Qoǵam

КЕШЕ ЕРТЕ БОЛАДЫ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ …

билікөлдіктер аймақтағы өткір проблемалардың шешімін бүгін күтеді

Аудан орталығынан жырақта орналасқан Билікөл ауылдық округі жер көлемі жөнінен аудандағы ең ірі ауылдық аймақ болып есептеледі. Өйткені, өңірдегі бүкіл жайылымдық алқаптардың үштен бірі қиыр терістікті тұтас алып жатқан осы округтің еншісінде.
Билікөл ауылдық округіне қарайтын Қарабастау, Әбдіқадір, Дарбаза және Жылыбұлақ ауылдарындағы 315 аулада 1 640 халық тұрады. Тұрғындардың этникалық құрамын алты ұлттың өкілі құрайды. Орталығы – Қарабастау ауылы аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан.
Округке тиесілі барлық жер көлемі 51,915 мың гектар, соның ішінде егістік 4,270 гектар, шабындық 2,522 гектар, қалғаны – жайылымдық жер.
Ауылдық округтің орталық бөлігінде Билікөл су айдыны көсіліп жатыр. Берікқара шатқалында «Тау самалы» балалар жазғы сауықтыру лагері мен «Берікқара» демалыс кешені орналасқан.
Берікқара аумағы тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай. Өзеннің қос жағалауында биіктігі әртүрлі төрт жүзден астам оба кездеседі. Олардың барлығы мемлекет қамқорлығына алынған. Билікөл қазаншұңқырының сұр топырағында жусан, сораң өсімдіктер, Аса өзенінің аңғарында ши өседі. Жабайы жануарлардан қарақұйрық, жабайы шошқа, шиебөрі, сарышұнақ, қоян, т.б. кездеседі. Құстардан қырғауыл, ителгі, бозторғай, сарыторғай, шымшық, ұзақ торғай, кекілік мекен етеді. Билікөлде сазан, жайын ауланады.
Билікөл өңірінде әйгілі «Әулиебұлақ» орналасқан. Суында минералдық заттар мол, әрі шипалы, емдік қасиеті бар осы бастауға әр өңірден келетін халықтың қарасы көп.
Округте 101 шаруа қожалығы, 5 жеке кәсіпкер тіркелген, кәсіпкерлік саласында 109 адам жұмыспен қамтылған. Бір орта мектеп, бір негізгі және бір бастауыш мектеп, кітапхана, бір дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік пункт, почта байланысы бөлімшесі жұмыс істейді.
Әкімдік аппараты тұрмысы төмен отбасыларды, жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыруда. Жұмыссыз ретінде тіркелген 11 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған. 18 жасқа дейінгі балалары бар 27 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніп, жәрдемақы төленген. Төрт кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» оқыту курсына қатысып, екеуі қомақты несиеге қол жеткізсе, тағы екі жас «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа тартылған.
Жер жағдайына қарай аймақта негізінен мал шаруашылығына басымдық берілген, шаруалар мал басын көбейтіп, оның өнімдерін сатумен шұғылданады. Ақ егісті тек екі шаруа қожалығы салады. Мал баққан ағайын «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуда. Соның арқасында ірі қара мал 1847 басқа, жылқы 2398, қой-ешкі 42 147 басқа жетіп отыр.
Қаратаудың үстінде көсіліп жатқан Көсегенің көк жонында бұйра жусан мен көк жусан, астық тұқымдас өсімдіктер, боз, селеу, басқа да түрлі шөптер, киікоты, жалбыз, мыңжылдық, бидайық аралас өсімдіктер өседі. Ал бергі етектегі Билікөлде мал азығы қоры жоқ деуге болады. Арпа-бидай егілмейді. Ал екі шаруа қожалығы егетін 350 гектар бидайды ұжымдағы адамдарға береді. Тастақ жерге бітетін ажырық, қара өлең секілді шөптердің малға құнары аз, жұғымсыз, жаздың шілдесінде күйіп кетеді, малдың қоңын көтере алмайды. Қысы жайлы болғандықтан, мал қыстай жайылады. Шаруалардың дені мал азығын сырттан дайындайды. Жоңышқаны, басқа да шөптерді аудан орталығынан немесе іргедегі Асадан сатып алады.

Кооператив қозғалысы
неге жанданбады?
Өткен ғасырдың ортасында аймақта түйе шаруашылығын дамыту жоспарланған екен. Алайда, Ойсылқара түлігі мұнда жерсінбеген соң, іле-шала биязы жүнді меринос қойын өсіру қолға алынған. Кеңес Одағы тарағанға дейін кеңшар осы атакәсіпті дамытқан.
Өңірде бүгінде кооператив ісін алға бастыру басты мәселе болып отыр. Дер кезінде тиісті қолдау болмағандықтан, ірі қара мал өсіру бағытында құрылған екі АШӨК-нің екеуі де жабылып қалған. Ауыл әкімі Ғайни Сапарбековтің айтуына қарағанда, шаруалар жұмысты әрі қарай жүргізетін қажетті қаражатқа қол жеткізе алмаған. Кооперативті заңдастыру үшін әр қожалықтан 13 мың теңгеден жарна жиналған. «Енді қазір 44 шаруа барған жерімде тоқтатып қойып, төлеген ақшасын сұрайды. Ауыл шаруашылығы министрі Шөкеев келіп, «енді кооперативтер болмайды, жабамыз» деді. Содан шаруалар әрі шапқылады, бері шапқылады, ештеңе өндіре алмады. Жұмыс істеп тұрғаннан кейін салық басқармасынан мамандар келіп, айыппұл салды. Несін айтасыз, бес-алты айда жабуға тура келді. Сөйтіп, жұмыс әріге бармады. Енді міне, аудан әкімдігіндегі аппараттық жиын сайын «Билікөлдегі кооператив қайда, неге жұмыс істемейді?» деп осы мәселені қайта көтеріп жатыр. Сол істі ұйымдастырып, басы-қасында жүргеннен кейін біздің енді шаруаларға қарайтын бетіміз қалмады» дейді ауыл әкімі.

Талпынған құмда
қарбыз өсіреді …
Тым алысқа бармай-ақ, күні кеше кеңес заманында Билікөлдің құмында қарбыз өскен, онымен бүкіл аудан тұрғындарын қамтамасыз еткен дегенге бүгін ешкім сенбес еді. Алайда, бұл шындық. Кеңшар Аса өзенінің сағасындағы құмда қарбыз өсірген.
Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов өңірде осы қарбыз өсіру ісін қайта қолға алуды ұсынады. Алайда, оған қарсы сылтау айтушылар да көп. «Оған су жоқ» дейді. Аса өзенінің арнасы жаз айларында қаңсып кеуіп жатады. Еңсебек Әбсалямовтың айтуына қарағанда, Ақой деген жерде біраз суғармалы жерлер бар. Дегенмен, талап болса, неге қарбызды қайта өсірмеске? Өтімтал дақыл талайлардың табыс көзіне айналар еді.

Ауыл көркі –
баршаға сын
Ауылдық округ орталығы – Қарабастау ауылының кіреберісінде бұрынғы кеңшардың көзі іспеттес қаңырап бос тұрған екі ғимарат бар. Оның бірі шатыры шұрқ-тесік ойылған, жартылай бұзылған үй-жай, ал екіншісі шаруашылық базасы. Жылдар бойы тиісті күтімнің болмауынан сыртындағы тас қоршауы әр тұсынан опырылып құлаған. Екеуі де көзге қораш көрініп тұрған құрылысты кәдеге жарату, не бұзып алып тастау ешкімнің ойына кірмейді. Ауыл әкімі Ғайни Сапарбеков «бөлек тұрған үй-жайды жақында жөндеп, шатырын ауыстырып, ветеринариялық пункт етіп қайта ашамыз. Қазір құжаттарын дайындап жатырмыз. Ал бұрынғы кеңшар базасының тас қоршауларын бұзып, орнын тегістеп, тастарын ауыл сыртынан желден қорғайтын дуал тұрғызуға пайдаланамыз» деп отыр.
Тас дуал деген табылған идея екен. Осындай тұтас дуал тұрғызылса, бұл өңірде бір тұрғанда апталап соғатын Берікқараның алапат дауылынан жақсы қорғаныс болар еді.
Округ орталығы Қарабастау ауылында ауыз су құбыры жоқ. Дарбаза, Жылыбұлақ ауылдарына ауыз су құбыры тартылғанда, ол Қарабастау ауылының орталық көшесі арқылы өткен. Алайда, сол кезде ауылға су кіргізіп алу ешкімнің ойына келмеген. Әбдіқадір ауылында да жағдай тап осындай, тұрғындар таза ауыз суға зар. Оған қоса, ауылды суландырып тұрған Берікқара шатқалындағы бөгет бірнеше жыл бұрын бұзылып, арық суына да жете алмай қалған жайы бар. Бұл бөгетті ауыл түлегі, «Берікқара» демалыс кешенінің директоры, кәсіпкер Ерғали Миразов өз қаражатына жөндеп беремін деп уәде беріп отыр.
Бүгінде Қарабастау, Дарбаза, Әбдіқадір ауылдарында жаңадан салынған үйлер жоқтың қасы. Көшелердің бойында жөнделген, әрленген үйлер тек ілуде біреу ғана ұшырасады. Дені, негізінен, ескірген, қабырғасы мен іргетасының сылақтары түсіп, тозған үйлер. Ал Жылыбұлақта жағдай бұған қарағанда біршама тәуір. Тұрғындардың тұрмыс ахуалы жақсы, ауыл бірнеше жылдан бері сапалы ауыз су ішіп отыр. Жақында ғана бір көшеге асфальт жол салынды. Бірнеше үй әрленіп, соңғы үлгімен тұрғызылған бір үй ауыл көркіне сән беріп тұр.
Тұңғыш Президент-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастарды туған жерде қалып, оны көркейтуге бар ықыласпен, інкәрлікпен атсалысу қажеттігі айтылған. Алайда, жастардың ауылда қалып, кәсіп ашуға құлқы жоқ, себебі, қолдау жоқ. Ауданның басқа өңірлері секілді бүгінде мұнда да урбандану үдерісі белең алып тұр. Жастардың туған ауылды түлетуге құлықты болмауының тағы бір себебі, қоңырқай тұрмыс, жүдеу тіршілік, жұмыстың жоқтығы.
Ауылдық округтің ауылдары аудан орталығымен бір қоғамдық жолаушылар көлігімен қамтылған. Ауыл азаматы, жеке кәсіпкер шағын автобуспен тұрғындарды орталыққа күніне бір мәрте апарып, әкеледі. Дегенмен, жекеменшік адам таситындар қызметін де пайдаланатындар бар.
Билікөл өңірінде байланыс қызметі ешқандай сын көтермейді. Сымсыз телефон мен интернет желісі тек ауыл әкімдігінде ғана, ал ұялы байланыс операторларынан тек «Билайн» ғана қызмет көрсетеді. Оның өзі барлық жерде бірдей ұстамайды. Соның салдарынан цифрлық ақпараттық технологияның қажетті салаларға дер кезінде енгізілмей, уақыт көшінен кенжелеп қалу қаупі бар. Бұл да атқарушы биліктің жұмыстанатын шаруасы
Жиын сайын көтерілетін өткір проблеманың бірі – көгілдір отынның жоқтығы. Қарабастау ауылының іргесінен, таяқ тастам жерден магистралдық газ құбыры өтіп жатса да, ауылдарда газ жоқ. Оны айтса, биліктің қырық сылтауы дайын тұрады. Әзірге сөздері құрғақ уәдеден әріге аспай тұр. Ауданның таулы өңіріне газ құбыры тартылып жатқанда, Билікөл өңірі бұдан тағы да қалыс қалып отыр. «Бүйтіп, қашанғы орталыққа қарап, жетім баладай жаутаңдай береміз?» дейді ауыл тұрғындары.
Ауыл басшылығында да, тұрғындарда да ауылдық округті жер шалғайлығынан Жуалы ауданынан бөліп, іргеде тұрған Жамбыл ауданына қосу туралы пікір бұрыннан бар. Ауыртпалық қысып, тұрмыс игіліктері ауылға жетпей жатқанда, осындай алабөтен ойлар әр санада қылаң беріп қалып отырады.
Билікөлдің басынан бақ таймасын …
Билікөл көлі туралы көп айтуға да, жазуға да болады. Бақасы қозыдай шулаған, сазаны тайдай тулаған көлде күні кешеге дейін алуан балық мекен еткен. Жағалауда балықшылар қалашығы қоныс теуіп, ауланған балықтар еліміздің түрлі аймақтарына жеткізіліп отырған. Алайда, 1980-жылдары облыс орталығындағы химиялық кәсіпорындардың сарқынды сулары көлге құйылып, салдарынан мұнда зиянды заттар қоспасы деңгейі көтерілген. Бұрындары көлде 30 түрлі балық мекендесе, бүгінде тек саусақпен санарлық қана түрі қалыпты. Көл жүйелі тазаланбағандықтан да, жағалауымен түбін батпақ пен балдыр басып кеткен.
Экологтар батпақты жерлермен күресу үшін көлге балдырлармен қоректенетін дөңмаңдай балығын жіберуге болады деп есептейді. Дөңмаңдай су айдынының тамаша мелиораторы болады екен. Зертханалық деректер бойынша Билікөлдегі ластану индексінің коэффициенті 2015 жылы 2,83 болған. Ал, 2016 жылы 2,49, 2017 жылы 2,44-ті құраған. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша 2,11 болып отыр. «Бұл су айдынында өздігінен тазалану процесі жүріп жатқанын айғақтайды. Дегенмен, бұл процесс өте баяу жүруде. Оны жылдамдату үшін бактериялық өсімдіктерді қосу арқылы биологиялық тазарту әдісі қажет» дейді зерттеуші ғалымдар.
Бірнеше жыл бұрын көлдің ластану деңгейін, түрлерін, аймағын және түбін тазарту көлемін анықтау мақсатында ғылыми-техникалық шаралар жүргізілгенімен, биологиялық және механикалық тазарту жүргізілмеген.
Желкілдек құрақ көру – енді қиын,
Жел тұрып, үйірді бір көлді құйын.
Бишідей сахнамен қоштасатын
Билікөл билеп жатты соңғы биін …
Жамбылдық ақын Күләш Ахметованың облыстың Жуалы-Талас өңіріндегі үш су айдынына арнаған «Ақкөл, Айнакөл, Билікөл» атты өлеңінде осындай жыр жолдары бар. Лайым, Билікөлдің басынан бақ таймасын, бағзы заманғы дәуірі қайта келсін деген тілекпен қоштастық.

Р.S. «Журналист жолға шыққанда» атты бірегей жобаның аясында біз өткен жылы ауданның бірқатар ауылдық округтерін аралап, ұшқыр ойлы оқырманды сол өңірдің арғы-бергі өткенімен, қазіргі болмыс-бітімімен, табыстарымен және жетістіктерімен, жаңа жобалармен және ағайынның хал-ахуалымен таныстырып, проблемалық мәселелердің түбіне үңіліп, оған мүмкіндігінше қозғау салып көрдік. Сол сапарларымызда аймақтарда кейде уақыт талабына кереғар, тіптен парадоксті жағдайлар тым жиі ұшырасып жататынына куә болдық. Дәл осындай өзекті де өткір тақырыптарды мақаламызға арқау еттік, бұқараның билікке айтар батпандай базынасын, өкпе-назы мен өтініш-тілегін айна-қатесіз қағазға түсіріп, тиісті жерге жеткізуге тырыстық, әлі де тырыса бермекпіз.
Біз бүгін шалғай жатқан Билікөл аймағындағы ағайынның хал-ахуалы мен қам-қарекетін қолдан келгенше қаузадық. Бәлкім, қамтылмай қалған түйткілдердің әлі де бар екеніне күмәніміз жоқ. Егер де ауданның қай өңірінен болсын, алда-жалда жобаға қолұшын беремін, айтарым бар деген азамат табылып жатса, пікірін тыңдауға, ұсыныстарын ескеруге әркез дайынбыз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close