Денсаулық – адам өмірінің тірегі. Онсыз емін-еркін өмір сүре алмайсың. Денсаулығы сыр берген адамның шаттанып күліп, қуанып өмір сүре алмасы анық. Ата-анамыздың әрдайым өзімізді күтіп жүру керек екенін ескертіп отыруы да олар өткерген өмір тәжірибесінен денсаулықтың баға жетпес құнын білгендіктен, өз басынан өткенді тұшынып, түйсіне білгендіктен болар. Ал жастардың жастықтың отымен жүріп ыстық-суықты елемей, артынан дерт жабыстыратыны да біздің денсаулықтың қадірін барынша ұғына алмағанымыздан деп білемін.
Жаһанды дендеп бара жатқан коронавирус індеті және одан сақтану жолдары туралы Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен аз-кем сұхбаттасқан едік. Өз ой-пікірімен бөліскен зейнеткер Зухра Керімбекқызы былай дейді:
-Бұл індеттің басталғанына да бір жылдың жүзі болды. Адам өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі – денсаулық екен. Бізді ештеңе мазаламай, еш жеріміз ауырмай тұрғанда маңызды шаруалармен айналысуға дайынбыз. Ал ауру келсе, ештеңеге зауқымыз соқпайды, өмірдің мәні кеткендей болады. Шынында, денсаулығымыз жақсы болғанда, мұның ешбірін ойламаймыз. Ал қалай ауру келеді, бар шаруа шетке ысырылып, денсаулық ең бірінші орынға шығады. «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде» деген халқымыз. Бұл ауру қаншама адамды әуре-сарсаңға түсірді. Ет жақынымыздың, ағайынның, туған-туыстың қадірін түсіндірді. Ең бастысы өмірде денсаулықтан құнды дүние жоқ екенін ұғындық.
Дәстүрге сай ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін жыл сайын мектептің жанына киіз үй тігіп, көше-көше болып дүркіретіп тойлайтын. Ал, мына індет әлемде жайлағалы бері мерекені өткен жылдан бастап әркім өзінің және жақынының амандығы мен денсаулығын ойлап, өз шаңырақтарында отбасымен бірге тойлауда. Бұл да қазіргі таңда дұрыс шешім шығар. Алайда, әлі де талай жақсы күндерімізді көпшілікпен бірге өткізетінімізге сеніміміз мол.
Аты жаман індет басталғалы біздің ауылда да тұрғындар бір-біріне жанашырлық танытып, көптеген қайырылымдық шараларын ұйымдастыруда. Мәселен, ауылда медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін көпшілік жұдырықтай жұмылып, ауыл тігіншілері тегін медициналық бетперделер тікті.
Індеттің нағыз күшіне мінген шағы – шілде айының кезінде ауылдағы кәсіпкерлер, жеке шаруа қожалық басшылары күнкөріс деңгейі төмен отбасыларына тегін дәрі-дәрмектер алып беріп, барынша көмектерін аямады.
Әлемдік пандемия кезінде ауылдың ерікті жастары да ерледі. Төтенше жағдай жарияланған тұста еріктілердің көмегімен көпбалалы, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік қораптары үлестірілді. Сонымен бірге, еріктілер ауыл тұрғындарына тегін медициналық бетперде таратып берді. Ауылдағы жалғызілікті қариялардың шаруашылықтарына көмектесті. Ерікті жастар қаншама сауапты іс атқарып, көптеген адамдардың ақ батасын алды.
Мен өзім зейнетке шыққанша аудандық туберкулез ауруханасында мейірбике болып жұмыс істедім. Сондықтан денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде денсаулығыңды күтудің қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Өмір – қозғалыс. Таза ауада жаяу серуендесе дене шынығады, денсаулық жақсарады, денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. Аурудың алдын алу үшін адамдар құнарлы тамақтану керек.
Дана халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. Сау адамның тамақ рационында ақуыз бен майлар, көмірсу жеткілікті мөлшерде болуы шарт. Ет пен сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, табиғи әрі құнарлы тамақтарды пайдаланғанымыз абзал, – деді зейнеткер.
Денсаулық – зор байлық. Мұны барлығы жақсы біледі, тек көп адам оған мән бере бермейді. Адамның өмірге келуінде бір үлкен мақсат болса, сол мақсатты орындауы үшін, сапалы өмір сүруі үшін деннің саулығы аса маңызды. Ал дені саудың – жаны сау екені бесенеден белгілі. Дені сау болу қиын дүние емес, тек әр адам өз ағзасын күте білсе, дер кезінде көмек көрсете алса, өз өмірі үшін жауапкершілік таныта білсе болғаны.
Міне, жаһан жұртшылығын әбігерге салған осындай сын сәтте Нұрлыкент ауылының тұрғындары жұдырықша жұмылып, бірліктің үлгісін көрсете білді. Қазір де ауыл тұрғындары тыныштық пен саулықтың қадірін ұғынып, бір-біріне жәрдемдесуде.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close