Basty bet

Мәслихат мақсаты – халық игілігіне қызмет ету

Ауданда өкілді органның құрылғанына 25 жыл толуы мерекесі салтанатты аталып өтті

Тәуелсіз еліміздің тарихында 1994 жылдың 7 наурызы айшықты күн болып қалды. Дәл осы күні еліміздегі алғашқы әр деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. 25 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осы ширек ғасыр ішінде жергілікті өкілді органдардағы депутаттар корпусы демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекеттің буынын бекітіп, бұғанасын қатыруда атқарған еңбегі орасан.

Халық пен билік арасындағы алтын көпір бола отырып, мәслихаттар өз өкілеттіктері аясында өңірлердегі өзекті мәселелерді, қиын түйткілдерді, қордаланып қалған проблемаларды шешуге ықпал етті. Еліміз Тәуелсіздігінің тарихы мен шежіресі, қол жеткен биігі – еркіндік аңсаған ұлы халық пен Елбасының ерлікке пара-пар еңбегінің жемісі, зор жеңісі. Сындарлы жылдарда ғасырға бергісіз ғаламат белестерді бағындырдық.
Тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін осынау ширек ғасыр уақыт аралығында өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті өкілдік органдарының депутаттар корпусы – қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, еліміздегі халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда өз белсенділігін байқатуда. Әрине, бұл жерде Тәуелсіздік алған жылдардан бері жұмыстарында үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып жаңа сипат алып келе жатқан жергілікті өкілетті органдардың да қосып отырған үлесінің зор екендігі баршаға аян. Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 25 жыл толып отыр. Өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қаншама қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес.
Өткен жұмада аудандық «Достық» мәдениет үйінде Жуалы аудандық мәслихатының құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты мереке өткізілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасарлары, I-V шақырылған аудандық мәслихатының хатшылары мен депутаттары, мемлекеттік мекемелердің және құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдық округтер әкімдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, БАҚ және қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалғаннан кейін, «Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына 25 жыл» мерекесіне орай аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков «Мәслихаттың мақсаты – халық игілігіне қызмет ету» атты баяндама жасады. Ерғали Өтемісұлы депутаттық қызметтің сайлаушылар тарапынан көрсетілген сенім екенін атап өте келе, өкілді органның өткен тарихы мен сындарлы кезеңде атқарған жұмысының барысы туралы жан-жақты баяндап берді.
Салтанатты шарада айтулы мерекемен аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың алғашқы екі шақырылымының хатшысы Мырзахан Ахметов, үшінші және төртінші шақырылымның хатшысы Естемес Аманбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Дүкенбай Ермеков құттықтады.
Аталған іс-шара аясында аудан басшылары Нарбай Ергебеков пен Ерғали Тілеубеков Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылуының 25 жылдығына орай және Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін І-V шақырылымдардағы аудандық мәслихат депутаттарының үлкен тобын «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылуының 25 жылдығына орай және Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикасын дамуына қосқан үлесі үшін Алғысхаттармен аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымының депутаттары да тізім бойынша шақырылып, аталған мерекелік медальмен салтанатты түрде марапатталды. Сондай-ақ ауданның бір топ азаматы Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен, Жуалы ауданы мәслихатының Алғысхатымен марапатталды.
– Мәслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі. Бұл міндеттерді абыроймен атқару әрбір азаматтың қасиетті парызы. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат, ол – мемлекетімізді одан әрі нығайту, Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін! Мәслихаттың мақсаты – халық игілігіне қызмет ету. Жиырма бес жылда ауданымызда қызмет атқарған депуттатар мен қызметкерлерді мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, береке тілейміз, – деді қорытынды сөзінде аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков.
Іс-шара Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арнап аудан көркемөнерпаздары әзірлеген мерекелік концертке ұласты.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close