Qoǵam

Тәуелсіздіктің символы

Кез келген өркениетті елге тән ортақ ұқсастықтар мен рухани құндылықтар болады. Ту, Елтаңба және Әнұран – солардың бірегей нышандары. Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер саналады.

Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге, дербес саяси және экономикалық даму жолына түскенімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл болмас, сірә!
Тұғырым – Көк байрақ. Әнұран – мол қайрат. Елтаңбам – жұртқа айбат. Осы қасиетті ұғымдар әрбір қазақтың миында қатталып, санасында жатталып тұруға тиіс. Мемлекеттілігіміздің айшығы, ұлттығымыздың символы, халықтық қалпымыздың бейнесі тәрізді ұғымдардың табан асты болмауына, әркімнің қолжаулығына айналмауына әр азамат белсене араласып, барын салуға тиіс.
Еліміздің шекарасын қалай кірпік қақпай күзетер болсақ, мемлекеттік рәміздерімізді де солай қадірлеу – әр адамның қасиетті парызы болып есептеледі. Мемлекеттік рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады. Әр жүректе өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше.
Біздің бейбітшілікті басты бағдар етіп ұстануымыздың сыры мемлекеттік рәміздерімізде де айшықты түрде бедерленген. Мемлекеттік туымыздың ашық аспан түстес көгілдір реңкті болуы Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ, бейбітшілікке адалдығын дәл аңғартып тұр. Көк түс ата-тегіміз – түркілер үшін қасиетті ұғым болған. Бұл өз кезегінде түркі тілдес халықтар үшін Қазақ елі ата-жұрт екендігінен, төл тарихымыз ата тарихтың жалғасы екендігінен де түсінік береді.
ХХІ ғасырдағы ең бір қажетті жағдай жаһандық өзара сенім, теңдік және келісім атрибуттары біздің Елтаңбамызда айшықталды. Біздің Елтаңбамыздың негізі, жүрегі ретінде шаңырақ бейнеленген. Осы бейне арқылы бір шаңырақтың астында 130-дан астам этнос өкілдерін тату-тәтті өмір сүруге шақырдық және соған қол жеткізіп, әлемге үлгі болудамыз. Бұл өз кезегінде Қазақ елі өзінің жалпыадамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қоғамдастықтың құрамдас бір бөлігі екендігін тағы бір дәлелдейді. Қыран бүркіт образы Қазақ елінің әлемнің әрбір халықтарына ортақ азаттық, еркін самғау, кеңістік сүйгіштік, айбындылық секілді қасиеттерді мұрат тұтатындығын нақтылады.
Ал, «Менің Қазақстаным» әні қайта қайраттанып көкке шарықтады. Ол ең алдымен мызғымас елдігіміздің ұранына, тәуелсіздігіміздің баяндылығына қызмет етер Әнұранға айналды.

Нәзира ҚҰЛМАНОВА,
Жамбыл ауданаралық әділет басқармасының басшысы.
Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close