Qoǵam
Ынтымақты елге ырыс қонады
Тәуелсіздігімізді тұғырлы, бақытымызды баянды ететін ол – ел бірлігі, қоғамдағы келісім, елімізді мекендеген барлық ұлт пен ұлыстардың өзара татулығы, бір-біріне деген төзімділігі. Ол – бейбіт, тыныш өмір. Шынында да, халқымыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай қорғаштауға тиіс басты жетістігі де, ту етіп ұстар ұлы құндылығы да тәуелсіздік емес пе? Осындай мамыражай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңде өмір сүруіміз, берекелi бiрлiгiмiз Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақылы мен парасаттылығының арқасы. Біздің дана халқымыздың: «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөзі бар. Міне, біздің елімізге де ырыс дарып, халқымыз дұрыс бағыт алып, мәңгілік ел болуға қадам басты.
Елдің тілегі де бейбітшілікті сақтау, соғысты болдырмау, адамзаттың құндылығын сақтау екенін бүкіл әлем мойындады. Осындай дәрежеге келісім мен ынтымақтың нәтижесінде жеттік. Сондықтан әлемдік өркениет көшіне екпіндей енген тәуелсіз еліміздің этносаралық келісімінің беріктігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс. Қазір біз осы елдің бақытты азаматтарымыз деп қай жерде де мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, біз әртүрлі ұлт өкілдері бас қосып, бір мақсат, бір тағдыр жолында болашағы біртұтас – Мәңгілік Елді құруға бірге келе жатырмыз. Бұл тұста көреген Ұлт көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың келешектің кемелдігі үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясын құрудағы идеясының маңызы зор болғандығы ақиқат.
Әлемде бірде бір мемлекет қол жеткізбеген әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері мен жоғары өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, бірнеше рет съезд өткізді. Ондағы мақсат – елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау, тыныш өмірді орнықтыру. Бейбітшілік және келісім – бүкіл адамзаттың қалауы, таңдауы. Сол жолда қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыру. Қоғамдық тұрақтылық сақталмаса, қоғамның дамуы, экономиканың өсуі, мемлекеттің өркендеуі мүмкін болмайды. Дана бабаларымыз: «Бір күн ұрыс болған үйдің іргесінен қырық күн қырсық кетпейді» деген екен. Сондықтан қоғамдағы шиеленістердің алдын алу жолдарының бірден бірі – ол ата-баба дәстүрін жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру болып табылады.
Бүгінде Қазақстан – достықтың киелі шаңырағына айналды. Осы тұрғыдан алғанда дана халқымыз: «Көптің қолы біріксе, көкке жетеді» деп тегін айтпаса керек. Бүгінгі Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне және негізіне айналуда. Біздің ауданымызда да негізінен қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, шешен ұлтының өкілдері бір туған бауырдай, дос-жаран, құда-жекжат болып тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Жуалы ауданында 14 ауылдық округ, 49 елді мекен бар. Халық саны 52 850 адамды құрайды. Оның ішінде, қазақтар 47 737 болса, 5113-і этнос өкілдері. Қазақтар – 90,3% (47 737), орыстар – 6,0% (3 161), немістер – 0,3% (137), украиндар – 0,03% (18), татарлар – 0,14% (77), қырғыздар – 0,35% (153), белорустар – 0,05% (22), шешендер – 1,07% (564), әзірбайжандар – 1,16 % (603), өзбектер – 0,4% (192), басқалары – 0,2% (186).
Жуалы ауданы аумағында этнос өкілдерінің тығыз шоғырланған елді мекендерінің қатарына Б.Момышұлы ауылы (шешендер – 297 адам), Көлбастау ауылы (әзірбайжандар – 219 адам), Шақпақата ауылы (әзірбайжандар – 359 адам) жатады. Аталған ауылдардың негізгі мәселелері айқындалып, бүгінде шешімін табуда.
Б.Момышұлы ауылында шешен, Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтерінде әзірбайжан этносы қоныстанған. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен және жүк тасымалымен айналысады.
Сондай-ақ, 2020 жылы аталған ауылдарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімдігінің «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асырудың алгоритмі аясында этнос өкілдерімен кездесу, қоғамдық қабылдау, этносаралық қатынас пен діни ахуалды зерттеу мақсатында сауалнама жүргізіліп, ұлттық ойындардан жарыс, жастармен кездесу, мемлекеттік тілді оқыту бойынша бірнеше семинар өткізілді. Жалпы жыл ішінде 21 іс-шара өткізілді.
Жуалы ауданында барлығы бес этномәдени орталық жұмыс жасайды. Олар «Славян», «Әзірбайжан», «Шешен», «Өзбек» этномәдени орталықтары. 1995 жылдан бері жұмыс атқарады. Ал «Неміс» этномәдени орталығы 2019 жылдан жұмысын бастады.
2020 жылы әр этномәдени орталықтан беделді, қоғамдық пікір көшбасшылары мен жетекшілерінен этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөнінде комиссия құрылып, тұрғындармен кездесу кестесі бекітілді. Жоспарға сәйкес, ауылдық округтерде 14 кездесу өткізілді. Сонымен қатар, дағдарыстық жағдайлар орын алған жағдайда ахуалды тұрақтандыру мақсатында ел алдына шығып сөйлейтін спикерлер тізімі қалыптастырылған.
Сонымен қатар, этносаралық қатынастарды реттеу, достық, тыныштық, татулық, тұрақтылық орнату бағытында жұмысты жандандыру бойынша ауданда 2020 жылы 100 іс-шара өткізілсе, ағымдағы жылы қаңтар-сәуір айлары аралығында 25 іс-шара өткізілді.
Жуалы ауданында этнос өкілдері ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Мәселен, Ирина Протасова аудан әкімі жанынан діни бірлестіктер мен байланыстар жөніндегі кеңестің мүшесі. Қалдыбай Байрамов аудандық мәслихаттың депутаты. Неміс ұлтының өкілі Валентина Письмак пен өзбек ұлтының өкілі Шәкіржан Мамаджанов «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алды.
Неміс ұлтының өкілі Георг Кох пен әзірбайжан ұлтының өкілі Тейгран Аллахвердиев Жамбыл облысында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Меценат-2020» форумында облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
«Гамбург» ЖШС-ның жетекшісі Г.Кох жыл сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. 2019 жылы Нұрлыкент ауылдық округінің бас жоспарын жасауға бір миллион теңге көмек берді. Сонымен қатар, ауыл көшелерін жарықтандыру үшін қаржы қарастырды. 2020 жылы аудандық орталық ауруханаға тұрақты түрде өз есебінен 10 оттегі балонын және тоғыз медициналық штатив жеткізіп берді. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Нұрлыкент ауылының жағдайы төмен отбасына үй сатып әперу мақсатында 700 000 теңге берді.
Одан бөлек, шешен ұлтының өкілі, жеке кәсіпкер Банати Ибрагимова жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 10 отбасына материалдық көмек көрсетіп, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырып келеді.
Сонымен қатар, неміс этномәдени орталығының мүшелері 2019 жылы аптасына 2 рет неміс тілінен сабақ алып, балаларға арналған қолөнер үйірмесін өткізді.
Этносаралық татулықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында аудан әкімдігі жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасайды. Кеңес былтыр 25 тамыз күні аудан әкімінің №386 қаулысымен бекітілген. Құрамына жастар, қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер, медиаторлар және этномәдени орталық өкілдері енгізілген. Ассамблея жанынан құрылған аудандық қоғамдық келісім кеңесі 12 адамнан тұрады. Кеңес төрағасы болып медиатор, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы сайланған. Сонымен қатар, 14 ауылдық округте қоғамдық келісім кеңесі құрылған.
Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы