Qoǵam
Ауылымыз көркейе берсін
Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтер әкімдерінің халық алдындағы есебінің тезистерін аудандық төл басылымымыздан оқып таныстық. Жалпы, аудан бойынша өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылған. Оған халық куә. Оның ішінде біздің ауылдық округтің өзінде көшелер жарықтандырылды, спорт алаңшасы жасалды, біраз көшелерге шағалтас төселді.
Атап айтсақ, Көлтоған ауылындағы «Қайырбек» шаруа қожалығының төрағасы С.Қайырбековтың демеушілігімен Жамбыл көшесі жарықтандырылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қ.Ералиев көшесі жарықтандырылды.
Ауылымызда біткен маңызды жұмыстың бірі тау етегіндегі көл тазаланып, каналдар қазылып, төрт жерінен шлюздер қойылды. Әмір, Бауыржан, Сейділдә, Рысбек батыр көшелеріне, сонымен бірге ауылымыздағы бейітке барар жол трактормен тазаланып, шағалтас төселді.
Ертай ауылындағы медициналық пункт пен ауылдық клуб арасына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Тағы да басқа қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл еліміздің экономикасының, халықтың әл-ауқатының көтеріліп келе жатқанын, аудан, ауылдық округ басшыларының ауылға деген жанашырлықпен атқарған еңбектерінің нәтижесі деп білеміз.
Әрине, өмір болған соң шешімін күткен мәселелер қашанда болады. Осы жылы ауыл тұрғындары көптен күткен газ мәселесі де шешімін табады деген ойдамыз.
Сонымен бірге Көлтоған, Ертай ауылдарына ауыз су тартылады деген жоспар бар. Бауыржан және Әмір көшелеріне, Ертай ауылындағы Тиесіарық көшесіне асфальт төселеді, Л.Көпбаев көшесі жарықтандырылады, Рысбек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің спортзалы күрделі жөндеуден өткізіледі, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Жалпы, ауылдық округімізде атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Әр жылдан үлкен үміт күтетініміздей, биылғы Тышқан жылыда еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауылдарымыз көркейе берсін деген тілегім бар.
Мақсатбек Байболов,
Боралдай ауылдық округінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы