Qoǵam
Сабырлық танытып, сақ болайық!
«Дені саудың – жаны сау», «Денсаулық – бірінші байлық» демекші, денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз-ай. Соңғы кездері мына аты жаман індетпен ауырғандар көбейіп, ауруханаларда науқастар саны күн санап өсуде. Бұл өз кезегінде, біздің өз денсаулығымыздың алдындағы жауапкершіліктің төмендігінен, салғыртығымыздың кесірінен орын алып отырған жайы бар. Өйткені, біз карантин талаптарын сақтауды ұмыт қалдырып, той-томалақ, жиындарды көбейттік. Медициналық бетпердені тақпай, дезинфекциялық құралдарды пайдалануды доғардық. Соның кесірінен, көпшілік той тойлап жүріп, індетті жұқтырып, қалай қу індеттің құрсауына түсіп қалғандарын аңғармай қалуда.
Соңғы кездері газет беттері мен әлеуметтік желіні аша қалсаң, қазанама мен көңіл айтулар көбейген. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың өршіп, ауруханаларда бос орынның жоқтығы жайында ақпараттар жиі таралуда. Ауа жетпей, ентігіп, төсекке танылған науқастардың көпшілікті сақтануға шақырған бейнежазбалары да жариялануда. Індеттің таралуының алдын алу үшін құрылған мониторингтік топтар той үстінен түсіп, сол жерде жиынның тоқтатылғаны да әлеуметтік желінің басты жаңалығынан көруге болады. Алайда, сол адамдардың жағдайларын көріп-біле тұрып, біз әлі де сақтық шараларына жете мән беріп жүрген жоқпыз.
Көпшіліктің арасында жүргендіктен, осы індеттің кесірінен жақынынан қапыда айырылып қалғандарды жиі естиміз. Сонымен бірге, аудан тұрғындарын індеттен сақтануға шақыру мақсатында мақала әзірлеу кезінде кейіпкерлер бірінші кезекте аты жаман індетті қалай, қай жерден жұқтырып алғандарын білмейтінін айтады. Яғни, «қауіп қайдан демеңіз, жар астында» деген сөз алдымыздан осы тұста шыға келеді. Олардың індетті қалай жеңгендерін тыңдай келе, бұл вирустың адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін тек оны жұқтырып, емделіп шыққандар ғана жақсы түсінеді деген ой келеді.
Бірде ауруханада кезек күтіп отырғанда, орта жастағы келіншек «Адам қандай жағдай болса да басына түспесе, ештеңені түсінбейді. Біз отбасымызбен өмір мен өлімнің арасында күресіп, ақ халатты жандардың уақтылы ем-дом жасауының арқасында жазылып шықтық. Содан кейін адам көп жиналатын жерге бармайтын болдық. Барынша сақтануға тырысымаз. Өйткені, біз індетті қалай жұқтырғанымызды білмейміз. Есесіне, індеттің қауіпті екенін жақсы білеміз» деп еді. Оның айтқан сөздері мені ойландырып, шындығында солай ғой деген тұжырымға келдім. «Біз денсаулықтың қадірін неге тек ауырғанда ғана білеміз? Неге керісінше, осындай қиын уақытта денсаулығымызды күтіп, ауырмайтын жол іздемейміз?» деген сұрақтар мазалады.
Сонымен бірге, жақында ғана облыс орталығына ауруханаға барғанымда, медициналық диогностикалық орталықтарда компьютерлік тексерістен өтуге тұрған адамдардың ұзын-сонар кезегінің куәсі болдым. Сол жерде ентігіп, демала алмай, көмек сұрап тұрған науқастың жағдайын да өз көзімізбен көрдік.
Жауапсыздық жарға жығады. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Сан соғып қалмайық десек, карантин талаптарын қатаң сақтайық. Жауапкершілік пен ауызбіршілігімізді нығайтып, барынша сақтық шараларын ұстанайық. Жақынымыздың және өзіміздің өміріміз, денсаулығымыз үшін үйде болып, уақытымызды отбасымызға арнайық. Індеттің беті ауыздықталса, қалыпты өмірімізге оралып, жиын-тойымызды өткізерміз. Ал, әзірше сақ болайық, сабырлық танытып, үйде болайық, ағайын!
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»