Qoǵam

ТЕРЕЗЕСІ ЖЫЛАП, ТӨБЕСІ ҚҰЛАП…

Теріс ауылында мәдениет ошағы жоқ, алайда екіқабатты ғимарат қаңырап бос тұр

Осы мәселеге қатысты ауылдың ел білетін азаматтары – аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев, Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбеков және Теріс ауылының ардагерлер ұйымының төрағасы Аташбек Әмірқұл редакцияға хат жолдаған екен. Хатта былай делінген: «Біздің Теріс ауылында егемендік алған 28 жылдың ішінде ешқандай мәдени ғимараттар салынған жоқ. Оған дәлел, Мәдениет үйінің жарамсыз болып қалуы, дәрігерлік амбулатория ескі кеңсенің астыңғы қабатында орналасуы, балабақшаның мектептің бір бөлігіне ыңғайластырылуы. Ауылда мешіт те жоқ. Ауыл азаматы Нұрсұлтан Райқұлов күрес мектебінің құрылысын жүргізуде. Мәдениет үйі мен кітапхана уақытша ауыл әкімшілігінің тар бір бөлмесіне орналасқан. Арнайы іс-шара өткізуге мүмкіндік жоқ. Ауылымызда аула клубы, өнер мектебінің филиалы жоқ».

Ауыл азаматтары, ардагерлер көп жылдан бері осы мәселені көтеріп келеді. Мәдениет үйі тозған, жөндеуге келмейді, шатыры түсіп, еден, есік-терезеден түк жоқ. Ауылдың кіреберісінде орналасқан бұрынғы «Большевик» колхозының екіқабатты ғимаратының екінші қабаты неше жылдан бері бос тұр. Тіпті қазіргі таңда ол тоналып, әбден тозығы жеткен. «Қазір екінші қабаты қараусыз. Іші тоналған, антисанитария. Есік-терезесі сынған, жылыту жүйесі ұрланған. Енді қалған едендегі ағаштарды шығарып, ұрлауда. Шатырын шығарып әкетпесіне кім кепіл?!» Ал кеңсенің бірінші қабатын колхоз тарамай тұрғанда дәрігерлік амбулатория өзіне жекешелендіріп үлгерген екен. Қазіргі таңда онда фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеп тұр. «… Бос тұрған екінші қабатын ауыл клубына алып беруді сұранғанбыз. Біз бұл тақырыпты көп жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Бірақ ешқандай шешім қабылданған жоқ»,- дейді өтініш иелері.
«Алайда, ол екіқабатты ғимаратты колхоз банкротқа ұшырағанда «Гамбург» ЖШС-ның төрағасы Егор Кох сатып алған. Енді ол ғимаратты сатамын деп, қомақты қаржы сұрап отыр», делінген хатта.
«Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» деген қағидамен хатта көрсетілген мәселелерді көріп, танысуға Теріс ауылына аттандық.
Көкбастау ауылдық округіне қарасты төрт елді мекен болса, орталығы Теріс ауылы болып табылады. Мұндағы 150 отбасында бір мыңға жуық жан тұрады. «Ауылда 1989-1994 жылдары Теріс ауылында музыка мектебінің филиалы жұмыс істеген (мұғалімдер А.Әмірқұл және Д.Нұрова). Сол кезде осы мектепте оқыған көптеген азаматтар аудан, облыс, республика көлемінде жұмыс істеуде. Солардың бірі – Мәлік Мықтыбеков – аудандық «Достық» мәдениет үйінің әнші, термешісі, А.Марайымова – Шымкент қаласындағы музыка мектебінің директоры, Ғ.Оспанов- Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының актері және басқалар»,- делінген хатта.
№16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің бір бөлігінде «Жаңа Теріс» бөбекжай-балабақшасы орналасқан. Ал ауылдық округ әкімдігінің бірінші қабатында учаскелік полиция инспекторы және селолық почта байланысы бөлімшесі орналасса, екінші қабатында әкімшіліктің мәжіліс залында ауылдық кітапхана мен клуб орналасқан. Ауылда жиын өткізілетін болса, «барлығымыз ағылып мектептің залын сұраймыз»,- дейді ауыл тұрғындары.
Сондай-ақ, «Большевик» колхозы кезінде бірқабатты соғып бастаған моншаны аукционнан ауыл тұрғыны, №13 спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрсұлтан Райқұлов есімді азамат сатып алып, екінші қабатын көтеріп, күрес мектебін ашуды жоспарлап отыр екен.
-Бірінші қабатта спортпен айналысатындар үшін душ, жаттығу залы, шешінетін, жуынатын және демалатын бөлмелері болады, ал екінші қабаты толығымен күрес-дзюдо залы болады деп жоспарлап отырмын. Ғимараттың құрылысы біткеннен кейін оны аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің балансына өткіземін, маған жалдау ақысын төлесе, жаттықтырушылардың жалақысын шығарып отырамыз,- деп Нұрсұлтан Райқұлов жоспарымен бөлісті.
Сонымен, «Большевик» колхозы тарағаннан кейін ауыл тұрғыны Әділхан Мықтыбеков ЖШС-ны құрып, әрі қарай жүргізе алмай, банкрот жариялаған. Сол кезде колхоздың балансында тұрған жерден басқа барлық мүлік: техника, ғимараттар, қора-жай, қора-қопсы, соның ішіндегі ауыл азаматтары, ардагерлер мен оқушылар еккен терек тұқымбағына дейін «Гамбург» ЖШС-ның басшысы Егор Кохтың иелігіне өткізіп жіберген. Сол кезде ол қанша ақша болды? Колхозды таратқандардың нендей кәдесіне жарады екен?
Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері 28 жыл өткеннен кейін осы мәселені көтерген ауыл азаматтары, көптеген сұрақтарға жауап іздей бастады, бірақ ештеңені өзгерте алмай, шеше алмай, қынжылуда.
-Егор Кох қирап, тоналып біткен ғимаратты көрген де жоқ, ол тек өкілдерін жіберіп отыр, қираған ғимарат үшін көп ақша сұрамай-ақ, бере салатын жөні бар ғой!- дейді олар.
«Түнде Теріс ауылында жастар бос жүреді, олардың баратын мәдени орны жоқ. Үйден дұрыс қадағалау болмаған жағдайда, жағымсыз топтарға қосылып кетуі мүмкін. Ауыл мәдениетін көтеруге кім көмектеседі?»-деп хат аяқталған.
-Биылғы жылы ауыл ардагері Болатбек Қайыпбеков, ауыл әкімі Ержан Серкебаев аудан әкімі Нарбай Ергебековке, басқа да билік басында отырғандардан бұрынғы колхоздың екіқабатты кеңсесін алуға көмек сұраған екен, бірақ әлі жауап та, ешқандай өзгеріс те жоқ,- дейді ауыл азаматтары.
Бізде ол ғимараттың бүгінгі жағдайын көріп қайттық. Әрине, онда ауылдық клуб пен кітапханадан басқа аула клубын, өнер мектебін ашса да, әбден болады. Мысалы, жергілікті қауымдастық пен ауыл ардагерлерінің жиналатын орны да табылар еді.
Алайда, барлық мәселенің шешімі енді Егор Кохтың еншісінде. Жомарттық жасап, ғимаратты халыққа қайтарып бере салса, құба-құп болар еді. Елдің сауабын, батасын алу – абзал.

Гүлмира МАХАНБЕТҚЫЗЫ.
Суреттер автордікі,
«Жаңа өмір»
Р.S. Осы мақала жазылып жатқанда «Гамбург» ЖШС-ның басшысы Егор Егорович Кохпен тендермен ұтып алған екіқабатты ғимарат жайлы сөйлесуге мүмкіндік туды. Ол өз сөзінде былай деді: «Бұл мәселе бойынша мен аудан әкімі Нарбай Ергебековпен және Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаевпен де сөйлескенмін. Мен барлығына ол ғимаратты сатамын деп айтқанмын, бағасын да жарияладым. Ондай ғимаратты салу үшін 25-30 миллион теңге керек, ал мен бар болғаны 5 миллион теңге сұрап отырмын. Ал, ғимараттың тозығын жеткізген, сондай халге келтірген – ауыл тұрғындары. 30 мәрте терезелерін салып, есігін жөндеттім. Бір жыл аралығында ауылдың жастары жалға алып, спорттық үйірмелер ашып, жаттығу жасаған. Мен қуанып едім, ал олар бәрін талқандап кетті. Болмағаннан кейін екінші қабатына есік орнатып, оны бекітіп тастадым. Оған қарамастан тонап жатыр. Бірақ оған кім кінәлі? Әрине, бөтен ешкім келген жоқ, бәрін өздері тындырып жатыр.
Терек егілген тұқымбақ та біздің қарауымызбен сақталып тұр, осы уақытқа дейін ағаштарды кесіп, талқандап тастайтын еді. Сондықтан ғимарат сатып алынса, мен қарсы емеспін».

Таңдаулы материалдар

Close