Qoǵam

ШЕРХАН ЖӘНЕ МҰСАТАЙ

Шерхан Мұртаза ағамыздан бастап, Жуалыдан шыққан ақын-жазушылар Мұсатайды жақсы көреміз. Өйткені, әдебиетті, өнерді сүйеді, қолынан кітап түспейді. Әдебиет пен өнерге жақын адамның жан дүниесін кір баспайды, айнадай жарқырап жүреді. «Ауыл жайлы, оның адамдары туралы жазғыларың келсе, Жуалыға барып, базарком Мұсатайдың әңгімесін тыңдаңыздар», – деуші еді жарықтық, Шерхан Мұртаза ағамыз.
Мұсатай мырза жүрген жері – ән, әдемі әзіл-қалжың. Ол жымиып қойып, әңгіме айтқанда, небір мықты сатира-юмор артистерің айдалада қалады. Базаркомның тұла бойының өзі толып тұрған юмор, Мұсекең туралы елге тарап кеткен, еріксіз езу тартқызатын әңгімелер көп.
Бірде Мұсатайдың кабинетіне балуан денелі екі жас жігіт баса-көктеп кіріп келді.
– Ағасы, крышаң қандай? – дейді рэкеттің бірі.
Сөзі түйеден түскендей мына жігітті өрт сөндірумен айналысатын мекеменің испекторы деп ойлаған Мұсатай әлгі екеуді сыртқа алып шығады.
– Көріп тұрсыңдар ғой, кеңсенің крышасы – шифер, – дейді ол шатырды көрсетіп. Рэкеттер базаркомға таңдана қарап кетіп қалады. Олар араға үш тәулік салып қайта оралады:
– Ағасы, крышаң қандай? – дейді рэкеттің бірі.
– Әй, жігіттер, – дейді Мұсатай ашуланып – өткен жолы айттым емес пе. Крыша шифермен жабылған деп.
– Директор мырза, өзіңіз барып тұрған нөл екенсіз, – деп қос рэкет кабинеттен жылыстап шыға беріпті.
Есік шалқасынан ашылып, түсі суық бейтаныс біреу директорға гүрілдей сәлем береді. Өзі де түйедей, сөзі де түйедей ұзынтұра Мұсатайға таңдана қарайды.
– Мен зонадан келдім, – дейді зэк әй-шәй жоқ, – сонда отырған қаракөз бауырларыңа көмек қажет. Олардың да аузы бар. Керекті заттар жазылған тізімді қарап шыққан Мұсатай шошып кетеді:
– Бауырларым-ау, мына сұрап отырған заттарыңа бір емес, екі қыздың тойын жасауға болады ғой.
– Түйе сұраса, бие беретін қазақтың бірі деп келіп отырмын, көкесі. Жөн білетін жігітсің, – дейді сақалды дүңк еткізіп.
Мына қызылкөз пәледен оңайлықпен құтылмайтындығын сезген базар директоры шама-шарқынша азық-түлік, арақ-шарап беріп жібереді. Көп ұзамай-ақ әлгі зона көсемінен сәлем хат келеді.
– Үлкен рахмет! Сені осында отырған бауырларың керемет сыйлайды, хан көтеруге бар. Түсінетін жігітсің ғой, мына тізімдегі заттарды тезірек салып жіберетініңе сенемін…»
Бірде Мұсатайға құрдасы Серғазы келе қалады. Оның көзі дәл төрде тұрған креслоға түседі.
– Мына креслоң ханның тағындай екен, – дейді Серғазы оны ұстап көріп.
– Әдейілеп қойдым, – дейді Мұсатай – кіріп келген дұшпандардың мысы оны көргенде басылып қалады. Үлкен есікте бір тыным жоқ, біреулер кіріп жатыр, енді біреулер шығып жатыр. «Айран сұраған шелегін жасырмайды» демекші, келген ағайындардың көбісі бірдеңе сұрай келеді.
– Мына қазақтар екеуміздің емін-еркін әңгіме айтуымызға мұрша беретін емес, маневр жасап келсек қайтеді, – деп Мұсатай құрдасына қарайды.
– Түсінбедім, Мұсеке…
– Қабылдау бөлмесінде бәле іздеп келген біреулер отыр, ананы-мынаны айтып, миымызды ашытады. «Бәледен машайық қашыпты» деген. Қазір бір шаруамен асығыс шығып кеткен болып, кеңсенің артқы жағындағы ұрын есіктен кабинетке қайта кіріп, әңгімемізді жалғайық, – дейді Мұсатай қулана күліп. – Әйтпесе, бұл ағайын маза бермейді екеумізге.
Құрдасы екеуі «маневр» жасап, көп ұзамай үзілген әңгімені қайта жалғапты…
Салық инспекциясының жігіттері орынсыз тиісе берген соң бір күні Мұсатай олармен қақтығысып қалады. Екі инспектор қара аспанды төндіріп, ұрып-соқты, әке-шешемізден түк қалдырмай боқтады деп, ішкі істер бөліміне құлаштай етіп арыз жазады. Бәле іздегендерге аяқ астынан куәлер де табыла кетіп, базардың директоры 15 тәулік мерзімге абақтыдан бір-ақ шығады.
Күйеуін 15 тәулікке отырғызып қойғанын естіген аудандық ЗАГС-тің меңгерушісі Ризагүл Апбасова жанұшырай жетіп келеді.
– Ойбай-ай, абақтыға түсетіндей не бүлдіріп қойдың, Мұсатай? – дейді жылауға шақ тұрған келіншегі. – Дос бар, дұшпан бар, елдің бетіне қалай қараймыз, ұят болды-ау! Масқара! Енді не істейміз?
– Ризагүл, ештеңе етпейді, абыржыма, ұлы адамдардың бәрі де түрмеде отырған, – дейді Мұсатай жайбарақат. – Не көрмеген бас, абақтыға да жатып көрейін…
Абақтыға алғаш күні түскенде, лампочка біткен күйіп кетіп, қара ормандай қап-қараңғы болатын. Мұсатай қарамағындағы бір жігітке тапсырма беріп, электр шамдары жарқырап, күзетшілердің көзі ашылып қалды. 15 тәулік мерзімі бітіп, ертең үйге қайтайын деп отырғанда, Ясная-Полянка ауылындағы орта мектепте директор болып қызмет атқаратын сыныптас досы Серғазы артынып-тартынып келді. Аш құрсақ болып жүрген сержант та ақкөңіл жігіт екен, ет жеп, сорпа ішіп, ағынан жарылды:
– Мұсатай аға, сіз сияқты тәртіп бұзушылар көп болса ғой, шіркін! Абақтымыз тастай қараңғы еді, он шақты лампочка қойғызып, жарқыратып қойдыңыз. Алты айдан бері жалақы ала алмай, тоя тамақ ішпей жүр едік, сіз келгелі бері кәдімгідей ет жеп, сүйек мүжіп, адам болып қалдық. Не дейміз аға, мына кішкентай абақтымызда жата беріңіз.
– Әй, сержант, жата бер дегенің не, аман-есен шығыңыз – деп айтпайсың ба? – деді жанында отырған учаскелік инспектор ескерту жасап.
– Әрине, аман-есен шығуыңызға тілектеспін ғой, – деді сержант тоқпан жілікті қолына алып, – бірақ, сіз кетіп, түрмеміз қаңырап қалатын болды, бізге жиі-жиі келіп тұрыңызшы…

ҚОЛТАҢБА

1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Шерхан Мұртазаның 60 жылдығы Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының жағасындағы «Пионер» лагерінде аталып, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Алматыдан, республиканың басқа да өңірлерінен келіп, қаламгердің торқалы тойы дүркіреп өтті.
Есте қалар бұл жиынды сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелді ашып, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы заңғар жазушы, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбіш Кекілбаев баяндама жасады. Ағасының тойына Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңестер Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров арнайы тікұшақпен ұшып келді. Осы күні қасиетті Жуалы жерінде ән шырқалды, күй күмбірледі. Күні бойы созылған концерттік бағдарламаны Мұсатайдың жұбайы, аудандық ЗАГС-тің меңгерушісі Ризагүл жүргізді. Атағы жер жарған жазушы ағасына Мұсатай мен ұлы Исатай да қызмет көрсетіп, барлық мәдени шараларды бейнетаспаға түсіріп алды.
Арада төрт жыл өткен соң, Мұсатай Апбасов Шерхан ағасымен Жуалы ауданының әкімшілігінде кездесті. Тәуелсіздігімізді алғанға төрт жыл болса да, экономика тоқырап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымыз әлі тәлтіректеп тұрған кез. Қайда барсаң да жұмыссыздық, ала дорба арқалап жүрген әйелдер шықпа жаным, шықпа деп тұрған кезде әдебиет, өнер және мәдениетке көңіл бөлінбей, халық рухани жағынан құлдырап кетті.
Аудан әкімшілігінің мәжіліс залына кіргенде, әкімнің жанында отырған Шерхан Мұртазаны Мұсатай бірден таныды. Жерлес жазушының жанына жайғасқан алматылық жазушыларды да шырамытты.
Жиынды аудан әкімі Ермек Үсенбаев ашып, республика бойынша жүріп жатқан саяси науқан баспасөзге жазылудың маңыздылығына тоқталып, Алматыдан арнайы келген жазушы Шерхан Мұртазамен, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Уәлихан Қалижанмен, айтулы басылымның алқа мүшесі Әділ Дүйсебековпен және аталған газеттің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібаймен таныстырып өтті. Алғашқы сөз – «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Уәлихан Қалижанға берілді.
– Жуалыға даңқты батыр-жазушы Бауыржан Момышұлының, есімі бүкіл қазаққа белгілі журналист, кезінде «Қазақстан коммунисі» журналының Бас редакторы болған Құрманбек Сағындықовтың, Қазақ-станның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ауылы деп келіп отырмыз.
Өкінішке орай, ауданда баспасөзге жазылу өте нашар жүруде. Намыс қайда? Қазақи тәрбие қайда? Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанға» неге жазылмайсыздар? – деп Бас редактор сөзін өкпе-наздан бастап, жиналған жұртшылықты газетке жазылуға шақырды.
– Кімде қандай пікір бар? – деді аудан әкімі залға қарап.
– Менің бір ауыз сөзім бар, – деді алдыңғы қатарда отырған аудандық кәсіподақтар одағының төрағасы Махамбет Ерімбетов орнынан тұрып:
– Біз «Егемен Қазақстанға» жазылмаймыз. Бұл басылым «Время» газеті сияқты шындықты, ақиқатты жазбайды. Меніңше мұндай басылымның керегі шамалы.
Үлкен залдың іші құлақ ұрғандай тым-тырыс бола қалды. Мұсатай қолын көтеріп, сөз сұрады. Аудан әкімі: «Сіз не демексіз? Жаңа айтты ғой ағаң айтарын» деді жақтырмай.
– Әркімнің өз ойы, өз пікірі бар, – деді Мұсатай байыппен сөйлеп – құрметті алматылық қонақтар, бір адамның пікірі – көпшіліктің пікірі болып саналмайды. Жеке басым «Егемен Қазақстанды» сүйіп оқимын. Еліміздің Бас газетінде барлық күрделі мәселелерді көтереді, бұл газет – қазақ ұлтының үлкен рухани байлығы. Ашынған қарын тойынар, жыртылған етік бүтінделер, біз рухани жағынан аш болмайық, рухани аштықтың зардабы үлкен. Осы залдың ішінде аудандық ұйымдардың, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың басшылары, мәдениет, денсаулық, білім бөлімдерінің өкілдері отыр. Бәріңізді баспасөзге, оның ішінде еліміздің Бас газеті – «Егеменді Қазақстанға» жазылуға шақырамын. Мен басқаратын «Сарыағаш» базарының еңбек ұжымы 60 газетке жазылатын болады – дегенде залда отырған халық ду қол соқты.
Ерімбетовтың сөзінен кейін көңілдері түсіп кеткен Шерхан Мұртаза бастаған қонақтардың еңсесі көтеріліп қалды. Жиналыс біткен соң, Мұсатай жақын маңайдағы «Сарыағаш» базарына бет алды. Біраз шаруаларын тындырып, кешкі шайына енді отыра берейін дегенде, аудан әкімінің орынбасары кіріп келді.
– Мұсеке, сізді Алматыдан келген қонақтар ұнатып қалыпты, – деді аудан әкімінің орынбасары әзілдеген болып – сізсіз шай ішпейміз деп жатыр.
– Шайға шақырғыш болсаң, жаңа неге бір ауыз айтпадыңдар? – деді үй иесі шамданып – менің онда баруға уақытым жоқ, жұмысым бастан асып жатыр, өздерің іше беріңдер, мен келмеді деп қонақтар да өкпелей қоймас.
Әкімнің орынбасары Мұсатайдың мінезін жақсы біледі, ол қырсықса – іс насырға шабады.
– Мұсеке, жай әзілдегенім ғой, – деді шенеунік. Сізді Шерағаңның өзі шақырып жатыр, «өзі тәуір жігіт екен, ас-суларыңа неге шақырмадыңдар» деп бізге ескерту жасады. Жүріңіз, қадірлі меймандардан ұят болмасын.
Аудан орталығындағы жалғыз мейрамхананың кіші залына он шақты адамға дастарқан жайылыпты. Мұсатай қонақтарға сәлем беріп, дастарқанның бір шетіне жайғасты.
– О, батыр, аяқ асты қайда кетіп қалдың? – деді Шерхан Мұртаза жылы ұшырай қарап – қалай, шаруаң жақсы ма?
– Құдайға шүкір, Шерхан аға!
– Кел, менің жаныма отыр, – деді Шерхан Мұртаза – өзің бір дұрыс жігіт екенсің, сенімен аңға қорықпай баруға болады.
Қонақтар жүз-жүз грамм коньяктан тартып, көңілді отырды. Мұсатай да жатсынбай, ауылдың қазақи қалжыңға толы әңгімелерді келістіріп айтқанда, Шерхан ағасы көзінің жасы аққанша күлді.
– Уәлихан, саған жаңа ғана айттым емес пе, ауылдың шынайы әзіл-қалжыңдары көңілді тазартады деп, мен қаланың әбден жауыры шыққан әңгімесінен жалыққанда – ауылға келіп, әңгіме тыңдап, бір рақаттанып қаламын. Ауыл адамдары әзіл-қалжың дегенде шетінен қамшы салдырмайды. Жарайсың, Мұсатай, айтқыш екенсің. Әңгімелері жарасып, Мұсатай алматылық қонақтармен бірге біраз отырып қалды.
– Кеш түсіп қалыпты ғой, – деді Шераға қол сағатына қарап – жаңағы қаптап жүрген әкімшіліктің батырлары қайда кеткен? Біреуі де көрінбейді ғой.
Мұсатай ағасының сөз астарын бірден түсінді. «Қонақ келгенше ұялады, қонақ келген соң, үй иесі ұялады» демекші, Шерхан Мұртаза қонақтарын қайда қондырарын білмей, қысылып отыр. Аудан орталығында жалғыз қонақ үйі бар, оның атына заты сай емес, жөндеу жұмыстары басталып, тас-талқаны шығып жатыр. «Талапты» ауылында Шерағаның жалғыз інісі – Батырхан тұрады, бірақ, оның үйі тар.
– Шер аға, – деді Мұсатай-көңіл сыйса, бәрі сияды, мұндағы қонақ үйдің жайы өзіңізге белгілі, біздің үйге қоныңыздар.
Не істерін білмей, Түлкібасқа жүріп кетеміз бе деп іштей уайымдап отырған Шерхан Мұртаза қуанып кетті.
– О, батыр, бір қауым елміз, үйіңе сиямыз ба?
– Білдей базаркомның үйі тар болушы ма еді, керек десеңіз, бір взвод солдат сыйып кетеді, аға, – деді Мұсатай әзілдеп.
– Кеш жарық! – деп Шерағаң бастаған қонақтар кіріп келгенде, Ризагүл бір жағынан қуанды, бір жағынан сасқалақтап та қалды.
– Сәлеметсіздер ме? – деді ол қалбалақтап- жоғары шығыңыздар!
Мұсатай меймандарды үлкен залға бастады. Бір жақсысы: Ризагүлдің туған сіңлісі үйде болып шықты, апалы-сіңлілі екеуі зыр жүгіріп, үлкен дастарқанды жайнатып тастады. Мұсатайдың жақсы араласып жүрген екі-үш жазушы достары бар, бұл ағайындардың мінезін базар бастығы бес саусағындай жақсы біледі. Шетінен жаны нәзік келеді, оларды қуанту да, ренжітіп алу да оп-оңай. Шын пейілмен шай берсең, арнайы жылқы сойғандай мәз болады. Мұсатай байқап отыр, Шерхан ағасы мәз-мәйрам. Бүгін ғана танысып үлгірген жерлес інісінің пейіліне дән риза. Шын ықыласқа толы әдемі отырыс Мұсатайдың шаңырағында жалғасып, қонақтар кезек-кезек ақ тілек айтты. Көңілі асып-тасыған Шерағаң татар әнін айтып, оған Ризагүл қосылды. Сырт қараған көзге паңдау көрінетін Уәлихан Қалижан отырыстың нағыз гүлі болып шықты. Әділбек Дүйсенов пен Көсемәлі Сәттібай да өте көңілді отырды. Отырыс біразға дейін созылып, қонақтар тысқа темекі тартуға шыққанда, Ризагүл үлкен залға қонақтарға арнап, қатар-қатар төсек салып қойған болатын.
Ертесіне қонақтар таңертеңгі шайларын ішіп, алғыстарын жаудырып, Түлкібасқа аттанып кетті. Түс кезінде Мұсатай үйге келгенде, Ризагүл күйеуін жүзі бал-бұл жайнап қарсы алды.
– Мұсатай, қарашы! Шерхан аға бізге қолтаңбасын тастап кетіпті, – деп екеуінің үлкен суретін ұсына берді.
Суреттің артқы жағына: «Мұсатай батыр, Ризагүл ханым екеуің Қыз-Жібек пен Төлегендей бір-біріңе ғашық болып, ұзақ өмір сүріңдер! Шерхан Мұртаза. 9.11.1997.» – деп жазылған үлкен жазушының қол-таңбасы Мұсатайдың көзіне оттай басылды.

ӘКІМДЕР НЕГЕ ҚАШТЫ?

1997 жылдың күзінде Жамбыл қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы санаторийдің бастығы Көпжасар ағасы Мұсатайды өзінің 60 жылдық торқалы тойына шақырды. Шерхан Мұртазаға туыс болып келетін Көпекеңмен «Путь коммунизма» колхозында қызмет атқарып жүрген кезінде, шаруашылықтың төрағасы Сәбит Қадыровтың қарашаңырағында танысқан болатын. Адам баласын жатырқауды білмейтін, аңқылдап қалған ақ көңіл, әзіл-қалжың десе қамшы салдырмайтын ағасымен Мұсатай тез тіл табысып, небір әңгімелерді айтып, әбден күлдіргені бар. Содан бері қанша уақыт өтсе де, сәлемдері түзу. Көпжасар үлкен басымен ашық-жарқын інісін сыйлап, жаны қалмай тұрады. Көптеген жылдар бойы Шымкент қаласында тұрып, медицина саласының өркендеп-дамуына үлкен үлес қосқан атақты дәрігер 1990 жылдардың басында Жамбыл қаласына қоныс аударып, Тұрар көкесінің атындағы санаторий ашқан болатын. Бұл шипалы орын аз уақыттың ішінде бір Жамбыл өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі болды.
Көпжасар ағасының 60 жылдық торқалы тойы өзі іргесін қалаған санаторийде өтетін болып, Мұсатай шақырылған жерге өз уақытында келді. Есімі белгілі, ел, халық сыйлайтын беделді азаматтың тойына 250-дей кілең ығай мен сығайлар шақырылыпты. Қазақтың тойы әдеттегідей кеш басталады емес пе, дегенмен, біраз адам жиналып қалыпты. Облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері қоршап әңгімелесіп тұрған Шерхан ағасына сәлем беріп, Мұсатай сәл шеттеу барып тұрды. «Төрге шықсаң, есік жаққа қарап отыр» демекші, Шерхан Мұртаза адам жанын түсіне білетін, сезімтал жан. Ол Мұсатайдың топтан шеттеу, елеусіздеу тұрғанын байқап: «Әй, Мұсатай мырза, сен шеттемей, бері келсеңші!» – деді. «Сарыағаш» базарының бастығы аяғын жайлап басып, кілең мықтыларға жақындады.
– Мұсатай мырза! Сенің әңгімелерің қызық қой, бір әңгімеңнен айтсаңшы, – деді Шераға Мұсатайдың арқасынан қағып.
– Не айтайын, Шераға! Әңгіме айтқыштардың небір дүлдүлдері жаныңызда тұр емес пе?
– Дегенмен, сенің айтатын әңгімелерің маған ұнайды, жұрт та естісін.
– Шераға, мына әкімдерді қалай жеңуге болады? – деді Мұсатай жазушы ағасына күтпеген сұрақ қойып.
– Ой, Мұсатай-ай! Сен маған өте күрделі сұрақ қойып тұрсың, – деді Шерхан Мұртаза басын шайқап. – Қалмақ пен қазақтың соғысын білесің бе? Қазақтың қалмақты қалай жеңгенін білетін боларсың?
– Білмеймін, Шераға. Ол кезде мен жоқ едім ғой.
– Білмесең, біліп жүр, Мұсатай мырза, – Қазақтар қалмақтарды бір сайға қуса, екінші сайға қашып, ол жерден қуса, үшінші сайға қашып, қалмақтарды әбден титықтатып өлтірген. Әкімдерді де өстіп титықтатып жүріп, жеңесің.
Мұсатай Шерағасының сөзін төмен қарап, күліп тыңдап тұрған, басын көтеріп еді, бірде-бір әкімқара қалмай, Шерхан Мұртаза екеуі ғана қалыпты.
– Мұсатай, мыналардың бірде-біреуі қалмапты ғой, – деді Шерхан Мұртаза – қайда кеткен?
– Білмеймін, Шераға. Қалмақтар сияқты титықтатып өлтіреді деп қорыққан болу керек, қашып кетіпті ғой. Уақыт біраз болып қалды, той неге басталмай жатыр, Шераға?
– Тойды басқаратын тамадалар келмей жатқан құсайды, Мұсатай мырза.
– Сонда тамадаларға ақша төлемегені ме?
– Мұсатай мырза, бәрін білесің де, мұны білмегенің қалай? Қазір басты тамада – облыс әкімі емес пе? Шымкенттен Халықов, ал, Әулиеатадан Қалмырзаев деген тамадаларды күтіп тұрмыз. Оларсыз той қалай басталады!? Жүр, ішке кірейік, дөкейлер келсе-келе жатар…

«МЫНА ЖІГІТ
БҰЗЫҚ ҚОЙ…»

1998 жылы Шерхан Мұртазаның атақты «Ай мен Айша» атты романы жарық көріп, шынайы жазылған көркем дүниеге әдебиет сүйер қауым үлкен баға беріп жатты.
Жас әдебиеттанушы Хамит Есаманның Тараз қаласында шығатын «Жамбыл» журналында жарияланған әдеби-сын мақаласындағы мына үзіндіге кім де болмасын бейжай қарамайды.
Жас сыншы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көркем сөздің шебері Шерхан Мұртаза туралы:
«Табалдырықтан асқан тау жоқ, сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайды. Іңгәлаған сәтіңнен іргелі тұлға болғанға дейінгі аралық – ешқашан қайталанбайтын ұлы ақиқат. Ал жазу дейтін жауһар әлемнің ішінде тағдыры тебірентетін жалғыз ғана қасиет, жүз бұратын құбыла да туған жер.
Арманшыл жүрек алысқа жетелейді, талапшыл тұлғаны қалыптастырады. Біздіңше, жақсылық диқаншысы да, ізгілік себепшісі де тек әдебиет адамы сияқты болып көрінетін. Әлі де солай болса керек.
Ілгеріде «Интернат наны» деген әңгіме оқыдым, авторы Шерхан Мұртаза екен, тағдыр туралы тәмсілді сонда түсініп едік. Әлтайдың тұтас болмыс-бітімі, түр-тұлғасы көз алдымызда. Әдебиет дегенде әсемқоңыр әуенге елтіп сала беретін көңіл әсте жалғыз әңгімемен қанағаттана қоймаған. Кейін бала Барсхан бейнесі бірде қуантып, бірде мұңайтып жүрді. Туған әкенің түлеп ұшқан топырақтан жарық кетуі, жалған жаланың кесірінен жат жерден топырақ бұйыруы, одан кейінгі ауылдағы сүреңсіз өмір, әсіребелсенділердің әкіреңдеген айқайы, жетім баланың жарым көңілі, жесір ананың көңілін бағу, одан зұлмат соғыс, жоқшылық… бала Барсханның басындағы кеп осы. Мұңайтады, әрине. Ал қуантатыны – ол жасық емес еді. Абзал әкенің қарашаңырағын қасиеттеп ұстайтын, қадірлеп күтетін парасатты перзент еді. Бүгінгі отбасының тірегі, бәлкім болашақта баба жолын, ата салтын ұстанған сөз мұрагері…
Осы жайдың бәрін де Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» шығармасында жазғанымен, бұл адамзаттың азабын арқау еткен ғұмырнама. Өмірден не көрдің, неге жете алмадың, неге жеттің, бәрі осында. Шығармада әуелгі Барсханның, кейінгі Шерханның азаматтық болмысында, жазушылық ұстанымында қалыптасқан қағидалар бар. Тіпті, шығармадағы өзі тізген оқиғалардың ішінен өзінің шығармашылық тағдырын айқындаған, жазушылық кемелдігін танытқан сәттерді де көруге болады», – деп тебірене жазды.
Кеңес дәуірі кезінде болса, Қазақстанның Халық жазушысы Мұртаза ең кем дегенде 60 мың сом қаламақы алып, шалқақтап жүрген болар еді, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жазушы-ақын ағайындар өгей баланың хәлін кешіп, қаламақы дегенді тек түсінде көретін болды. Ол аздай, шыққан кітаптарын өздері сатуға мәжбүр.
Мұсатай базардың ішіндегі жұмыс кабинетінде Серғазы және Құнанбай деген классастарымен шай ішіп отырған. Кенет есік ашылып, «Базарком бастығы Мұсатай осында отыра ма екен?» – деп Шерхан ағасы кіріп келді.
Мұсатай орнынан ұшып тұрып, жақсы сыйлайтын ағасымен сәлемдесіп, шайға шақырды.
– Шер аға, мені мақтап жүреді екенсіз, екі жолдасыммен шай ішіп отыр едім. Келгеніңіз жақсы болды, Ат-көлігіңіз аман ба?
– Мұсатай, мына жігіттер кімдер? – деді Мұртаза дастарқан басында отырған екі жігітке қарап.
– Серғазы да, Құнанбай да Жуалының мықты азаматтары, мектеп-интернатта бірге оқығанбыз, – деді Мұсатай жолдастарын таныстырып.
– Өзіміздің жігіттер екен ғой, – дейді Шераға басындағы қалпағын шешіп – Мұсатай саған бір шаруамен келіп едім. Жақында жарық көрген «Ай мен Айша» романының он данасын әкеліп едім, соны өткізіп бер, ақшасы керек еді, бар болса, қазір бер, болмаса кешке «Талаптыдағы» Батырханның үйіне апарып тастарсың.
– Мақұл, Шераға, кешке дейін жеткізіп берейін, – деді Мұсатай қалбалақтап.
– Мына жолдастарың менің кітабымды алмай ма? – деді Шерхан Серғазы мен Құнанбайға бұрылып.
Серғазы көздері жыпылықтап, төмен қарады. Қандай шайтан түрткенін бір ит білсін, Құнанбай Шерхан Мұртазаға қарап: «Біз сіздің кітабыңызды оқымаймыз, сатып алмаймыз» дегені. Мұсатай жолдасының мына сөзі үшін жерге кіріп кете жаздады.
– Мұсатай батыр, мына жігіт бұзық адам ғой, – деді Шерағаң басын шайқап.
– Мұны қандай шайтан түрткенін білмеймін дұрыс жігіт сияқты еді, – деді Мұсатай досы үшін ұялып. Аға рұқсат болса, сізбен елу грамм коньяк ішейік.
– Мұсатай, сенімен ішуге болады, – деп Шерағаң алдында тұрған ішімдікті бірақ тартты.

«ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ АШУЫ…»

Тараз қаласында Сарқырама деген көрікті жер бар. Сол жерде бой көтерген зәулім мейрамханада белгілі бір азаматтың мерейлі тойы болып, Алматыдан жұбайы – Ақбикені ертіп, Шерхан Мұртаза келді. Мұсатай көппен бірге жазушы көкесімен амандасып, өзінің орнына жайғасып, той дүркіреп басталып кетті. Көп болса бір сағаттай өткен, тойды тамашалап отырған Мұсатай Шерхан көкесінің бірдеңеге ашуланып, шығып бара жатқанын аңғарып қалды. Артынан екі жігіт қуып жетіп, басу айтпақ болып еді, қолын бірақ сілтеді.
Сол жылдары Жуалы ауданының әкімі Айтқазы Қарабалаев деген жігіт болатын. Ол Мұсатайдың жанына келіп: «Мұсеке, сыртқа бір минутқа шығып кетіңізші» деп өтініш білдірді. Амалдың жоқтығынан, Қарабалаевтың соңынан ереді.
– Мұсатай аға, Шерхан көкем біреулерге ренжіп, тойдан шығып кетті. Сізді жақсы көретінін білем, ашуын басып, тойға ертіп келіңізші! Мен барайын десем, әкемді танытып, қуып жібере ме деп сескеніп тұрмын. Сөйтіңізші, аға, Шераға сізді тыңдайды, – деді әкім жалынғандай болып.
Шерхан Мұртаза мейрамхананың бір шетіндегі ағаш орындықта жалғыз өзі шошайып отыр, қабағы түсіп кеткен. Сырт қараған көзге жаралы жолбарыс сияқты көрінеді.
Мұсатай жүрексіне аяқ басып, көкесінің жанына келіп: «Ассалаумағалейкум, Шераға! – деп сәлем берді.
– Уаликумсалам! Мұсатай батыр, сен де жүрсің бұл тойда?
– Иә, «Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» деген, Шераға, – деп ағасының жанына отырды.
– Шераға сізге бір әңгіме айтып берейін.
– Ол неғылған әңгіме, – деді әлі ашуы басыла қоймаған Шерхан Мұртаза мұрты тікірейіп.
– Бір ақкөңіл жігіт болыпты, – деді Мұсатай әңгімесін бастап. Әбден сүрбойдақ болып жүріп, көрші аудандағы бір қызға үйленіп, дүркіретіп той жасапты. Екі жыл өткен соң, енесі келіпті, ол да түбі түскен шелектей даңғырап қалған ақкөңілдің ақкөңілі екен. Екеуі шай ішіп шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырады.
– Апа, сіздің қызыңызды қыздай алдым емес пе, келіншегім тумай жүр, – депті күйеу баласы.
– Ол сорлықараға не болған? – депті ақкөңіл енесі. Ауылда жүргенде, жылда қоян құсап туып жатушы еді ғой.
– Ойпырмай ә! Осындайда ақкөңіл жандар болады екен-ау. Ой, Мұсатай сенің де таппайтының жоқ.
Шерағаң ішек-сілесі қатып, иығы селкілдеп күлді.
Осы кезде аудан әкімі Қарабалаев та келе қалды. «Жақсы адамның ашуы – жібек орамал кепкенше» деген осы. Шераға түк болмағандай, орнынан тұрып той залына бет алды.
Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы туған жері – Жуалыда, облыс орталығы – Тараз қаласында аталып өтіп, соңы тойға ұласты. Мұсатай көптеген жерлестері сияқты осы игі шараның басы-қасында жүрді.
Шерхан Мұртаза 2015 жылы жүрек талмасына ұшырап, төсек тартып қалғанда, Алматыда тұратын бір топ жазушы-журналистермен бірге барып, көңілін сұрағанда, Мұсатайды таныды, бірдеңе айтқысы келді, бірақ айта алмады. Мұсатай да бұл жолы пайғамбардай сыйлайтын көкесіне ауыл әңгімелерін айта алмады.
Көп ұзамай-ақ Шерхан Мұртаза дүниеден өтті деген қаралы хабар келді…
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

Таңдаулы материалдар

Close