El іshіQoǵam

Ұлағатты ұстаздар ұясы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық жаңғырудың маңыздылығы жан-жақты әрі дәйекті деректермен атап көрсетілген. Аталған мақаланың «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыстар жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс» делінген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл пікірлері арқылы білімнің ел дамуы бағытында аса маңызға ие екенін айтып отырғанын анық аңғарасың. Иә, ел болашағы үшін маңызды саланың бірі саналатын білім саласының дамуына біздің ауданда да бірқатар атпал азаматтар көп еңбектенді. Әлі де аталған салада жемісті еңбек етіп, тер төгіп жүргендері қаншама. Адал еңбегімен елге елеулі болған сондай санаулы ғана азаматтардың қатарында Оралбек Жүзбаевтың да есімі құрметпен аталады. Аудан орталығымен іргелес жатқан Көктөбе ауылының байырғы тұрғындары Жүзбаевтар отбасын ұстаздар отбасы деп атасақ болады. Өйткені, бұл отбасының тоғыз бірдей мүшесі қазіргі таңда жас ұрпақтың тәрбиесіне атсалысып, ұстаздық етіп жүр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Ел ішіндегі мерейлі, үлгілі отбасыларды былайғы жұртшылыққа үлгі-өнеге ету мақсатымен Жаңа жылдың қарсаңында Жүзбаевтар жанұясына арнайы барып, сұхбаттасқан едік. Бізді отбасының отанасы Гүлсін апай жылы жүзбен қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқан соң, дастарқан басында шәй іше отырып, негізгі әңгімеге көштік. Әңгімені отағасы Оралбек аға бастады.
-Өткенді елеп-ескермей, тарихтан тағылым алмай жарқын болашаққа қадам басу мүмкін емес. Көктөбе ауылында туып-өстік. Ата-бабаларым да осы ауылда туып, осынау құтты мекеннің ыстық-суығына төзіп, ауыл-аймақтың гүлденуіне, ел ішіндегі ынтымық пен бірліктің нығаюына атсалысқан. Өз әкем Тұрыс ақсақал өмір бойы колхозда жұмыс істеген кісі. Фермада жұмыс істеді, жүргізуші болды. Қысқасы, әкеміз ауылға еңбегін сіңірген адам. Пешен Сапиров ақсақал екеуі ауылдағы мешіт пен мектептің ашылуына да көп атсалысты. Оны өз замандастары жақсы біледі. Анам Айпен Дүйсенбіқызы үй шаруасында болды. Біз отбасында тоғыз бала тәрбиелендік. Ата-анамыздың ұлағатты тәрбиесін көріп, азамат қатарына қосылып кеттік,- дейді Оралбек Тұрысұлы.
1974 жылы ауылдағы бұрынғы Ю.Гагарин атындағы сегіз жылдық мектепті жақсы нәтижемен аяқтаған талапты жас Шымкент қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс техникумына оқуға түсіп, одан құрылысшы-сәулетші мамандығын алып шығады. Одан соң бірер жылдай өзі оқыған мектепке мұғалім болып орналасады. Ұстаздық ете жүріп Жамбыл педагогикалық институтын «Сызу, бейнелеу өнері» мамандығы бойынша бітіріп алады.
-Біраз жыл Теріс ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте жұмыс істедім. 1994 жылы Көктөбе бастауыш мектебінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Бір жылдан соң білім ошағы орта мектепке айналды. Сонда 2009 жылға дейін директорлық қызмет атқардым. Білім беру үдерісінде елеулі жетістіктер болғанымен, ғимарат жағынан қиыншылық болды. «Жаңа мектеп қашан салынады?» деген сұрақ ұжым мүшелерінің көкейінде үнемі жауапсыз күйінде ұзақ жүрді.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, 2005 жылы жаңа мектеп ғимаратын салудың реті келді. Сол жылы қыста жауған қалың қарға ескі мектептің шатыры шыдас бермеді. Дәл сол жылы наурыз айында елдің Премьер-Министрі Даниал Ахметов ауданға келген сапары барысында біздің мектептің жағдайымен танысты. Біз ұжым болып, Үкімет басшысына жаңа мектеп салу жөнінде ұсынысымызды айттық. Ол кісі мектептің салынуына ықпал ететінін жеткізді. Содан екі айдың көлемінде құрылыс аяқталды. Білім күнінде ауыл балалары 250 орынға арналған жаңа мектепке кірді. Білім ошағының қайта ашылу салтанатына да Үкімет басшысы Даниал Кенжетайұлының қатысуы ауыл тұрғындары үшін қуанышты оқиға болды,- деп Оралбек аға өткен күндерді тағы бір еске түсірді.
«Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, Көктөбе орта мектебінің типтік үлгідегі жаңа ғимаратының бой көтеруіне, сонымен бірге, құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталуына сол тұстағы мектеп директоры Оралбек Жүзбаевтың сіңірген еңбегі зор. Құрылыс аяқталғанша басы-қасында болды. Кей тұста мердігер компанияның басшылығына құрылысшы ретінде өз ойларын, ұсыныстарын да жеткізіп отырды. Соның арқасында білім ошағының құрылысы сапалы аяқталды. Мектептің сыртқы келбеті де көз тартарлық. Қазіргі таңда мұнда екі ауысыммен 400-ге жуық бала білім нәрімен сусындауда.
Оралбек ағаның таңдап алған жары Гүлсін Пашыралықызының да мамандығы мұғалім. 40 жылға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Қазір зейнет демалысында. Екі ұстаз да ұстаздық ете жүріп, саналы шәкірттер тәрбиеледі. Білікті ұстаздардың алдынан өтіп, тәлімін алған балалар қазіргі таңда ел өңірлерінде әр салада жемісті еңбек етіп жатқаны көңілге үлкен медеу.
Бұл отбасының тоғыз мүшесінің мұғалім екенін жоғарыда айтқанбыз. Үйдің тұңғышы Ерназар қазіргі таңда аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі қызметінде болса, одан кейінгі ұлдары Бекназар мен Құттыбай да ұстаздық қызметті абыроймен атқарып жүр. Ортаншы ұлы Берік қана Алматы қаласында заң саласында жұмыс жасайды. Бұл жанұяның қызы Меруерт те ұстаз. Перизат, Ләззат, Алтынай есімді келіндері де ағарту саласын таңдаған жандар.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Ауыл-аймаққа сыйлы ұлағатты ұстаздарды бір арнаға тоғыстырған Жүзбаевтар әулетінде 15 немере жайқалып өсіп келеді. Немеренің үлкені, төлбасы Гүлназ Оралбек биылғы жылы №30 Көктөбе орта мектебін «Алтын белгіге» бітіріп, елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ІТ мамандығы бойынша оқуға түскен. Ал екінші немерелері Ербол Оралбек Алматы авиациялық колледжінде инженер-техник мамандығын меңгеру үстінде. Еркебұлан Бекназарұлы алты жасынан бастап дзюдо күресімен айналысып, облыстық, аудандық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Осы тұста Бекназар мен Ләззаттың отбасы жақында Тараз қаласында өткен «Отбасы сайысы» атты отбасылар арасындағы облыстық турнирде жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн сияқты.
-Әкеміз бен анамыз біздің бойымызға жақсы тәлім-тәрбиені, ұлттық құндылықтарды сіңіріп келеді. Бізге бұл кісілердің өмірден көрген-түйген ақыл-кеңестері қашанда керек. Әкеміз бен анамызды әрдайым мақтан тұтамыз. Балаларының үлгілі болғаны ата-ана үшін қуаныш. Тәрбиенің арқасында бәріміз жақсы азамат болып қалыптастық деп ойлаймын. Балалардың ұстаздық жолды таңдауына әлбетте, ата-анамыз үлкен ықпал етті. Біз де өз балаларымызға осындай үлгі-өнеге қалдырсақ дейміз. Алла ата-анамызға ұзақ ғұмыр берсін,- дейді отбасының тұңғышы Ерназар Жүзбаев.
Отбасы – Отанның тірегі. Оның ішінде отбасылық құндылықтар, отбасылық дәстүрлер үйлесім тапқан отбасылардың жөні бөлек. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жерің, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп айтылғанындай, туған ауылына туын тігіп, түтін түтетіп, осында ұрпақ өрбітіп, ұзақ жылдан бері оқу-ағарту саласына қомақты үлес қосып келе жатқан көктөбелік Жүзбаевтар жанұясының келбеті міне, осындай…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close