Qoǵam

Әкемізді «папа» деп кімді дәріптеп жүрміз?

Ұлы даланы мекен еткен байырғы ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдамай тұрған кезеңдерден бастап «көкке», яғни тәңірге, «аспандағы» Жаратушы Иеге – Тәңірге табынғаны баршаға аян. Сол Көк тәңірге табынған кездегі ескілікті аңыз-әфсаналарда әкелерін «көке» деп атағаны туралы пікір қалыптасқан.
Қазақ елі тәуелсіздігін алғанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де, тіл мәселесі, дәлірек қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік деңгейде іске асырылмай жатқанын көріп жүрміз. Ғалымдарымыз бен ақын-жазушыларымыз айтып та, жазып та жатқанына, Парламент деңгейінде ұлтқа жанашыр депутаттардың тіл мәселесін көтерген жанайқайына да қарамастан, бүкіл халық болып қостамай отырғандығы неліктен? Міне, көкейде осындай көптеген сұрақтар туындайды.
Барша қарапайым халықты айтпай тұрып, жоғарыда аталған ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз бен ұлт жанашыры депутаттарымыздың балалары әкелерін қалай атайды екен? Әй, барлығы болмаса да, көбінің балалары «папалап» жүргені жасырын емес. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мағынасы тереңде жатыр.
Кіші отанымыз отбасы – ошақ қасында әуелден әкелерін (папаларын) «көке» деп атап үйрену бәлкім жөн шығар. Отбасылық тілді дұрыстап алмай жағдай дұрысталмайтын сияқты. Сияқты емес, әй қайдам дәл солай. Ойланып көрейікші. «Мүмкін тіл тағдырын шешуді отбасын асыраушы әкелерімізді дұрыс атаудан кейін ғана қозғасақ» деген ойға жетелейді. Бәрі мүмкін ғой.
«Көке» сөзі «Отбасын асыраушы, құдіретті, жаудан қорғаушы, баланы жаратып өсіруші, имандылыққа, ісләм дініне үйретуші» деген мағына береді деп кітаптарда жазылған.
Мұсылман болғанда да көктегі жаратушы бір құдайға сыйынып, әкелерімізге «көке» десек, кейінгі жүз жыл көлемінде орыстанып, мәңгүрттенген қазақтар «папа» деп айтуға жағдай туғызды. Кеңес үкіметі тұсында ауыл қазағы қалалықтарға еліктеп көкелерін папалап шыға келді. Олай емес деп айтатын есті адам да қалмаған да шығар. Ол кезде абайша айтқанда «толық адам» да азайып, тіптен жойылып кеткен де болатын.
Енді бізге кім кедергі болып тұр. Ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз алдымен осыны дәріптеген еңбектер жазып, зерттеулер жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана елдің санасының оянуына септігін тигізер еді. Қазақ тілінің мемлекеттік тілдік деңгейге көтерілуге бір қадам болса да жақындаймыз.
Жастайынан қамқорына алып, тәрбиелеген әкелерімізді христиан дінінің католик шіркеуі дінбасы Папаға теңей берсек, жүргеніміз жүрген. Санамыз оянбайды да. Осыны терең ойланайықшы, ағайын.

Алдияр КӨБЕЕВ,
Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close