Qoǵam

Кеселмен күрес күшейтіледі

Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты. Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ»,- деп айтқан екен ұлы ғұлама Аристотель.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Әрбір қоғам дамуының күнгей жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқасымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу болып табылады. Осы заңмен мемлекеттік міндетті атқаратын және де оларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін, мүмкіндіктерін пайдалана отырып пайда табу сыбайлас жемқорлық деп анықталған. Мемлекеттік тиісті органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді шаралар қабылдап отырғаны баршаға белгілі. Оның айтарлықтай нәтижесі де бар. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз бетінде қоғам мүшелерінің назарына жеткізіліп жүр.
Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын Заң қабылдап, осы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылған алғашқы мемлекеттердің бірі.
Экономикалық және қоғамдық негіздерін жаңғырту, түбегейлі өзгертулер тұсында сыбайлас жемқорлық қашанда қоғамға қауіп төндіретіндей дәрежеге көтеріледі. Мұндай кезеңдерде жемқорлықтың шабуылын жеңілдететін мәселелер – экономиканың құлдырауы, азаматтық қоғамның билікке тәуелділігі, мемлекет институтының тиімсіздігі, заңнамалардың пәрменсіздігі тереңдей түседі. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға кірісу алдында оны туғызатын әлеуметтік-экономикалық жағдайларды барынша азайту қажет. Жемқорлыққа қарсы әрекет етудің оның көріністерімен күрес жүргізумен аяқталмайтынын ұғыну аса маңызды. Мұндай күрес қашанда қоғам мен мемлекет өмірінің барлық жақтарын реттеп отырумен тығыз байланысты. Осыдан келіп, жемқорлардың өз күштері арқылы жемқорлықпен күрес жүргізуі барып тұрған мағынасыздық деген қорытынды туындайды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз етуі қажет.
Әрине дейтұрғанмен, басқаларға үлгі-өнеге көрсетуге тиісті атқарушы және мемлекеттік органдарының лауазымды иелерінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоя отырып, прокуратура органдары басқа да құқық қорғау бағытындағы міндетін күшейткен үстіне күшейте бермек.

Ерлан Оспан,
Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының
жетекші маманы

Таңдаулы материалдар

Close