Qoǵam
«Roboland-2019» робототехника фестивалі
Бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін деп болжап отыр. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы десек, артық болмас. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің елімізде осы бағытта дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогрестің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда.ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «балаларға арналған технопарктер желісін» қалыптастыру арқылы әлемнің озық ғылымында бәсекелестікті арттыру қажеттілігін тапсырған болатын. Осы бағыт-бағдар бойынша оқушылардың интеллектісін дамытып, ой-өрісін кеңейту мақсатында инновациялық үйірмелер пайда бола бастады. Оның бір айғағы, ауданымыздың 13 мектебінде робототехника үйірмелері ашылған.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған бұл үйірмелердің негізгі мақсаты – командалық жұмысты және кеңістіктік ойлауды дамытып, балаларды шабыттандыру және интеллектуалдық әлеуетті ашу.
Мұнда оқушылар көптеген зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асырады. Сабақ барысы балалардың жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және ойлау еркіндігін дамытуға бағытталған. Бұл үйірмелерді ашқандағы тағы бір мақсат – ол жас жеткіншектерге тек ғана жаңа технологияларды үйретіп қана қоймай, оларды республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыру. Осы орайда аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен алғаш рет робототехника, бағдарлау және инновациялық технологиялардың «Roboland-2019» робототехника фестивалі өткізілді. Фестивальді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, білім бөлімінің информатика пәнінің әдіскері Роза Керімбаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте өткен фестивальға 10 мектептен сұраныс түсіп, оған 1-9 сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Шараға қатысушылар төрт бағыт бойынша сайысқа түсті. Олар: «Робо-сумо» (жекпе-жек алаңында роботтарды орналастырады), «Робо-лабиринт» (роботтың лабиринтте мәре алаңынан сөреге өту траекториясының сызбасын уақытқа өтіп шығады), «Кегельринг» (ең аз уақыт ішінде рингте орналасқан барлық кегльдерді итермелеуден тұрады ) және «Робо-шығармашылық» (қатысушылардың баяндамасы және жоба жұмысын көрсету) бағыттары. Әр бағыт бойынша жеке-жеке жүлделі орындар берілді.
Фестиваль қорытындысында қазылар алқасының шешімімен І орын №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жанат Құдайберген, №15 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушысы Айбек Сағындықов, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Ерасыл Таубаевқа берілді. Ал, №15 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушысы Мейірлан Жадырабек, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы Олжас Әділ, №1 мектеп-гимназияның сынып оқушысы Әбілхан Бораш, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Жан Сексенбаев ІІ орынға иелік етті.
ІІІ орынның жүлдесі №29 орта мектептің 8 сынып оқушысы Аяулым Ербол, №1 мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы Мирас Әзімхан, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Нұрасыл Пернебек, №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Рамазан Сейдерәліге берілді. Робототехника фестивалінде жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен жетекшілер аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталды.
Роза Керімбаева,
аудандық білім бөлімінің
«Білім сапасын басқару
және менеджмент»
бөлімшесінің әдіскері