Qoǵam

Жаңартылған білім мазмұны – заман талабы

Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында білім саласына қатысты мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Оның ішінде білім беру сапасын жақсарту, білім берудің барлық сатыларына дербес қаржыландыру тәртібін енгізу және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу, сондай- ақ мұғалімдердің жалақысын екі есеге, яғни 25 пайызға өсіру және т.б. өзекті сұрақтар мазмұны қарастырылды. Қазақстан Республикасында білім мазмұнын жаңарту оқушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Біліктілікті арттыру оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған жаңа білім беру болып табылады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Жаңа бағдарлама бойынша жаңаша көзқарас қалыптасып, білім деңгейі биікке көтерілуде. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттігі күшейіп келеді.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жергілікті білім саласында үлкен өзгерістер болды. Бүгінде білім де, ғылым да онлайн форматқа көшіп отыр. Елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты ауданда «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты орталығының ұйымдастыруымен 28 қыркүйектен 9 қазан аралығында «Қазақстан тарихы мен құқық негіздері» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсы Zoom бағдарламасы арқылы онлайн жүргізілді.
Бағдарламаның мақсаты – «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша оқу бағдарламаларын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.
Оқу нәтижесінде мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мақсаттарын, міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын біледі және түсінеді. Мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана біледі. Мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін түсінеді және қолдана біледі.
Курстың алғаш күнінен бастап, көкейімізде жүрген көп сауалдардың жауаптарын алып, жалпы білім беру мазмұнының өзгешелігімен, ерекшелігімен таныстық. Біз осы оқу барысында тарих пәнінің жаңа мазмұнда оқыту бойынша қашықтықтан Zoom платформасы арқылы бейнеконференция түрінде дәріс-тренингтер тыңдап, жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсінген жайымыз бар. Осыған сәйкес педагогикалық тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге алатын 3 құжатпен, яғни, оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен танысып, жұмыс жасадық. Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни, ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау логикалық қорытынды дағдыларын дамыту.
Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Идеал», «Бортты журнал», «Свот талдау», «Рафт әдісі» тағы басқа әдіс-тәсілдер.
Курстан өте көп жаңалық, білім алуымызға септігін тигізген тренеріміз Бибі Ысқақоваға алғысымыз шексіз. Жаттықтырушымыз бізге өте әділ, мейірімді, білімді, алғыр басшы болды. Алдыңғы білімді өткен біліммен салыстыра, ұштастыра отырып, түсінбегенімізді қайта түсіндіріп, әр тыңдаушының санасына жеткізе білді. Курс аясында білімімізді одан әрі шыңдай түсіп, әр сабақ тартымды, қызықты өтті.

Сарбина ҮСЕНҚҰЛОВА,
№29 орта мектептің
тарих пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close