Qoǵam
Көше асфальтталып, ауылға ауызсу кіргізіледі
Боралдай ауылдық округі әкімі Ғани Қуанышев Ертай ауылының тұрғындары алдында өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы есеп берді.
Ертай ауылдық клубында өткен есептік кездесуге ауыл тұрғындарымен қатар аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кезекті кездесуді Боралдай ауылдық округі әкімі Ғани Қуанышев ашып, есеп беру жиналысының маңыздылығына тоқталып, ауылға қатысты мәселелер көтеруге және шешімін табу үшін жұмыстар атқарылатыны туралы айтты. Әрі қарай ауыл тұрғындары өңірде 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндаманы тыңдады.
Жарыссыз сөзге алғаш болып шыққан ауыл тұрғыны М.Алашбаев «есептік баяндаманы тыңдап, атқарылған істерге көз жеткіздік, ауыл әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалаймын» дей келіп, «ауылдағы Тиесарық көшесін асфальттау жұмыстары жүргізілсе» деген тілегін жеткізді. І.Байболов «ауылымызға «Жастар аллеясын» соғып берсе, жастарымызға шабындық жерлер берілсе» деген ұсынысын жеткізді.
Тұрғындар ұсыныстарын тыңдай келе, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков Ертай ауылының Тиесарық көшесіне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарына ЖСҚ жасалғанын, асфальттау жұмыстары биыл жүргізілетінін жеткізді.
Ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленіп, орындалуы жүйелі бақылауда болатынын айтып, жиынды қорытындылады.
***
№20 Жамбыл атындағы орта мектептің ғимаратында Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышев Рысбек батыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, аймақта 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын баяндады.
Есептік кездесуге аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков қатысып отырды.
Жиынды ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев ашып, округ аумағында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады.
Баяндамадан кейін іле-шала жарыссөз басталып, ауыл тұрғыны Нияз Ауғанбаев атқарылған істерге оң бағасын бере келе, ауылдағы білім ошағы №20 Жамбыл атындағы орта мектепке акт зал салып беруді сұранды. К.Мешелов ауылдағы ауызсу проблемасын көтеріп, бұл мәселенің қашан шешімін табатынын сұрады.
Сөз кезегі аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Сейітбековке берілді. Ол Рысбек батыр ауылына ауызсу жүргізу жұмыстарына ЖСҚ жасалып, ауызсу құбырын жүргізу биылға жоспарланып отырғандығын айтып өтті.
Есептік жиынды ауылдық округ әкімі Ғани Қуанышев қорытты.
Абылайхан Сәрсен,
«Jańa ómir»