Qoǵam

Әйелдер кәсіпкерлігіне кең өріс

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналды. Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне баса назар аударылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті әсіресе, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің бүгінгі дамуына тоқталып, оны әрі қарай жандандырудың негізгі жолдарын айқындап, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Ауданымыздағы Іскер әйелдер кеңесі өңірлік кәсіпкерлер палатасының тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Кеңес 2016 жылы құрылып, оған Әсима Шекеева жетекшілік етіп келеді. Іскер әйелдер кеңесінің мүшелігіне ауданымыздағы бірнеше кәсіпкер әйелдер кірген, яғни Гүлмира Әсемова, Нүрилә Мәлібекова, Банати Ибрагимова, Айнакүл Ахмадбекова, Жанэль Пралиева, Алтынай Шамшиева, Гүлнар Канапияқызы бар.
Кеңестің басты мақсаты – іскерлік ортада белсенділігін арттыру мақсатында әйелдерді бір одаққа біріктіру, мүмкіндігінше кәсіпкерлікке тарту, кәсіп ашуға көмек-қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, басқа аудандағы іскер әйелдермен іс-тәжірибе алмасу, ауданымыздағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлес қосу болып табылады.
Аталған кеңес алдағы уақытта кәсібін жаңадан ашқан немесе ашқысы келетін әйелдерге ақыл-кеңес ретінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, кәсібі алға дөңгелеген іскер әйелдерге кәсібін кеңейтуге көмектесуді жоспарлап отырған жайы бар. Әйел-аналарға көмек қолын соза отырып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, жұмысын заң жүзінде жүргізуге атсалысуды да ойластыруда.
– «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтылмаса керек. «Отбасы, ошақ қасы» деп үйде қарап отырмай, еліміздің экономикалық дамуына әйел кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Түрлі салада биік шыңды бағындырып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген жандар да жетерлік. Кеңестің құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Алайда атқарған шаруалар ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Кеңес мүшелерімен бірге ауыл-ауылды аралап, кәсібін ашқан немесе ашқысы келетін жандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп, бағыт-бағдар бердік. Басқа аудандарға барып, кездесулер өткіздік. Атап айтар болсам, Шу, Қаратау қаласында, Ақсукент, Құлан ауылдарындағы іскер әйелдермен тәжірибе алмастық. Шу қаласындағы кәсіпкерлерден біздің кәсіпкер әйелдер шаштараздың ішін жабдықтауды, дизайн жасауды, қалай жұмыс істеу керектігін үйренді. «Жақсыдан үйрен» дегендей, әр аудандағы кәсіпкерлерден өзімізге керекті дүниелерді алып, жұмысымызды алға жылжытудамыз.
Қоғамның жұмысы мен отбасын қатар алып жүретін іскер әйелдер кеңесі «NURAI PLAZA» кешенінен офис ашып, осында жұмыстарын жандандыруда. Мұнда ісін жаңадан ашатын әйелдер келіп, кеңестер, бағыт-бағдар алуда,-дейді кеңес төрайымы Әсима Шекеева.
Кеңес мүшелері аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Түрлі жәрмеңкелер өткізіп, қайырымдылық жасауда да қалыс қалған емес. Кеңес төрайымының айтуы бойынша, алдағы уақытта ұлттық тағам түрлерін, сүт өнімдерін өндіріп отырған кәсіпкерлерді жәрмеңкеге тартып, нәтижесі болып жатса, облыс, республика көлемінде ұйымдастыруды жоспарлауда.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close