Qoǵam
Кеңес жұмысы ашық, жариялы жүруде
Елімізде Қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтар айында құрылып, төрт жыл ішінде өзіне жүктелген міндеттерді өз өкілеттігі аясында лайықты деңгейде атқарып келеді. Қоғамдық кеңестер Елбасының ұйғаруымен Ұлт Жоспары- «100 нақты қадамның» 99 қадамының талабына сай атқарушы билік пен азаматтық қоғамның арасындағы дәнекер, әрі ақыл қосушы, мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, бақылаушы орган ретінде құрылған. Ұлт Жоспарында Қоғамдық кеңестер туралы былай делінген: «Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы Қоғамдық кеңестердің стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын, бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру» болып табылады.
Тұңғыш Президент-Елбасының Ұлт Жоспарының 99 қадамын және «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен типтік Ережені және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы мен Ұлттық Сенім кеңесінің алғашқы отырысындағы сөзін басшылыққа ала отырып, аудандық Қоғамдық кеңес өз жұмысын лайықты деңгейде ұйымдастыруда. Қоғамдық ұйым 17 мүшеден тұрады. 2019 жыл басынан біржылдық жоспар жасалынып, оның тиянақты және түпкілікті өткізуде әр кеңес мүшесі атсалысуда.Барлығы 73 іс- шара өткізу жоспарланса, 8 ай ішінде оның 53-і өткізілді. Қоғамдық кеңес аудандағы барлық ауылдық округтердегі халықпен 42 кездесу өткізді.
Қоғамдық кеңестің басты мақсаты- халыққа сапалы қызмет көрсету, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, зерделеп, тиянақты көмек көрсету. Қоғамдық кеңестің атына аудан тұрғындарынан түскен өтініш, арыз-шағымдар дер кезінде, уақтылы қаралып, шешім қабылданады. Әр өтініштің, әр хаттың артында тұрған адамдарды ескере отырып, жыл бойындағы түскен хаттар тиянақты, мұқият тексеріліп, тиісті шара қолданылып отырды. Сондай-ақ, осы есептік мерзімде аудан тұрғындарынан 22 арыз-шағым түсіп, барлығы қаралып, тиісті шара қолданылды.
Қоғамдық кеңес жанынан үш комиссия құрылған. Олар өз жұмысын жоспарлы түрде, жылдық жоспарға сай, «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы, Ережесі аясында жүргізуде. «Бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері, білім, денсаулық сақтау жөніндегі» комиссияны Қоғамдық кеңес мүшесі Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев басқарады. «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссияны кеңестің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлнәр Мұсаханова және «Аграрлық саясат, ауылдық аймақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі» комиссияны Әбуғали Ералиев басқарады.
Жыл ішінде Қоғамдық кеңес өз жұмысын бірнеше бағытпен жүргізуде.
Бірінші бағыт бойынша: Қоғамдық кеңестің қызметінің мақсаты – қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру болғандықтан Заңның 5 бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес аудандық бюджеттің жобаларын және олардың орындалуын бақылауға алып, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға жеткізу туралы есептерін тыңдап, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысты.
2019 жылы аудандық Қоғамдық кеңестің 19 отырысы өтті. Онда ұсынылған 20 құжат (шешім, қаулы және т.б.) бойынша барлығына қорытынды берілді. Қоғамдық кеңес мүшелері 11 қоғамдық мониторинг өткізді. Білім беру, ауыл шаруашылығы салалары, аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджет туралы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәселелері, ауыл тұрғындарын газбен, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері кеңес отырыстарында талқыланып, тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданды.
Жыл басынан бері 30 каңтар мен 8 ақпан аралығында өткен Қоғамдық кеңестің көшпелі отырыстарында 14 ауылдық округтері әкімдерінің есептері және сол жиындар барысында аудан әкімінің және учаскелік полиция инспекторларының есептері тыңдалды. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің жанынан «Ақжүніс» аналардың қоғамдық комиссиясы құрылып, бекітілді. Аудандық Қоғамдық кеңес отырыстарында «Жуалы-Су» МКК-нің 2018-2019 жылдары атқарылған жұмыстары да талқыланып, қаралды.
Аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің ұсыныстары, аудандық мәслихаттың шешімдерінің күшін жою туралы, аудандық білім саласының оқу жылына дайындығы туралы мәселелер де кеңестің отырыстарында талданып, баға берілді. Күреңбел, Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтері әкімдерінің өткен жылдың 6-8 айында атқарған жұмыстары да талқыланды.
Сондай-ақ, аудан әкімдігінің 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілсе, 2019-2021 жылдарға арналған бюджет қаралып, талқыланды. Қоғамдық кеңес президиумының отырыстарында аудан әкімі мен бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Айта кету керек, аудан әкімдігінің білім бөлімінің жұмысында келтірілген кемшіліктерге байланысты қоғамдық кеңестің арнайы комиссиясының зерделеген қорытынды құжаттары облыстық Қаржы полициясына тексеруге жіберілді.
Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері одан басқа кеңес отырыстарында мемлекеттік органдар басшылардың есептері, бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысы, ауыл тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы «Жуалы Су» МКК, сондай-ақ, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім беру, төтенше жағдайлар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысы жұмысқа сылғырттық танытуда деген баға берілді) бөлімдерінің 2019 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалып, тиісті баға берілді.
Осы есептік мерзім арасында Қоғамдық кеңестің отырыстарында 11 нормативтік-құқықтық актілер жобалары қаралып, ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, 29 мемлекеттік органдар басшыларының, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептері тыңдалды.
Қоғамдық кеңестің екінші бағыты – Заңның 3-тармағына сәйкес аудандық Қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленістерінің оң шешімін табуына арналды.
Аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері Жетітөбе ауылдық округінің аумағында және қорытынды қоғамдық тыңдауды аудан орталығында өткізді. Онда Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қастер Жанарбековтың бюджеттік бағдарламалардың орындалуы барысында әдеп нормасын сақтамауы, тәртібі мен жауапкершілігі қаралды. Ауыл тұрғындарымен өткізілген жиында оның қатысушылары ауыл әкіміне көптеген наразылықтар білдіріп, оның жұмыс орнын босатуын талап етті. Қоғамдық кеңестің ұсынысымен Жетітөбе ауылдық округі әкімдігінің жұмысын тексеру үшін облыстық Әдеп комиссиясы жіберілді. Жиынға 100- ден аса адам қатысты. Комиссияның қорытындысымен Қ.Жанарбеков жұмыстан босатылды.
Қоғамдық кеңеске аудан тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар мен өтініш-тілектер дер кезінде қаралып, зерделеніп, тиісті шешім қабылданады, жауаптары беріледі. Алайда, 2019 жылы ауыл тұрғындарынан түскен барлық 20-дан астам арыз-шағымдар уақтылы қаралып, оң шешімін тапты. Атап айтсақ, аудан тұрғындарын толғандырған ағын және ауыз су, жол, жарық, газ, жайылым жағдайы сынды өзекті мәселелер тиісті органдарға жолданды.
Жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан түскен арыздар да қаралып, оларға лайықты көмек көрсетілді. Онда олар жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек алу, қоғамдық жұмыстармен қамтылу мәселесін көтерген болатын. Екі азаматтың арызы бойынша бұл отбасыларға өшірілген газ, электр жарығы қайта қосылды, оларға қарыздарынан құтылуға жолдар қарастырылып, көмек берілді.
Денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңда «Денсаулық» бағдарламасының орындалу бағытында келтіріліп отырған кемшіліктері жөнінде аудандық Қоғамдық кеңес жоғары органдарға, яғни, облыстық Қоғамдық кеңеске тиісті шара қолдану үшін хат жолдады. Аудандық орталық аурухананың жұмысы бүгінгі таңда Қоғамдық кеңестің бақылауында тұр. Айта кету керек, балабақшалар мен мектептерден түскен арыз- шағымдар бойынша аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері олардың барлығын аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерді өз бақылауына алды.
Үшінші бағыт: Заңда белгіленген қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өтініштердің іске асырылуы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында қоғамдық мониторинг, сараптама, тыңдау және мемлекеттік органдардың жұмысының нәтижесі жөніндегі есептерді тыңдау арқылы жүргізіліп отырады.
Жыл сайын аудан халқына қызмет көрсететін мекемелердің басшыларының жұмысы Қоғамдық кеңестің отырыстарында тыңдалып, сараптама жасалады. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту», басқа да көптеген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Қоғамдық кеңес өз жұмысында жергілікті қоғамдастықтардың пікірі мен ұсыныстарына да сүйене отырып, олармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
2019 жылы Қоғамдық кеңес тарапынан өзекті мәселелерді шешу жолында жоғарғы мемлекеттік органдарға 5 ұсыныс және 6 өтініш жолданды. Аудан тұрғындарын толғандырған маңызды мәселенің бірі- табиғи газ бен ауыз су мәселесі. Қоғамдық кеңестің жүргізген зерделеу жұмыстары нәтижесінде бұл салада жіберілген кемшіліктер жойылып, жұмыс жандана бастады, су үздіксіз берілу мақсатында жұмыс атқарылуда.
Төртінші бағыт бойынша аудандық Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығы мен жұмысының жариялылығын арттыру мақсатында, кеңестің мүшелері алдында тұрған өзекті мәселелерді, атқарып отырған шараларды және қабылданып отырған шешімдер мен берілген ұсыныстар жайлы аудан тұрғындарын үнемі хабардар етіп отырады. Ол туралы аудан жұртшылығымен өткізген кездесулер мен жиындарда, қоғамдық қабылдаулар мен кеңестің отырыстарында жария етіледі.
Аудандық Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газеттеріне 2019 жылы 8 айында 12 мақала жарияланды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің білімділігі мен белсенділігімен және әрбір мәселеге жанашырлықпен, жоғары жауапкершілікпен қарауының арқасында қоғамдық ұйым өз жұмысын ашық және жариялы түрде жүргізуде. 2019 жылдың бүгінгі таңға дейін белгіленген барлық мәселе тиянақты қаралып, шешімін тапты.
Сейітхан Жұмашев,
аудандық Қоғамдық
кеңестің төрағасы