Qoǵam

Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі

Өткен жұмада аудандық әкімдікте аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті.
Отырысты комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни аудандық Жастар ресурстық орталығының кәмелетке толмаған балалармен профилактикалық жұмыстары туралы орталықтың маманы Әйгерім Қасымғали баяндама жасады. Баяндамада жастармен өткізілген іс-шаралар, жастар арасындағы қылмыс, “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтылды.

Асхат Базарбайұлы ауданда ортамызда жүрген жетістікке жеткен жастар туралы тақырыптық баннерлер дайындау керектігін, кәмелетке толмаған жастар арасында құқықбұзушылық, т.б. мәселелердің алдын алу бойынша жұмысты сапалы ұйымдастыру, 14 пен 18 жас аралығындағы жастар санын анықтау, жалпы барлық бағыттағы жұмысты ширату қажеттігін тапсырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Жамбыл облысы әкімдігінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы “Жамбыл облысында әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және қиын өмірлік жағдайдағы балалардың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту туралы” №245 қаулысының орындалуы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова баяндама жасады.
Назиля Мәдібекқызы баяндамасында үстіміздегі жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстарға, нақты айтқанда, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үшін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету; өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына түскен бала; өгей әке мен анамен тұратын балалар; кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілікпен тіркелген қыз балалар; зорлық-зомбылық; жайсыз отбасылар; әлеуметтік жетімдіктің алдын алу туралы жұмыстарға тоқталды.
Баяндамадағы мәліметтерге сүйенсек, жүрек сыздатар мәселелер көп. Мәселен, 2020 жылы өгей анамен тұратын балалар саны 63 болса, 2021 жылдың екі айында 48 санын құраған. Сонымен бірге өткен жылы өгей әкемен тұратын балалар саны 58 болса, биылғы екі айда 93 бала санын құраған. Бұл – алаңдатарлық мәселе.
Өкінішке орай, ауданымызда өткен оқу жылында кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілікпен бір мектеп оқушысы тіркелген.
Сондай-ақ, 2019 жылы аудандық полиция бөлімінің алдын алу есебінде жайсыз отбасының санатында тоғыз отбасынан 18 бала тіркелсе, 2020 жылы 6 отбасы, онда тәрбиеленіп отырған жасөспірімдер саны 14 баланы қамтыған.
2021 жылдың наурыз айына екі жайсыз отбасы тізімнен алынып, қазіргі таңда төрт отбасында тәрбиеленіп отырған бала саны 12-ні қамтыған.
Әрбір бала үшін отбасында өзінің туған ата-анасымен тұру, толық отбасында тәрбиелену өте маңызды. Бала үшін ең үлкен бақыт осы. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелер бала жүрегіне өте ауыр тиетіні анық. Сол себептен бұл мәселелермен қоғам болып күресу қажет.
Комиссия төрағасы Асхат Базарбайұлы өмірлік қиын жағдайға душар болған балаларға тек заң аясында ғана емес, адами тұрғыдан да көмек көрсету қажеттігін ескертті.
Баяндамашыға мәселе аясында сұрақтар қойылды.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close