Qoǵam
Несие серіктестігі алған асулар
«Жуалы» несие серіктестігінің ұжымы елімізде жарияланған карантин режиміне қарамастан, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыруды жалғастыруда.
Несие серіктестігі 2003 жылы аймақта орналасқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізу мақсатында құрылды. Серіктестікті 2016 жылдың шілдесінен бастап білікті басшы, қаржы саласының білгірі Асхат Дәулетұлы Медетов басқарып келеді.
– Біз «Аграрлық несие корпорациясымен» тығыз байланыста жұмыс істейміз. Корпорацияның қаржылай қолдауы 2017-2021 жылдарда АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында анықталған ауыл шаруашылығы өндірісінің басым бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Қаржыландыру микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері арқылы жүзеге асырылады. Бұл сату арналарының санын көбейтуге және шалғайдағы ауылдарда несие алуға мүмкіндік береді, – дейді Асхат Дәулетұлы.
Несие серіктестігі шаруаларға бірнеше мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие ресурстарымен қолдау көрсетеді. Мәселен, былтырдан бері сәтті іске қосылған «Кең дала» бағдарламасымен диқандарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, тұқымдар мен тыңайтқыштар сатып алуға жылдық 7 процентпен несиелер беріледі.
Жалпы қай қаржы ұйымында болсын, кепілсіз несие болмайды. Бұл бағдарлама бойынша шаруалар сапалы кепілзатты кепілге сала отырып, 4-5 млн. теңгеге дейін қаражат ала алады. Ауданда аталған несиені 4-5 клиент алып, пайдалануда.
«Агробизнес» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына несие негізгі құралдар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыру мақсатында беріледі. Агорқұрылымдарға негізгі құралдар сатып алуға несие 10 жылға жылдық 16 процентпен берілсе, оның 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Ал айналым қаражатын толықтыру үшін несие 24 айға жылдық 17 процентпен беріледі, оның 10 проценті субсидияланады.
Серіктестік жұмыс істейтін тағы бір несие бағдарламасы «Іскер» деп аталады. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша беріледі. Несие алушылар мынадай үш санатқа: біріншісі құрылғанына бір жыл толмағандар, яғни «стартап», екіншісі 1-3 жыл аралығында жұмысын жаңадан бастағандар, үшіншісі үш жылдан астам тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері болып бөлінеді. Несиелендіру шартына сай «стартаптағылар» «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы ұйымдастыратын «Бастау-Бизнес» курстарынан өтіп, жұмыспен қамту орталығынан жолдамамен келуі қажет. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер несие алғаннан кейін бір адамды жұмыспен қамтуы тиіс. Несие көлемі АЕК-тің 2,5 мың есесіне дейінгі соманы құрайды. Одан бөлек «зәкірлік кооперацияны» дамыту үшін несие 5 жыл мерзімге 8 мың еселік АЕК мөлшерінде беріледі.
«Агротехника» бағдарламасы бойынша несие жылдық 14 процентпен берілсе, оның 10 проценті мемлекет тарапынан субсидияланады. Мақсаты – ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту, қажетті агрегаттар мен тіркемелер сатып алу және т.т. несиелендіру.
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бүгінгі күні екі бағытқа: мүйізді ірі қара және ұсақ мүйізді қара малдарын сатып алу бағыттарына бөлінеді. Несие жылдық 14 процентпен, мерзімі сиырға 15 жылға, ал қой-ешкіге сегіз жылға беріледі.
Барлық мемлекеттік бағдарламаларда несие алушылар үшін жеңілдік кезеңі көзделген. Мәселен, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жеңілдік кезеңі негізгі құралдарды сатып алуға 24 айға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 12 айға дейін. Бұл жеңілдік тек негізгі қарызға ғана қолданылады. «Іскер» бағдарламасы бойынша жеңілдік кезеңі негізгі қарыз мерзімінің үштен бір бөлігін құрайды. «Зәкірлік кооперацияны» дамытуға, мал шаруашылығын өркендетуге алынған несие 84 айға дейін беріледі, жеңілдік кезеңі негізгі қарыз мерзімінің үштен бірін құрайды. «Агротехника» бағдарламасы бойынша жеңілдік кезеңі 12 ай. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдік кезеңі сиырға 30 айға, қойға 24 айға дейін.
Жеңілдік кезеңінде несиенің проценттік сыйақысы ай сайын төленіп отырады.
Айта кететін тағы бір мәселе, «Агротехника» бағдарламасы бойынша несе екі түрлі әдіспен беріледі. Біріншісінде шаруаға таңдау құқығы беріледі. Ол қалаған техника сататын фирмаға барып, онымен ниеттестік шартын алып келеді. Шаруа техниканың немесе тіркеменің құнының 20 процентін төлейді, қалған бөлігі несие түрінде беріледі. Екіншісі, шаруада қаражат болмаса, техника құнының 25 проценті көлемінде кепілзат енгізеді. Бұл жағдайда, несие техниканың толық құнына ұсынылады.
Ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге серіктестік тарапынан берілген несиелердің көлемі 276 млн. 48 мың теңгені құрайды. Соның ішінде «Агробизнес» бағдарламасымен 72,4 млн., «Агротехника» бағдарламасы бойынша 86,6 млн., «Сыбаға» бағдарламасымен 53,2 млн, «Кең дала» және «Іскер» бағдарламаларымен тиісінше 3,7 млн. және 48,7 млн. теңгенің несие қаражаттары берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл алғаш көктемгі дала жұмыстарына бір ШҚ-на 5 процентпен қысқа мерзімге 1,3 млн. теңгеге несие берілді.
– Бүгінде несие серіктестігінде 10-ға тарта маман жұмыс істейді. Серіктестік қызметкерлерінің сапалы әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде әрбір өтініш беруші дер кезінде қаржылық қолдауға ие болып отыр. Атап айтсақ, бас бухгалтер Надежда Землянских, несиелендіру маманы Бақытжан Бауыржанұлының еңбегі мақтауға тұрарлық. Біз алдағы уақытта өзіміздің алға қойған мақсат-міндеттерді сапалы орындау жолында күш сала береміз,- дейді «Жуалы» несие серіктестігінің Басқарма төрағасы Асхат Медетов.
Абылайхан сәрсен,
«Jańa ómir»