Qoǵam

Заңсыз ойын бизнесіне жол берме!

Жуырда Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы әкімшілігінің мәжіліс залында «Лотерея атын жамылып, құмар ойындарын өткізуге жол берілмейді» атты жиын өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және жергілікті полиция, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, дін саласының мамандары және ақсақалдар алқасы қатысты.
Жиында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Данияр Темірбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде заңсыз ойын мекемесін ашу не ойын бизнесін ұйымдастыру үшін ғимаратты, үй-жайларды немесе нысандарды беруге, сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру үшін ойын автоматтарын, бәс тігуді ұйымдастыруға және өткізуге арналған жабдық беруге тыйым салынатынын баса айтты. Одан бөлек соңғы кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алғанын, бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары зардап шегетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ жасөспірімдер заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатынын жеткізді.
Сөз соңында Данияр Талғатұлы ауданда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері анықталған жағдайда Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефонына хабар беруді сұрады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close