Qoǵam
Жастар ардагерлермен кездесті
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, куәгерлерімен және Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова және жастар қатысты.
Кездесуді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашып, сөз кезегін аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлына берді.
-Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке осыдан 33 жыл бұрын қол жеткізген болатынбыз. Бұл тәуелсіздік бізге оңайшылықпен келмеді. Өрімдей қазақ жастарының өршіл, намысшыл, рухшыл сезімдерінің, күш-қайраттарының арқасында келді. Бұл оқиғаға дейін Кеңес үкіметінің әскерлері Ауған жеріне енгізіліп, біздің сарбаздар сол елде азаматтық борыштарын өтегені белгілі. Жат елде қазақ сарбаздары табандылық танытып, ерлік көрсетіп, арамызға аман-есен оралды. Әрине, кейбір жерлестерімізден айырылған болатынбыз. Ал, қазіргі таңда арамызда аман-сау жүрген бұл азаматтар тәуелсіз елдің батырлары атануда. Тәуелсіздік алған жылдан бастап небір қиын кезеңдерді бастан өткердік. Бүгінде еліміздің экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты артуда. Бұл ретте, сіз бен біз осы тұрғындардың тұрмыстық жағдайының артуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек, – деп кездесудің мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталды.
Алар тағылымы, өнегесі мол шарада сөз кезегі «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Садыққызына берілді. Ол еліміздің ертеңі жастар буыны партияның назарынан тыс қалмайтыны, биылғы жылдың Жастар жылы болып жарияланып, жастарға үлкен сенім артылып отырғанын еске сала келе, бейбіт елдің батырларын партияның Саяси кеңесінің атынан Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Сондай-ақ кездесуде Ауған соғысының ардагері Қосмұрат Имақаев сөз алып, ой-пікірін ашық жеткізсе, «Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайл Көбесов жылы лебізін білдірді. Ал, жастардың атынан сөз алған Шақпақ ауылдық округінің әкімі, үздік мемлекеттік қызметші Мұстафа Бектұрғанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, берер тәлім-тәрбиесі мол екенін атап өтті. Осындай игі басқосулар алдағы уақытта ұйымдастырылса, өзіндік үлесін қосатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол тәуелсіз елдің ұрпағы екенін мақтан тұтанын, білек емес білімге сенетін уақыт екенін айта келе, жастарды туған жері үшін еңбек етуге шақырды.
Кезек жастарға беріліп, олар ардагерлерге сұрақтарын қойды. Жастардың бірқатары Ауған соғысының ардагерлеріне сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарын алды. Ал, «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Эсмира Мәден өз сауалын Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Ләззат Әшірбековаға арнап, Ләззат Асанова туралы білетін деректерімен бөлісуді сұрап, Ләззат Әшірбекова 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы туралы естеліктерімен бөлісе отырып, білетін дүниелерін кеңінен әңгімелеп берді.
Жиында тәуелсіздік құрдасы, №16 «Жуалы» колледжінің маманы Бибігүл Сағымбекова «Тәуелсіздігім» атты өлеңін оқып беріп, ізгі тілегін жеткізсе, Билікөл ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы Нұрсұлтан Қазақбаев жастарға үндеу тастады.
Кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлы түйіндей келе, марапатқа кезек берді. Бірінші кезекте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі Желтоқсан оқиғасының қатысушылары мен куәгерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырса, Ерғали Өтемісұлы бірқатар Ауған соғысының ардагерлеріне төсбелгілер мен медальдар тапсырды.
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»