Qoǵam

Білім саласында цифрлық сауаттылықты арттыру қажет

Кеше аудан әкімдігінің жанынан құрылған сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшелері Көкбастау ауылдық округінде болып, онда №30 Көктөбе орта мектебінде кездесу өткізді. Бұл жолғы кездесу ауданның білім беру саласына арналып, жиынға Көктөбе орта мектебінің мұғалімдерімен қоса, Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептен де ұстаздар шақырылды.

Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы Жуалы ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Салтанат Қауқаева қатысып, аталған салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, цифрлық сауаттылықты арттыру, ата-аналардан құжаттар қабылдағанда заңсыздықтарға жол бермеу, тағы басқа мәселелерге баса назар аударды.
-Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер мен бетбұрыстар жасалды. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылғаны баршаңызға белгілі.
Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясында бұл жайында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші»,- деп атап өтілген. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет.
Осы мақсатта мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, оның игілігі халық бағытталып отыр.
Мысал келтіретін болсақ, әзірленген стандарттардың 34-і білім саласында көрсетіледі. Яғни қызметтер Қазақстан Республикасының білім және ғылым министірлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жауапты бөлімдері тарапынан көрсетіледі.
Осы білім саласындағы көрсетілетін 34 қызметтің ішінде 16 қызмет аудандық білім бөлімі тарапынан көрсетілсе, 7-і мектеп тарапынан, 3-і мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелер тарапынан, 2-і қосымша білім беру мекемелері тарапынан және 2-і психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті арқылы көрсетіледі.
Жалпы білім бөлімі мен бөлімге қарасты мекемелермен көрсетілетін қызметтердің 5-і электронды түрде, 11-і электронды және қағаз түрінде және 6-ы қағаз түрінде көрсетіледі. Электронды форматта көрсетілетін қызметтерді смартфон телефондары арқылы алуға болады. Телефондарыңызға электрондық үкіметтің Egov.kz жүйесін орнатып алып Egov.kz жүйесі арқылы қызметтерді алуларыңызға болады.
Білім саласында мұндай бірқатар қызметтерді алуға ата-аналарға қиындық тудыруда, Оның себебі, ата-аналар құжаттарды жинақтауға қиналады және оны мерзімінде жолдамайды. Айтар болсақ, бұрынғы кезде 1 сыныпқа қабылдау үшін 1 қыркүйекке дейін ата-аналардан өтініштер қабылданатын, ал қазір 2022 жылы 1 сәуір мен 1шілде аралығында қабылданады және мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі өтінішке қосымша тіркелмесе, қызмет көрсетуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартады. Ал мұндай жағдайда ата-аналар тарапынан түсінбестіктер туындап жатады. Құжат қабылдау барасында мұндай түсініспеушіліктер орын алмас үшін, ата-аналар арасында қазірден бастап түсіндіру, цифрлық сауаттылыққа байланысты жұмыстар атқарылуы қажет. Цифрлық сауаттылық бұл – қазіргі заманның талабы. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды,- деді Салтанат Ескелдіқызы өз сөзінде.
Жиын барысында тақырыпқа орай мектеп басшылары және ұстаздар тарапынан түскен сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close