Qoǵam
Жұрт қазір екпенің тиімділігін түсінді
Бүгінде әлем елдерін шарпып, жай оғындай жылдамдықпен жылдам тараған қауіпті індеттің беті біршама қайтып, жасыл аймақтағы өңірлер қатары күн санап артып келеді. Адамдардың қалыпты тіршілікке қайта оралатын күні де алыс емес сияқты.
Біз осы ретте аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім басшысы Эльмира Қайыпбаеваға бірнеше сауал қойған едік.
– Мамандар індетпен күресте екпенің маңызды екенін айтуда. Жалпы, вакцина не үшін қажет?
– «Вирустың беті қайтты» деп арқаны кеңге салуға әлі әзір ерте. Вакцина ең алдымен күрделі эпидемиологиялық ахуалды еңсеру үшін қажет. Өзіңіз көргендей, осы індеттен қаншама адам көз жұмды. Олардың иммунитеті әлсіз болғандықтан, ауруға төтеп бере алмады. Сол үшін коронавирусқа қарсы вакцинаны шығарды. Вакцинаны алған адам ауырып қалған жағдайда, індет жеңіл өтеді және басқаларға жұқтырмайды.
– Адамдар «Вакцинациядан кейін бетперде тағуы қажет пе?» деген сауалды жиі қойып жатады. Сіз бұған не дейсіз?
-Екпеден кейін жалпы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Яғни, әлеуметтік ортада арақашықтықты сақтап, бетпердені міндетті түрде тағу қажет.
– «Вакцина індетке қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін қажет» дейді. Онда неге екпені алғаннан кейін кей адамдарда дене қызуы көтеріледі, ал кейбіреуінде мүлде еш өзгеріс болмайды?
– Иә, екпеден кейін кей адамдарда дене қызуының көтерілуі байқалады. Ол иммунитетке байланысты. Вакцина иммунитетті қалыптастыру үшін емес, ауруға қарсы тұру үшін салынады. Дене қызуының көтерілуіне байланысты айтар болсам, ол организмге байланысты.
-Ауылдық жерлерде тұратын адамдар екпені қайдан және қалай салдырады?
-Қазір сегіз ауылдық дәрігерлік амбулаторияда және аудандық орталық емханада екі екпе салу пункттері жұмыс істейді. Одан бөлек, жылжымалы екпе салу кешені бар. Олардың бәріне вакцина жеткізілген. Адамдар күніне бекітілген жоспар бойынша шақыртылып, екпе туралы мәлімет беріліп, толық тексерістен өтіп, салдыртуда.
Бүгінгі таңда аудандағы екпе салынуға жататын 23 102 адамның 27,5 пайызы вакцинамен қамтылып отыр. Түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізілуде.
Бастапқыда қорқып, үрейленген жұрт қазір екпе салдыруға жаппай келуде. Себебі, вакцинаның тиімділігін толық түсінді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»