Qoǵam

Көпұлтты үлгілі отбасы

Азат және Анжела Шыңғазылар ауданымызда жас ұрпақты спортқа баулып жүрген спортсүйер отбасы. Отбасының отағасы Азаттың бастамасымен 2017 жылдың мамыр айында аудан орталығындағы таэквондо мектебіне қарама-қарсы ғимараттан «Жуалы Арлан» аралас жекпе-жек клубы ашылған болатын. Клуб алғаш ашылғанда аралас жекпе-жекке он шақты бала қатысса, қазіргі таңда клубта 100-ден аса бала жаттығады. Азаттың жаттықтырған шәкірттері аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда клубта үш спорт шебері, сегіз спорт шеберіне үміткер, 25 Қазақстан Республикасының чемпионы, екі әлем чемпионы, бір әлем чемпионатының күміс жүлдегері бар. Мұндай жетістікке Азат оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Үлкен жеңіс ізденісті, тынымсыз еңбекті, төзімділікті талап еткені даусыз.

Аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Азат Шыңғазы – еңбекқор жаттықтырушы. Клубтың ұйымдастыру жұмыстарының барлығы жұбайы Анжеланың мойнында. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Анжела бүгінгі таңда облыстық Грэпплинг федерациясының президенті, «Жауынгерлік өнер» Ассоциациясының президенті Бейбіт Ыстыбаевтың көмекшісі.
Азат Төлематұлы 1984 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында өмірге келген. Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда білім алып, білімін Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде банк ісі факультетінде жалғастырған. Колледжді аяқтаған соң Әулие ата университетінде заңгерлікті оқыды. Ал, қазіргі таңда Алматыдағы Туризм және спорт академиясында дене шынықтыру факультетінде білім алуда.
Отанасы Анжела Исмаилова 1989 жылы Көлбастау ауылында туған. Қазіргі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, «Әулие ата» университетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Анжела мектеп қабырғасында жүргеннен бастап ерекше белсенділігімен көзге түсе білді. Оқуда озат болды, мектептегі іс-шаралардың үнемі басы-қасында жүретін. Аудандық іс-шараларда жүргізуші болатын кездері де болған. Аудандағы өнер мектебінде фортепиано, қолөнер үйірмесіне қатысты. Спортсүйер Анжела таэквондоға да уақыт табатын.
Көпұлтты отбасы Азат пен Анжела үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары Нұрғазы әкесінің жаттықтыруымен бес жасында Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Панкратионнан халықаралық чемпион атанды. Нұрғазы бос уақытында ағылшын тілі мен ментальді арифметика үйірмесіне қатысады.
Екінші перзенттері Нұрай да жан-жақты. Ән салып, би билегенді ұнатады. «Славян» этномәдени берлестігінің белді мүшесі. Қолөнер, ағылшын тілін үйрету үйірмесімен қатар ата-анасының спортзалындағы грэпплинг спорт түріне қатысады.
Ал, үшінші ұлдары Жанғазы екі жаста. Кішкентай Жанғазының өзі спортзалда спортпен шұғылданады. Жанғазы үлкендердің жасаған қимылдарының барлығын айна қатесіз қайталап бере алады.
Спорт сүйер отбасының сегіз айлық ең кішкентай ұлдары Шерғазы да сүйенішпен (ходунокпен) спортзалда жүгіріп жүреді.
– Әкем Владислав Мұзафарұлының ұлты әзірбайжан, анам Людмила Васильевна орыс.
Анам орыс болғанымен мұсылман жолымен тәрбиеленді. Анам тазалыққа құмар жан. Енем Хафиза Омартайқызының да тәрбиесі дәл солай болды. Ол кісі де тазалықты қатты талап етеді. Бұл тамаша қасиет қой.
Атам Төлемат Шыңғазыұлы сабырлы, шындықты жаны сүйетін кісі. Үлкен атамыз Шыңғазы Үлеков деген кісіні өзім көрген жоқпын. Бірақ, бүкіл аудан қадірлейтін іскер басшы, мықты ұйымдастырушы, сыйлы азамат болғанын естіп білдім. Осындай отбасына келін болғанымды мақтан тұтамын.
Қазақ отбасына келін болып қиналған жоқпын. Себебі, қазақ тілін кішкентайымнан үйрендім. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпынан да жақсы хабардармын, өзіме ұнайды. Бір қиналатыным, қонақтарға табақ тарту дәстүрі. Қай қонаққа қандай сүйек қойылатынын әлі күнге дейін шатастырамын.
Отбасымызда 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлаймыз. Себебі, бұл ұлы мереке, екіншіден, біздің беташарымыз, тойымыз да осы күні болған. Және барлық балама аяғым ауыр кезде осы Наурыз мерекесінде дайындалатын наурызкөжеге, оның ішінде енем дайындаған наурызкөжеге жерік болғанмын (күледі).
Өмірде ененің тәрбиесінің орны бөлек. Ол кісі үлкен кісілерге иіліп сәлем беру, үйде орамал тағу, үлкен кісілердің шаңырағына барғанда ормал тағып бару, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйретті. Одан жаман болмаймыз. Азат екеуміз қандай тірлікті қолға алсақ та, қайда барсақ та ата-анамыздың батасын алып барып кірісеміз. Ол кісілерге де ризамыз, ешқашан бетімізден қақпай, үнемі қолдау білдіріп келеді.
Ауылдан аралас жекпе-жек клубын ашу Азаттың идеясы болды. Мен қолдау білдірдім.
Қазір отбасымызбен спортзалда жүреміз. Талантты жастарды спортқа тәрбиелей отырып, талай жарыстарды ұйымдастырдық. Жақында «Тараз-Аренада» ҚР чемпионатын өткіздік. Республикалық деңгейдегі жарысты ұйымдастыру оңай шаруа емес. Алайда жастардың жетістігі, қуанышы адамға рух береді. Елімізде спорттың дамуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз.
Отбасымызда өзіміздің тәрбиелеп отырған балаларымыздың да спортпен шұғылдануына аса мән береміз.
Балалардың сабағын қатты қадағалаймыз. Бос уақытымызды балаларға арнаймыз. Көбінде тарихи-мәдени ескерткіштерге, кинотеатрға, музейге барамыз. Түркістанға, Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарға бардық. Ондағы ойымыз балаларымыз халқымыздың тарихын білсін, өткені мен бүгінін салыстырып, барын бағалай білсін деген мақсат,- дейді Анжела.
Азат пен Анжела тұрақты түрде Тараз қаласындағы жетімдер үйіне азық-түлік, қой, достарынан жарамды киім-кешектер алып барып демеушілік жасап тұрады екен. Әрдайым қайырымдылық жасауды парыз санаған отбасы жақында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған үш баланы асырап алуды жоспарлап отыр. Бұл – үлкен сауап іс.
Спортсүйер, еңбекқор, көпбалалы отбасының игі бастамалары жас отбасыларға үлгі-өнеге.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close