Qoǵam

Ауданның жаңа имамы таныстырылды

Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев денсаулығына байланысты өз өтінішімен қызметінен босатылып, орнына Асхат Ақмамбетов тағайындалды.

Ауданның жаңа имамын аудан басшылығына және жамағатқа таныстыру үшін өткен жұма күні ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы, облыстық Һибатулла ат Тарази атындағы мешіттің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев өңірге арнайы атбасын бұрды.
Сапар барысында Бейбіт Әліпбекұлы алдымен аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қабылдауында болды. Олжас Есалханұлы облыстың бас имамына өңірдегі діни ахуал туралы айта келе, оның назарына ауданда ресми тіркелген 26 мешіттің бар екенін, кейбір мешіттерде имамдардың жоқтығына байланысты дін кадрларын даярлауға баса көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Бейбіт Әліпбекұлы өз кезегінде аудан басшысына жаңа тағайындалған имамды таныстырды. Діни басқарма тарапынан бүгінде имамдарға жалақы төлеу мәселесі кезеңімен шешіле бастағанын, жергілікті жерлердегі имамдарға барынша көмек-қолдау көрсетуге, жамағаттың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыруға барынша күш салатынын жеткізді.
Бұдан соң облыстың бас имамы аудандық орталық мешітке жұма намазын өтеуге келген жамағаттың алдында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевты қызметінен босату және жаңа имам Асхат Ақмамбетовты тағайындау туралы бұйрығын оқып берді. 15 жылдан астам өңірдің руханият саласына қосып жүрген үлесі мен асыл дініміздің дамуына сіңірген еңбегі үшін Нұрлан Жұмакерімұлына ризашылығын білдірді. Оған өз атынан Алғысхат тапсырып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Асхат Ақмамбетов 1977 жылы Түркістан облысында туған, білімі жоғары, халықаралық қазақ-араб университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «дінтану» мамандығы бойынша бітірген. Ол бұған дейін Жамбыл облысындағы бірқатар мешіттерде имамның орынбасары, имам болып жұмыс істеген. 2020 жылдың тамыз айынан бастап Тараз қаласындағы Салы молда атындағы мешіттің имамы қызметін атқарған.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков жаңа тағайындалған ауданның бас имамы Асхат Аманжолұлына сәттілік тілеп, халықтың рухани түлеуі жолында бірлесе жұмыс істеуге үндеді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close