Qoǵam
Тәуелсіздік – қайсар рухтың жемісі
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіретті де қасиеті тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы құлағымызға қаншама ызғарлы естілсе де жанымызға нұр сеуіп, жүрегімізге жігер құйды. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған ел тарихындағы сол бір тарихи сәт 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға бетпе-бет келсе де, тастай берік төзімділіктің арқасында жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты.
Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық саясаттың өзі жоя алмаған тіліміз, әлемге мәшһүр биік мәдениетіміз тек қана қазақ халқының рухының күштілігімен сақталды. Қазақ халқының бір ерекшелігі ретінде ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруін айтуға болады. «Отан – отбасынан басталады» демекші, ата-бабаларымыз Отан түйінінің белін қайыстырар алапат ойды жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты.
Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық. Ата-бабаларымыз аңсаған мәңгілік мұраттарға қол жеткіздік. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Асан ЖАПАР,
№18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің қосымша білім беру педагогы