Qoǵam
Атаулы әлеуметтік көмек – шын мұқтаждарға
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек» деп атап көрсетілген.
Біз осы ретте аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловпен атаулы әлеуметтік көмекті алу тәртібі мен АӘК жаңа ережесі төңірегінде аз-кем ой бөліскен едік.
– Керімхан Әуесбекұлы, бүгінде ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны қанша?
– Жалпы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 1697 көпбалалы ана тіркеуге алынған. Соның ішінде төрт және одан көп баласы бар 1697, «Алтын алқа» иегері 11, «Күміс алқа» иесі 81 ана мемлекеттік жәрдемақы алады. 2019 жылдың қазан айына дейін 2667 отбасына 1 337,1 млн. теңгенің көмегі тағайындалды. Сондай-ақ, жоғары және кәсіптік білім орындарының күндізгі бөлімдерінде оқитын жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тұрмыс деңгейі төмен, көпбалалы отбасыларынан 692 студентке 86,3 млн теңгенің көмегі көрсетілді. 347 отбасына тұрғын үй көмегі берілсе, оның 112-сі көпбалалы шаңырақ иелері.
Сонымен бірге өңірдегі 347 отбасына коммуналдық қызметтер шығынын өтеуге 6,5 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі көрсетілген. Оның ішінде 112 көпбалалы отбасылар қамтылды. Тұрғын үй кезегінде 35 көпбалалы және 39 толық емес отбасы тіркелген.
Жазғы демалыс лагерьлерінде 1012 көпбалалы отбасылардың балалары демалды.
– Жұмыссыздық деңгейін азайту бағытында өңірде нендей шаралар атқарылуда?
– Бүгінде өз кәсібін ашып, одан несібесін тауып, тұрмысын жақсартуға ниет білдіргендерге мемлекет қолдау көрсетуде. Ағымдағы жылы 15 көпбалалы отбасы мүшелері 7 575 000 теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастады.
Биыл жыл басынан бері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының аудандағы бөлімшесіне «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 189 жұмыссыз азамат жіберіліп, 55 адам 25 502 500 теңге қайтарымсыз грантты иеленді.
Одан бөлек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 115 адамға 387 900 000 теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Қайта даярлау курсында 190 жұмыссыз азамат оқытылып, оның 83-і тұрақты жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыстарға 356 азамат тартылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен оқу орындарын бітірген 285 түлектің шартты мерзімдері аяқталып, жұмыс тапты. Бос жұмыс орындарына жіберілген 1008 адамның 53 «Электрондық еңбек» биржасымен өздеріне жұмыс орнын тапты.
Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар және де басқа да ниет білдіруші жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік мамандықтарға оқуға жолдама берілуде.
– Халықты жұмыспен қамту орталығына келушілер қарасы әлі де азаяр емес, оның себебі неде?
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жәрдемақысы 2019 жылдың 1 сәуірінен бері күнкөріс деңгейінің 70% шегінде беріліп келеді. Енді осы әлеуметтік көмекті алып отырған отбасыларына жәрдемақының неліктен тоқтатылып немесе қайта есептеу жүргізіліп жатқан себептеріне тоқтала кетейін. Осыған дейін құжат өткізгенде кейбір отбасылар өтініштерінде жеке кәсібі, шаруа қожалығы, басқа да табыс көздерін жасырып қалуы, бала күтімімен отырған адамның тұрақты жұмыс табуы, отбасының тұрғын үйі, пәтері, мал шаруашылығы бар екендігі анықталған жағдайда, АӘК учаскелік комиссиясы шешімімен жәрдемақы беру тоқтатылады.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші жәрдемақы алып отырған азаматтарға, жұмыспен қамту шараларына қатысуы не болмаса тұрақты жұмыс істеу керектігі көрсетілген. Сондықтан жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, қайта даярлау курстарына жолдама берілуде. Ал егер де бас тартса, жәрдемақы тоқтатылады.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына келушілерге мемлекеттік қызмет түрлерін алу электронды түрде жүргізіледі. Келушілердің қолына талон беріліп, мамандар қабылдауына кіреді. Қандай мәселемен келсе де, алдымен кеңесшінің кеңесіне сүйенген жөн.
– Жақында Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа жобасын таныстырды. Осы құжат жөнінде қандай түсіндірме жұмыстары жүргізілуде?
– Иә, жаңа 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа механизмі енгізіле бастайды. Көмек мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты, жәрдемақы мөлшері 42 500 теңгеден басталады. Сондай-ақ, АӘК бөлек есептеледі. Негізгі мақсат жұмыс жасауға қабілетті азаматтарға еңбек етуге көмектесу болып табылады. Сондай-ақ, кепілдендірілген әлеуметтік пакет жағдайы төмен отбасылардың балаларына ұсынылады. Оған алты жасқа дейінгі балаларға арналған тамақ, гигиена құралдары, мектеп киімі, тегін ыстық тамақ, қоғамдық көлікте тегін жол жүру шығындарын өтеу кіреді. Бүгінде тиісті мемлекеттік мекемеге келетін азаматтарға осы жаңалықтар туралы айтылып, түсіндіру жұмыстары қолға алынуда. Бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен мемлекеттік жобалық нұсқамалар жариялануда.
– Әңгімеңізге көп рақмет, жұмысыңызға табыс тілеймін.
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»