Basty betQoǵam

Көпбалалы аналардың мәселелері тыңдалды

Мемлекеттің басты байлығы мен капиталы адам дейтін болсақ, қазіргі таңда халық тұрмысының артуы – қоғамдағы басты мәселенің біріне айналып отыр. Әсіресе, көпбалалы аналардың және тұрмысы төмен отбасылардың қазіргі жағдайы, оларға мемлекет тарапынан берілетін көмектің көлемін ұлғайту, баспанамен қамту мәселелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақылауында екені белгілі.

Жақында қоғамда қызу талқыға түсіп отырған осынау түйткілді мәселелер жөнінде «Nur Otan» партиясының ХVIІІ съезінде ел Президенті Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Одан бөлек, 6 наурызда Ақордада Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминді, одан бөлек осы салаға қатысты жауапты тұлғаларды қабылдап, көпбалалы отбасыларға берілетін тиісті көмектерді 1 сәуірден бастап бере бастауды тапсырды.
Осы орайда «Nur Otan» партиясы аталған мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға түсіндіруші және атқарылатын жұмыстарға қадағалаушы ұйым ретінде қатысып отыр. «Әлеуметтік терезе» деген атаумен іске қосылған республикалық акция аясындағы жұмыстар 20-шы ақпаннан басталып кетті. Мұндай жұмыстар біздің ауданда да қызу жүруде деуге болады. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топтың құрамы осы салаға тікелей қатысы бар 12 мекеменің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жасақталған.
Жақында жұмысшы топ аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығында» бірқатар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың отаналарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жиынды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова ашып, «Әлеуметтік терезе» акциясының мақсатты жұмысына тоқталды. Келесі кезекте қабылдауға жазылған көпбалалы аналар мәселелерін ортаға салды. Келгендердің дені аудан орталығынан. Раиса Өрісова жәрдемақы бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығына өткізген құжаттарының мақұлданбай отырғанын айтса, отбасында 5 бала тәрбиелеп отырған ана Әзина Әділова үй салуға жер беруін сұрады. Ал Құрбанкүл Ниязбекова, Нұргүл Айтымбетова, Күлайым Шайдазимова алты айлық қоғамдық жұмыстың мерзімін ұзартуды сұрады. Олардың арасында жалдамалы пәтерлерге ай сайынғы ақысын төлей алмай отырғандары да бар. Қабылдау барысында қойылған осы және өзге де сұрақтарға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов, Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев талдап, заңдылықтар бойынша зерделей отырып, жауап берді.
Жұмысшы топтың отырысын «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова қорытып, қабылдауға келген көпбалалы отбасылардың мәселелері бойынша аудан әкіміне, сонымен бірге өзге де құзырлы органдарға ұсыныс жасалатынын жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close