Qoǵam

Жолдың жайын жүрген біледі …

немесе шоқырақ жолдарды жамай бергеннен ұтарымыз не?

Экономиканың күретамыры саналатын жолдың жағдайы – ерте заманнан күні бүгінгі дейін мәні мен маңызын жоғалтпай келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Жылқының жалында, түйенің қомында жүріп, алыс-жақын елдермен жүйелі сауда-шаруашылық байланыстар жүргізген ата-бабаларымыз жолдың қадірін жақсы түсінген. Ал бүгінгі жағдайдың о заманнан айырмашылығы тек жолдардың тақтайдай тегістігі мен жүйткіген көлігінде ғана. Қазіргі таңда жол қатынасы ел дәулетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк және жолаушылар тасымалын жақсартуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына едәуір әсер етеді.

Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне қарағанда, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзақтығы 573,8 шақырымды, соның ішінде республикалық мәндегі жолдар 57, облыстық мәндегі жолдар 159,68, ал ауылішілік автомобиль жолдары 263 шақырымды құрайды. Өңірдегі аудандық және ауылдық мәндегі жолдардың 75 пайызға жуығы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл жолдарды күтіп ұстау, қайта жөндеу жұмыстарының жыл санап мәні мен маңызы арта түсіп отыр.
Биыл жазда ауданға қарасты жолдардың жағдайын жақсарту, жүргізушілерді жол машақатынан арылту мақсатында бірнеше кешенді жоба қолға алынғалы отыр. Мәселен, 2019 жылы жалпы ұзындығы 10,89 шақырымды құрайтын 10 ауылішілік көше жолдары, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы ауылында Бейбітшілік және Жанқожа батыр, Диқан ауылында Байділда, Қосбөлтек ауылында Жапарқұл, Көктас ауылында Достық, Ақтөбе ауылында Руханият, Талапты ауылында Бауыржан Момышұлы, Ертай ауылында Лесбек Көпбаев, Жылыбұлақ ауылында Жылыбұлақ, Кәріқорған ауылында М.Қожаназаров көшелері орта жөндеуден өткізілмек. Бұл мақсатта 170 030,8 млн теңге қаражат бөлінген.
Сондай-ақ аудандық мәндегі автомобиль жолдарының 7,033 шақырымына орта жөндеу жүргізіледі. Оған бюджеттен 119 983,9 мың теңге бөлінген.
Қарап тұрсаңыз, жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын осындай қомақты қаражат бөлінеді. Ал, оның сапасы қандай? Онымен бас қатырып жатқан мамандар бар ма?
Міне, сондықтан да аймақта бірер жыл бұрын ғана сапасыз жөнделіп, кепілдік мерзімі өтпей қайта ойылып, жөндеуді қажет ететін шоқырақ жолдар азаймай тұр. Мәселен, аудандық мәндегі «Бурнооктябрь-Кастальевка» бағытындағы автожолдың Нұрлыкент ауылының шығаберісі мен Теріс ауылына кіреберісі аралығындағы 1-0,4 шақырымдық бөлігі ешбір сын көтермейді. Көптен жолшылардың күрегі мен қайласы тимеген бұл жол көліктің жүріс бөліктерін зақымдап, жүргізушінің сілікпесін шығарады.
Осы мәселе бойынша Нұрлыкент ауылдық округі әкімдігіне хабарласқанымызда әкімдіктің бас маманы Нағима Тулашева биыл «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында аталған бағыттағы автожолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін, қаражат келесі жылы бөлінетінін хабарлады. Сондай-ақ биыл Нұрлыкент ауылындағы ұзындығы 0,53 шақырымды құрайтын Көктем көшесін жөндеуге 6,888 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары таяуда басталады.
Округке қарасты Түктібай ауылындағы Бердімбетов көшесіне 3,676 млн теңгеге шағал тас төсеу жұмыстары қолға алынатын болады. Онымен «Алатау-Бәйтерек» ЖШС шұғылдануда. Ауылдық округте әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету мақсатында «Бурное солар» ЖШС бөлетін 30,0 млн теңгеге Нұрлыкент ауылының Н.Замбаев және Атакент көшелерін жөндеу көзделіп отыр.
Аудан орталығындағы Тәуелсіздік, онымен іргелес Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков, Дінмұхамед Қонаев атындағы көшелер жылара ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Одан не пайда, бір жауын жауып өткен соң, қайта шайылып, таз қалпына келеді.
Облыстық мәндегі «Аманбаев-Бәйтерек» бағытындағы автожолдың едәуір бөлігі Қызыларық ауылдық округі аумағынан өтеді. Өткен жылы аталған жолдың Ақтөбе ауылдық округінің шекарасынан Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына дейінгі аралығы орта жөндеуден өткен болатын. Ал ауылдық округ шекарасынан Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына дейінгі аралығындағы кей тұстары терең ой-шұңқырдан көрінбейтін. Жолдың ұзына бойына және еніне қарай жайылған осы ой-шұңқырдың тереңдегінен автокөлік түгілі малдың тұяғын зақымдайтындай дәрежеде болатын. Күні кеше Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ерлан Сейдалиев редакцияға хабарласып, мердігер «Айя-сервис» компаниясы биыл жол жөндеуге қайта кірісіп, жолдың су қоймасынан Түктібай ауылына дейінгі аралықтағы тұсын орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, өзіміз күнде болмаса да, аптасына, айына бірнеше мәрте тоздырып жүрген Көкбастау ауылдық округінің Теріс-Бақалы ауылдары, таулы өңірді аудан орталығымен жалғайтын «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» бағытындағы 67 шақырымдық автожолдың Ертай ауылына дейінгі, Ертай ауылынан әрі қарай Қошқарата, Қызтоған ауылдарына дейінгі аралықтарының кейбір тұстарына күрделі жөндеуді қажет ететіндігі туралы газет беттерінде бұдан бұрын да бірнеше мәрте көтергенбіз. Коммуналдық сала қызметкерлерінің жылда жолдың шұрық-тесігін бітеп кеткенінен ешқандай қайыр жоқ. Соншама қаражатты желге ұшыратын уақытша көз алдау ғана. Жолдың пайдалану қызметін бір маусымға ғана ұзартады.
Сонымен, шоқырақ жолдарды жамай бергеннен ұтарымыз не?

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close