Qoǵam
Жас отбасылардың келелі кездесуі
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында Бауыржан Момышұлы ауылының жастар ісі нұсқаушысы Элмира Сүйінбаеваның ұйымдастыруымен «Отбасы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі» атты жас отбасылармен кездесу өтті.
Кездесуге әртүрлі салада еңбек етіп жүрген және көпбалалы отбасылар қатысты. Шараны Э.Сүйінбаева ашып, кездесудің мақсатына тоқталды. Сонымен қатар бұл уақытқа дейін «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Инабат» қыздар клубының жетекшілігімен түрлі бағытта отбасы құндылықтарын жастар арасында насихаттау, қыз бала тәрбиесіне мән беру мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Одан кейін сөз кезегін «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Алмас Жолдасовқа берді.
– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы мәдениеті, әлеуметтік саясаттағы барлық жетістіктерінің негізі» деген сөзімен отбасының қоғамда алар орны ерекше екенін көрсетіп берді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау жөнінде бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдік саясаты қалыптасты. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытында мемлекеттік жәрдемақы түрлері жыл сайын артып, әртараптанып келе жатқанын айта кеткен жөн. Міне, мұның бәрі отбасы құндылықтарын сақтап, жанұялардың тұрмыстық жағдайының артуына орай жасалып жатқан дүниелер деп білемін. Ендеше біз де, жастар еліміздің дамуына, ауданымыздың көркеюіне өз үлесімізді қоса берейік, – деді ол өз сөзінде.
Шарада жастармен отбасы құндылықтары жайлы әңгіме өрбіту үшін сөз кезегі мекеменің «Дін істері және ақпараттық талдау» бөлімінің теолог маманы Құрбан Әбдірге берілді. Ол кездесудің ерекшелігін айта келе, бала тәрбиесі, отбасындағы сыйластық, ауызбіршілік, сүйіспеншілік туралы келелі әңгіме қозғады.
Келесі кезекте жастарды ашық әңгімеге тарту мақсатында сұрақтар қойылды. Көпбалалы Тәңірбергеновтер жанұясы бес балалы екенін айта келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көпбалалы отбасыларға аса көп көңіл бөлінгенін жеткізді. Сонымен қатар, олар мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алатындарын және жақында ғана несиелері өтелгенін айтып өтті. Ал, Мырзалиевтер отбасының отағасы Дидар жас маман ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып, баспаналы болғанын айтса, Әмірәлиевтер жанұясы жастарға биылғы жылы көп көмек жасалып жатқанын, соның ішінде кәсіп ашуға мүмкіндіктер берілгенін айта келе, жастарға әлі де бизнес сауаттылықтарын арттыру қажет екенін тілге тиек етті.
Кездесуде өзге ұлттың өкілдері Мамедовтар жанұясы өмірде де, еңбекте де бірге екенін айтып, оның жақсы жақтарымен бөліссе, Батырбековтер «Жастар жылына» орай грант ұтып алып, өз кәсіптерін ашу үстінде екенін айтты. Сөз кезегін жаңадан отау құрған Тәжімұратовтар мен Сағымбековтер жанұясы алып, олар отбасын әрі қарай сақтап қалу жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Одан кейін Сәдірмековтердің отанасы аудан бойынша жер кезегінде тұрған жастардың қатары көп екенін көпшілікке жеткізді.
Келесі кездесуді «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Алмас Жолдасов қорытындылап, шараға қатысқан жас отбасыларды Алғысхатпен марапаттады.
Айгүл Аманқұл,
«Жаңа өмір»