Qoǵam
Ақтасты ауылында медициналық пункт ашылды
Денсаулық – зор байлық. Басты байлығымыз болған денсаулықты ешқандай да құнды нәрсеге сатып ала алмайсың. Осыны терең ескерген мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына көптеп көңіл бөліп, салаға бөлінетін қаражаттың көлемін ұлғайтып, сонымен бірге жыл сайын медицина қызметкерлерінің де жалақысын кезең-кезеңімен өсіріп отыр. Үкімет тарапынан бөлініп отырған қомақты қаражат есебінен ел өңірлерінде денсаулық сақтау нысандарының салынып жатқаны тұрғындардың да көңілін қуантатыны сөзсіз.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау және медициналық қызметтің сапасын, сонымен бірге оның халыққа қолжетімділігін арттыру мәселелері де кеңінен көрініс тауып келеді. Денсаулық сақтау бағытында атқарылып жатқан игілікті жұмыстарды біздің ауданның өмірінен де анық көруге болады. Тәуелсіздік жылдарында ауданға қарасты бірқатар ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында пайдалануға берілген ғимараттардың бірі – Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылындағы медициналық пункт.
Сонымен, мереке қарсаңында Ақтасты ауылындағы медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ақтастылықтардың жүзінен мерекелік көңіл-күйдің, қуаныштың лебі анық байқалады. Медициналық пункттің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді.
-Құрметті жерлестер! Адамзат баласы үшін басты байлықтың бірі – денсаулық екенін жақсы білесіздер. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласы туралы міндеттер кеңінен қамтылған. Осы ретте биылғы жылы ауданда сегіз денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Тұрғындардың игілігіне, әрі десе халық денсаулығын нығайтуға арналған медициналық пункттің бірі Ақтасты ауылынан салынып отыр. Нысан құрылысын сапалы жүргізген мердігер «АКМ групп» ЖШС басшылығына да өз алғысымды білдіремін. Бір қуаныштысы, ауылдарыңыздағы медициналық пункт Тұңғыш Президент күні мерекесі, сонымен бірге Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мерейтойдың қарсаңында есігін айқара ашып отыр. Мұнда тек қана аурудың алдын алу үшін келіңіздер. Денсаулықтарыңыздың мықты, отбасыларыңыздың аман болуына шын жүректен тілек білдіремін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді Асхат Базарбайұлы.
Келесі кезекте ауыл тұрғындарының атынан Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев, Ақтасты ауылының тұрғыны Тастанбек Алтынбеков сөйлеп, қуанышқа құтты болсын айтты. Андасбек Мырзалиев өз кезегінде ауылдық округте атқарылып жатқан оңды істерді атап айтып, алдағы атқарылар шаруалардың, шешімін күткен бірқатар әлеуметтік мәселелердің де оң шешімін табатынына сенім білдірді. Салтанатты ашылу барысында пункт құрылысын жүргізген мердігер компанияның құрылыс инженері Кәмілхан Әбиев көмек-қолдау көрсеткені үшін ауыл тұрғындарына алғысын айтып, Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметовке ғимараттың символикалық кілтін өз қолымен табыстады.
Пайдалануға берілген жаңа ғимараттың лентасын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев қиды. Ауылдың ақ жаулықты аналары тәттіден шашу шашып, игі тілектерін жаудырды. Айта кету керек, медпункттің типтік ғимараты бес бөлмеден тұрады. Емдеу бөлмесі, т.б. бөлмелер бар. Мекемеге суық су және ыстық су кіргізілген. Ем-дом алушыларға басқа да тиісті жағдайлар жасалған деуге болады. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы және басқа да жауапты тұлғалар пункттің жұмысымен кеңінен танысты.
Осы уақытқа дейін ыңғайластырылған тар бөлмеде қызмет көрсетіп келген медпункттің қызметкерлері енді типтік үлгідегі заманауи ғимаратқа көшкеніне қуанышты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»