Qoǵam
Түбегейлі тосқауыл қоюдың жалғыз жолы
Бейбіт күнде жақынынан айырып, әлемді әбігерге салған тәж індетінің түп-тамырына түбегейлі тосқауыл қоюдың жалғыз жолы – халықты жалпы вакцинациялау. Бұл өмір дәлелдеп, мамандар тәжірибесі айғақтаған ақиқат.
Вакцина алмаған адамның өкпесі 20 пайыз зақымданып тұрып қайтыс болғандар бар. Ал, вакцина алған адамдардың өкпесі 75 пайыз зақымданса да емделіп шыққан. Осы секілді шынайы өмірлік тәжірибелерден нақты дәлелдер келтіре отырып, дәрігерлер тұрғындарды екпе алуға шақырды. Бастапқыда 150-200-ге жуық адам екпе алуға келсе, қазіргі таңда ол көрсеткіш 30-50 адамға дейін азайып кеткен.
ҚР денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев, республикалық «Қоғамдық бақылау және мониторинг» қоғамдық бірлестігінің басшысы және «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшесі Саида Таукелова, аталған штаб өкілі Мирас Аукенов жұмыс сапарымен облыс орталықтарындағы емханаларға ат басын бұрған еді.
Ол жерде штаб мүшелері ақ халатты абзал жандардың жұмысына жіті мән беруден бастады.
Қазіргі таңда көпшілік арасында pfizer вакцинасы жайлы әңгіме таралуда. Ол вакцина негізінен жүкті, 12-17 жас аралығындағы балаларға және емізулі келіншектерге салынады.
Штаб өкілдерінің жұмыс сапары барысында pfizer вакцинасы жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те өз пікірін жеткізді.
-Қазіргі таңда облыста бастапқы кезде 582 мың тұрғынға вакцина салу жоспарланған. Қазір жоспар көбейтіліп 18 жастан жоғары 631 300 тұрғынды вакцинациялау қажет. Соның 80,3 пайызы вакцинацияның бірінші компонентін алды. Балалар мен жүкті немесе емізулі әйелдерді де вакцинациялау жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Pfizer вакцинасы ел аумағына 8 қарашада келеді. Қарашаның 10-нан кейін жұмысты бастаймыз.
Жалпы Жамбыл облысында 12-17 жас аралығында 99 мың бала бар. Ең алдымен олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келісімін алғанда ғана саламыз, – деді басқарма басшысы.
Халықты жаппай иммундалуы – бұрынғыдай қалыпты тіршілікке қайта оралуымыздың жалғыз жолы. Қазір жағдай жақсарғаны байқалады. Сол үшін ертерек екпе қабылдап, жақындарымыздың амандығын қамтамасыз етуге асығайық.
Мақала БАҚ материалдары негізінде әзірленді