Qoǵam

«Өрттің үлкен- кішісі болмайды»

дейді аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кеңесбек Абдраимов

Өрт – тілсіз жау. Оның салдары қоршаған ортамен қатар, адам өміріне де қауіп тұдыруы мүмкін. «Отпен ойнама, өрт шығады» деген сөзге сүйенер болсақ, қызыл жалынның шығуына адамдардың өзі себепші болып жатады. Әсіресе, жеке тұрғын үй секторлары мен дала өрттерінде тұрғындардың абайсыздығы мен немқұрайдылығының салдарынан өрт шығып, адамдарды әуре-сарсаңға салады.

Осы ретте, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Кеңесбек Абдраимовтың мәліметінше, өрттің екі оқиғасы, яғни өрт және жану оқиғасы тіркеледі екен. Өрт оқиғасы көбінесе жеке тұрғын үй секторларынан шығады. Ал, жану оқиғасына дала және табиғи өрт жатады. Сонымен өңірде 2019 жылы 40 өрт оқиғасы, 60 дала өрттері тіркелсе, биылғы жылы жеке тұрғын үй секторларында тоғыз өрт оқиғасы және алты дала өрттері орын алған.
Жалпы аудандық өрт сөндіру бөлімінде өрт қауіпсіздігін №7 өрт сөндіру бөлімі және №14 Көлтоған ауылдық өрт сөндіру бекеті қамтамасыз етеді. №7 өрт сөндіру бөлімінде 27 қызметкер, оның ішінде 6 офицерлік және 21 сержанттық құрам болса, №14 Көлтоған ауылдық өрт сөндіру бекетінде 11 қызметкер жұмыс істейді. Бұл ауылдық өрт сөндіру бекеті Қошқарата, Боралдай, Күреңбел ауылдық округтерін қамтамасыз етеді.
Аудандық өрт сөндіру бөлімінде техника жеткілікті. Техника паркінде 2 дана өрт автокөлігі, жол талғамайтын «Урал» автокөліктері, таулы аймақтарға арналған «Нива», «Уаз» автокөліктері және төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын Трэкол, шынжыр табанды ГТТБ техникалары бар. Мекемеде автокөлік жүргізуші Азамат Көпжасаров, қарауыл бастығы Дінмұхамед Нұралиев, Нұрахмет Оразбаев, Бегімжан Сатылғанов ұзақ жылдары бойы еңбек етіп келеді.
Ауданның орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізу үшін қазіргі таңда Жамбыл облысы әкімдігінің 2020 жылдың 13 сәуірдегі №78 қаулысына сәйкес аудан әкімдігі «Аудан аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі іс-шаралар туралы» қаулы қабылдады. Сондай-ақ, аудандағы өрттерді сөндіруге күштер мен құралдарды жұмылдыру іс-жоспары бекітілген. Осы негізде аудандық өрт сөндіру бөлімі Жуалы ауданы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесімен және ауылдық округ әкімдерімен тікелей байланыста жұмыс атқарады.
-Ауылдық окрутерде 14 жасақ бар. Оларға ауылдық округ әкімдерімен бекітілген өрт сөндіру жағдайына қатысатын куәліктер берілген. Бұл азаматтар сол елді мекендерде өрт оқиғасы тіркелсе, жедел түрде оны сөндіруге кіріседі. Егер де олардың күші жетпесе, өрт сөндіру бөлімінің мамандары жұмылдырылады. Техникамыз жеткілікті. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Автокөліктердің бөлшектері ауыстырылып, өрт қауіпті кезеңге сақадай-сай дайын тұр. Соңғы жылдары облыстан көмек келетіндей өрт оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда біз шекаралас аудандармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Әрдайым бір-бірімізге көмек береміз. Мәселен, Билікөл ауылдық округіне Жамбыл ауданы көмекке келеді.
Жеке тәжірибеме сүйенетін болсам, қызыл жалынның шығуы өздігінен пайда болмайды. Отқа адамдар атүсті қарайды. Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Мәселен, жеке тұрғын үй секторларында көбінесе 80 пайызы балалардың қараусыз қалып, отпен ойнауынан пайда болады. Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды жағуынан шығып жатады. Ауа райының қолайсыздығын да ұмыт қалдырады. Оның салдарынан от шығып, жинаған мүлкінен немесе мал азығынан айырылып қалып жатады. Тағы бір айта кетерлігі, жеке тұрғын үй секторларындағы пештердің техникалық қауіпсіздіктерін ескермейді. Біз жылыту маусымдарында тұрғындармен түсіндірме жұмыстар жүргіземіз. Ақаулары болса, тұрғындардың рұқсатымен үйіне кіріп, кеңестер береміз. Ал, оны көп адам түсіне бермейді. Бұл басты мәселенің бірі.
Ал, табиғи және дала өрттеріне келер болсам, жаз мезгілінде демалыс орындарында адамдар көптеп барады. Осы кезде олардың отты дұрыс жақпауынан, пайдаланбауынан тілсіз жау пайда болады. Яғни, айналамызға жауапкершілікпен қарамайды. Табиғи жерлерде тек рұқсат етілген жерлерге ғана от жаққан абзал. Сонымен қатар, бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі егін-жайдағы, дала алқаптарындағы өрттердің шығуы. Яғни, шаруа қожалық иелері де өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Олардың иелігіндегі тракторларда бір дана ОП-5 арнайы өрт сөндіру құралы болуы керек. Ал, комбайндарда осы құралдың екі данасы тұруы қажет. Техникаларда арнайы шоқ сөндіргіштер болуы керек. Себебі, дизель отынының шоғынан өрт шығуы мүмкін,- дейді аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кеңесбек Өмірбекұлы.
«Ұшқын түбі – өрт» демекші, өрт шығуын дер кезінде, еш шығынсыз өшіруді мақсат ететін өрт сөндіру бөліміндегі басты мәселенің бірі – хабарлардың уақтылы жетпеуі және тұрғындардың жеделділік танытпауы. Шын мәнінде, шыққан қызыл жалын туралы хабар кеш жетіп, шығынға батып жататыны бүгінгі күннің шындығы.
-«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өрт қауіпті кезеңнен өтуге барлық ауылдық округ әкімдерінің, орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерінің үлесі зор. Бұл мекемелермен жыл сайын оқу-жаттығу өткізіліп тұрады. Оқу-жаттығудың мақсаты – тәжірибе алмасу, өрттердің алдын алу тактикасын үйрету. Ал, биылғы жылы коронавирус індеттің салдарынан өткізілмей отыр. Сонымен қатар, биыл алты мектеп бітіруші түлекті Көкшетау қаласына оқуға жіберуге дайындап отырмыз. Көкшетау техникалық институтынан биыл біздің төрт курсант бітіріп, лейтенант шенін алып жұмысқа орналасуға дайындық үстінде.
Өрттің үлкен-кішісі болмайды. Мұны мен қызметкерлеріме үнемі айтып отырамын. Өрт оқиғасы кезіндегі кез келген қателік өмірімен қоштасуға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан бұл істе қырағылық, батылдық, жауапкершілік, ептілік, ержүректілік, жылдамды қасиеттер, ең бастысы, патриоттық сезімі жоғары болуы керек. Өрт сөндіруші қызметкер өз жұмысына адал әрі кез келген жағдайдан шыға білуі қажет.
«Сақтансаң, сақтайды» дейді. Әркімнің өмірінің қауіпсіздігі өз қолында. Осы ретте, өрт қауіпті кезеңде тұрғындарға айтарым, үйден, құрылыс нысандарынан мал азығын алыс жинауға, балаларға сіріңкемен ойнауға тыйым салуға, қоқыстарды кез келген жерге жақпауға, дала алқаптарында және табиғи жерлерде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамын, – дейді өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

Таңдаулы материалдар

Close