Qoǵam
Латын әліпбиі – өркениет жолы
Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заманның өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысына түсті. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деп қадап айтқаны бәрімізге белгілі.
Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады. Әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі кіргізуге мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көпұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айтуымыз керек.
Елбасы латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіте отырып, қазақ тілінің мәртебесін әлемдік аренаға жеткізуге жол ашты. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіләлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.
Елбасы айтқандай, балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және ол әлеммен бірлесуге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін игеруге, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Ал қазақ тілін жаңғыртудың басты белгісі – ол латын жазуына көшу.
Тұңғыш Президент-Елбасымыз бұл жайында 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының он екінші сессиясында сөйлеген сөзінде және «Қазақстан-2050» стратегиясында да айтқан болатын. Сонымен қатар, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, тиісті шараларды осы бастан қолға алу қажеттігін жеткізді.
Қазақстан халқының әрбір азаматы латын жазуына көшу әлемдік өркениетке жетудің басты жолы екенін білуі тиіс. Себебі, латын жазуы адамзаттың дамуындағы мықты тілдердің бірі. Ол ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың тілі.
Айгүл Төребаева,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі