Qoǵam
Ардагердің тілегі – елдің амандығы
«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек».
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласынан алынған үзінді. Мақалада Мемлекет басшысы осыдан 30 жыл бұрын кеңестік тар құрсаудан шығып, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің арғы-бергі тарихын түгендеп, батырлармен қатар тәуелсіздікті жақындата түскен айтулы оқиғаларды және қуанышы мен қасіреті қатар келген даталарды ұрпаққа ұлағат ретінде насихат ету керектігіне баса мән береді. Сондай тарихи сәттердің бірі – 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығын, оның қаһармандары мен құрбандарын ұмыт қалдырмау керектігін айтады.
Бүгін “Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл” атты жаңа айдармен Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұрғали Есмұратов жайлы жазылған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН
1986 жылғы ызғарлы күндерді желтоқсаншылар ешқашан ұмытқан емес. Олардың ойларына еріксіз сол бір күрес, жанталас, жастардың өрлігі мен ерлігі түседі. Арамызда жүрген ардагер Нұрғали Есмұратов та осы күнде дәл сондай сезімде болады екен.
Нұрғали Сәрсенбекұлы 1958 жылы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Ол 1976 жылы ауылдағы қазіргі Күреңбел орта мектебін бітірген. 1976-1978 жылдар аралығында Белоруссияда Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген. Әскерден соң 1979 жылы Алматы қаласындағы Алматы техникалық училищесіне оқуға түсіп, электр монтері мамандығын алған. Біржылдық оқуды аяқтаған соң, еңбекке араласып, 1981 жылдан бастап 1987 жылға дейін Алматы қаласындағы жылу оқшаулау мекемесінде орағыш болып жұмыс істеген. 1984 жылы көктем айында Алматы облысының тумасы Бибінұр Әбділдаевамен отбасы құрған.
-1986 жылы 16 желтоқсанда еліміздің басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып тастап, оның орнына Кольбинді отырғызды, – деп бастады әңгімесін Нұрғали аға. -Мұны естіген қазақ жастары бейбіт шеруге шықты. Шерудің алғашқы күні, яғни 17 желтоқсан күні Гоголь мен Космонавт көшелерінің бойында жұмыс істеп жатқанбыз. Сонда педагогикалық институттың қыздары және Киров атындағы Алматы ауыр машина жасау зауытының жігіттері бейбіт шеруді бастап келе жатқанын көріп, мен де сол жастардың қатарына қосылдым. Біз Космонавт көшесінің бойымен бір топ жас жүріп отырып, оған қиылысып жатқан Сәтпаев көшесіне қарай бет алдық. Сәтпаев көшесінен тікелей «Жаңа алаңға» қарай жүрдік. Жастардың қолында түрлі плакаттар бар. Олар «Әр елдің басшысы өз ұлтынан болуы керек!» деп ұрандатты.
Бойларында намыс пен жігер, ерлік тулаған жастармен бірге ұрандатып алаңға жеттік. Жиналған жастардың қарасы көп еді. Алайда оларды алаңға әскерилер жібермей тұрды. Бір кезде жастарға қарай өрт сөндіруші көлікпен су шашылды. Жастардың үсті қақаған аязда малмандай су болды. Олар шамалары келгенше, жан-жаққа қарай қаша жөнелді.
Бұл күні әскери десантшылар келіп, жан-жақтан қатарды қоршап, ешкімді алаңға жібермеді. Алаңдағы «Океан» деген дүкеннің жанында әнші Роза Бағланова жастарды райынан қайтуға шақырып, «Менің Қазақстаным!» әнін жылап тұрып шырқады. Оның әні әр қазақ жасының жүрегіне жетіп, рух берді.
Алаңның барлық тұсын милиция қызметкерлері қоршап алған. Түнге дейін ол жерден ешкім кетпеді. Қараңғы түскен кезде бізді итпен қуалаған соң, бәріміз бытырай жан-жаққа қаштық. Ол уақытқа дейін, яғни түнгі сағат 12-ге дейін алаңда барлығымыз ұрандатып тұра бердік.
Жастардың алған беттерінен қайтпайтынын көріп, шетімізден ұстап алып, жүк көлігіне ұрып-соғып мінгізе бастады. Сөйтіп бір топ жасты жүк көлігімен түн ортасында Қапшағайдың маңындағы егіс алқабына апарып, тастап кетті. Күн қатты суық, қыстың қаһарлы түнінде суыққа төтеп беру мүмкін емес. Айдала. Кілең жастар. Бір-бірімізді танымаймыз. Бірақ, қайта орнымыздан тұрып, бір-бірімізге демеу болып, жаяу Алматыға қарай жүгіріп отырдық. Бізге не көлік тоқтамайды. Әйтеуір, әрең дегенде қалаға жеткен болатынбыз.
Ертеңіне таңертең алаңға барсақ, түнде ештеңе болмағандай тым-тырыс, тап-таза етіп тазалап қойған. Әскери адамдар да, милиция да, көліктері де қалмаған. Мен осы бір күн ғана алаңға шығып, сол сәтте жастардың талабына, рухына, намысына куә болдым.
Осыдан кейін 1986 жылы желтоқсан айының аяғында ауылға қайттым. Жұбайым мен ұлым ауылда ата-анаммен бірге тұрып жатқан. Міне, сол уақыттан бері ауданда электро-монтер болып, ел арасында жүріп еңбек етудемін.
Бүгінгі таңда үш қыз, бір ұлды өсіріп, тәрбиелеп, аяқтандырып, олардан 10 немере сүйіп отырмыз. Биыл 63 жасқа толып, ақпан айында зейнетке шықтым.
Мен «Желтоқсан ардагері», «Желтоқсан көтерілісі», Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталдым. Аудан жұртшылығы Желтоқсан оқиғасының куәгері, ардагері ретінде құрмет көрсетіп, көңіл бөліп тұрады.
Алайда жас жүректерге түскен Желтоқсан оқиғасының жарасы ешуақытта жазылмайды екен. Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Кейде оңаша қалғанымда сол бір жылдардағы алаңдағы жазықсыз жастардың ерлігі мен намысшылдығы есіме түседі. Енді мұндай жастардың көрген азабы мен қорлығын кейінгі ұрпақ көрмесе екен дейміз. Ел-жұртымыз аман, халқымыздың бірлігі пен ынтымағы кетпесін, – деген ардагер Тәуелсіздігіміздің баянды болуына тілектес екенін жеткізді.
Иә, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Ендеше, ата-бабамыз аңсаған еліміздің егемендігі баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»