Qoǵam

Қоқыстан қалай арыламыз?

Қыс та аяқталып, қар мен тоңның көбесі сөгіліп, тынысымыз кеңейіп, айналамыздағы табиғаттың көркіне бір сәт көз жіберсек, көңілді су сепкендей басатын сүреңсіз көрініске тап боламыз. Мен өзім тұратын аудан орталығының үстіңгі бөлігіндегі тұрғындар «Қарасай» деп атап кеткен терең сайдың төңірегіндегі ахуалды баяндап отырмын.
Осы сайдың қарсы жақ екі қабағы кездейсоқ қоқыс тасталатын орынға айналғаны қашан?! Тұрғындардың жауапсыздығы мен немқұрайдылығынан, жергілікті биліктің қырсыздығынан бұл әрекет жыл сайын қайталанатын болды. Әсіресе, Абылайхан көшесінің жоғарғы жағындағы сайға өтетін қуыстың тұсындағы сайдың жағасын тазалықшылар қанша тазалағанымен, жоғарыдағы ерсі әдет тыйылар емес. Кімнің тастайтыны белгісіз, қуыстан сайға шығаберісте үнемі қоқыс үйінділері шашылып жатады.
Ауыл әкімдігінен бөлінген тазалықшы әйелдер сол үйіндінің арасынан оқушы дәптерін тауып алып, аты-жөнімен мекенжайын қуалап барса, қоқысты тастаған көршілес Еркінбек Сауранбекұлы көшесінің тұрғыны болып шыққан. Алайда, оған сол арада тиісті шара қолданған ешкімді көрмедік.
Тағы бір жайт, сол Еркінбек Сауранбекұлы көшесінен бері шығатын тар қуыстың бұрышында, электр бағанының түбінде иесіз қапшықтың жатқанына көп уақыт болды. Көшеден аптасына бір мәрте қоқыс жинап әкетушілер «бұл иесіз қоқыс» деп оған қол тигізбей, сол күйде қалдырып кетті. Азық іздеп, дала кезген қаңғыбас иттер әлгі қапшықтың ту-талақайын шығарып, ішіндегілерін шашып тастады. Ол аздай, күн өткен сайын бұл шашырандының үстіне жаңа қоқыстар қосылып жатыр.
Сонда бұл қалай болғаны?! «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, тиісті орындар байқамаған болса да, көрер көзге бадырайып тұрған мұндай ерсі қылық қашанға дейін жалғаса береді? Табиғатты ластаушылар осылай тайраңдай бере ме?

Қуантай ИСАЕВ,
зейнеткер.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close