Qoǵam

Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп

Қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы мектептен басталады. Қазіргі таңда білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі күні елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрып отырғаны белгілі.
Таяуда №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы базасында «ҚР орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» тақырыбында оқыту курсы өтті. Курсты Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты Б.Момышұлы ауылында «Өрлеу» БАҰО»АҚ Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.
Курсқа ауданымыздың мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін 30 мұғалім қатысты. Алғаш келген күннен бастап көкейімізде жүрген көп сауалдардың жауаптарын алып, жаңартылған білім беру мазмұнының өзгешеілігімен, ерекшелігімен таныстық. Біз осы оқу барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәрістер мен тренингтер тыңдап, жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсініп, осыған сәйкес педагогикалық тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды меңгеріп, түрлі бағыттағы тапсырмалар мен жаттығуларды орындап, өзара тәжірибе алмасу процесін ұйымдастырдық.
Сонымен қатар, педагогтардың сабақ беру үдерісінде негізге алатын құжаттар мен оқу бағдарламасы, оқу жоспары және негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулықпен қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы, жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныстармен таныстық. Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында болып отыр. Ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту, адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту да аса маңызға ие.
Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалғаны, сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті төрт дағдыны қалыптастыруға ықпал ететін бірқатар әдіс-тәсілдерді меңгеруіміз. Мысалы, «Білім қабырғасы», «Ыстық орындық», «Кемпірқосақ», «Ойлан, жұптас, бөліс», «Кезбе тілші», «3-2-1», «5 қадам» т.б.
Жаңартылаған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсынан алған әсерім өте мол. Жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер – педагогтардың оқытудың әмбебап үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, оқуға жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға бағытталғандығын байқадым.
Төрт аптаға созылған оқыту курсы да аяқталды. Курстың үшінші аптасында барлық мұғалім қызу жұмыс үстінде болып, сол сәтте талқылау, талдау, саралау, дәлелдеу, пікірталас барлығы да біздің аудиториямызды жаулап алғандай болды. 21 маусым күні – таныстырылымды жиынтық бағалаудан өткізіп, курс барысында алған ақпараттың тиімділігін, жаңа білім мазмұнының қажеттігін, өмір талабы екендігін дәлелдедік.
Біздің білімге, жаңашылдыққа деген құштарлығымызды арттырып, дәріс берген тренеріміз Ләйла Сейдазимоваға айтар алғысымыз шексіз. Алдыңғы білімді өткен біліммен салыстыра, ұштастыра отырып, түсінбегенімізді қайта түсіндіріп, әр тыңдаушының санасына жеткізген тренердің еңбегі зор. Курс барысында педагог портфолиосына жинақтаған ақпараттарымыздың барлығы дерлік күнделікті өмірде ғана емес өмірлік азық десем де артық болмас еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген алты бағыттың төртінші бағыты «Білімнің салтанат құруы» кезеңінде білім бағдарламаларының еліміздің дамуына ұтымды үлес қосып келе жатқандығын айта келіп, табыс тізгіні – болашақ жастардың қолында екендігіне баса назар аударылып отырғаны белгілі.
Сондықтан да, алдағы күтіп отырған барлық сынақтан сүрінбей өту жолында жаңартылған білім мазмұнын меңгеріп, білімді де білікті, рухани жан дүниесі бай ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір ұстазға шығармашылық табыстар тілеймін!

Шолпан Исмаилова,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close