Qoǵam
Кеселге қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті
Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі – пара алу не беру болып табылады.
Пара дегеніміз не? Бұл – лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге игіліктерді алуы. Бұл жағдайда көрсетілген ақша мен игіліктерді әрдайым парақордың жеке өзі алмайды. Оларды көбіне оның жақын адамдарына немесе жасанды жалған ұйымдарға ұсынады. Пара деп саналатын нәрселер: заттар – ақша, оның ішінде валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, азық-түліктер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар, жер учаскелері және өзге де жылжымайтын мүліктер.
Қызмет түрлері және олжа – емделу, жөндеу және құрылыс жұмыстары, санаторлық және туристік жолдамалар, шетелдік сапар, ойын-сауықтар мен басқа шығындарды өтеусіз немесе төмен бағамен төлеу.
Сыбайлас жемқорлық кеселінің қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін де естен шығармауымыз қажет. Өйткені сыбайлас жемқорлық тәсімінде параны көбірек беруші ғана жеңіске жетеді. Бір қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады. Сондықтан қоғамға қауіпті кеселге қарсы іс-қимыл – әрбір саналы азаматтың міндеті болмақ.
Нұрғали Ералиев,
Жуалы ауданы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасының
бас маманы