Qoǵam

Ұлт пен ұлыстарға пана болған Жуалы

1928 – 1938 жылдар біздің тарихи дүние танымымызда Қазақ халқының басындағы «қаралы кезең» болып саналады. Бұл басы ұжымдастырудан басталып, ашаршылық жылдары, одан кейінгі қуғын-сүргін жылдары болып жалғасқан сталинизм дәуіріндегі орны бос «ақтаңдақтарға» айналған жылдар болатын. Біздің бүкіл тарихымыздың, оның ішінде партиялық, азаматтық, әдеби-мәдени тарихымыздың бұрмалануы осы жылдары болған еді.

1930 жылдардың аяғынан бастап Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан 1944 жылға дейін қазақ жері соның ішінде біздің Жуалы жері талай ұлттар мен ұлыстарға пана болды. Біздің өңірге ең алғашында Қиыр Шығыстан корейлер әкелінді, онан кейін Кавказдың Түркияға жақын аймағындағы Нахичеван аталатын жерінен күрділер әкелінді. Ұлы Отан соғысының алдында 1938-1940 жылдары Белоруссия мен Украина жерлерінен депортацияланған поляктар мен еврейлер көшірілді. Ал соғыстың жүріп жатқан кезінде 1943 жылдың басы мен 1944 жылы кеңпейіл қазақ жерінен шешен халқы мен немістер келіп пана тапты.
Бұл – әртүрлі ұлт өкілдерін депортациялануда жүргізілген сталиндік тоталитарлық әкімшілік-әміршіл басқару жүйесінің ең үлкен қылмыстарының бірі еді. Бұрын өз отандары, өз жерлерінде мекен еткен түрлі халықтардың Қазақстанның жеріне жер аударылуының үлкен саяси астары, екі түрлі себебі бар еді. Бірінші себебі, кеңестік билікті тереңірек орнатуды, ұжымдастыруды көздеген саясаттан туындаған әрекет еді. Екінші себебі, кең жатқан қазақ даласын одан әрі отарлауды жалғастыру саясаты еді.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының этникалық құрамының шағын ғана бөлігін құрайтын поляктар да осынау тарихи қилы тағдырдың құрбаны болып депортацияға іліккен еді. Қазақстан аймағында 1989 жылдың желтоқсан айының соңында жүргізілген одақтық халық санағының қорытындысы бойынша 59 мың 956 поляк тұратыны анықталды. (Итоги Всесоюзной переписи населения 1989 года. Алматы, 1992, 215 стр.)
Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Қазақстанға поляк халқының өкілдері бұдан бірнеше жүз жыл бұрын келе бастаған. 1246 жылы поляк саяхатшысы, монах Бенедикт Моңғол империясына жасаған саяхатының барысында Орталық Азия, Қазақстан жерінің аумағында да экспедиция жасаған болатын. Ол бұл сапарында Орта Азияны мекендеген көшпенді халықтардың салт-дәстүрі, құндылықтарын айғақтайтын көптеген құнды тарихи жазба мұралар қалдырды.
Одан кейін XIX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан жеріне Патшалық Ресейден көптеген саяси босқындар, азаттық жолында күрескен поляк азаматтары жер аударылған. Олардың ішінде Адольф Янушкевич, Густов Зелинский, Бронислов Залеский т.б. сынды ұлы тұлғалар да бар еді. Олар Қазақстанға саналы ғұмыры мен шығармашылығын арнап, біздің тарихымыз бен мәдениетімізге қомақты үлес қосты. Адольф Янушкевич «Дзядов» поэмасын жазды, ол қазақ тілі мен көшпенді халықтың салт-дәстүрін, тұрмысын жақсы білген. Ол 18 жылдай Ұлы Даланың әндері, аңыз, шежірелерін жинақтап, 1801 жылы «Қырғыз даласына саяхат» атты естеліктерін Париж қаласында жариялады. Густов Зелинский қазақтың кең-байтақ жерін өзінің «Ұлы Дала» атты поэмасында тамаша етіп суреттеді.
Атақты музыка зерттеушісі поляк Александр Затеевич XX ғасыр басында 1902 жылы Қазақстанның бұрынғы астанасы Орынборға көшіп келіп, ұзақ жылдар бойы қазақ музыкасын зерттеп, әндерін жинақтаумен шұғылданды. Ақын, жырау импровизаторлардың 2300-ге тарта әуендері мен күйлерін қайта тірілтті. Қазақ халқының ұшан-теңіз музыкалық мұрасын жинақтап нотаға түсірді. Мұндай жанқиярлық теңдеусіз еңбекпен жинаған оның таңдамалы жинақтарын бүгінгі ұрпақ осы күнге дейін қолданып келеді.
Депортацияланған поляктардың алғашқы легі Қазақстанға 1936 жылы келген болатын. Украинадағы сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан поляк аудандары таратылып КСРО-ның шекаралық облыстарындағы поляк, неміс шаруашылықтары қазақ жеріне күштеп көшірілді. Қоныс аударылған 15 мың поляк және неміс шаруашылықтары Украинаның Винницк және Киевск облыстарына шоғырланған еді. Бұл өңірде негізінен поляктар тұратын. Сол 36 жылдары бір ғана Украинадан 70 мыңға жуық адам жер аударылған болатын. Олар КСРО Халық Комиссарияты Кеңесінің 1936 жылғы қаңтарындағы «Украина Кеңестік Социалистік Республикасына жер аудару» (№111-01 бұйрық) жөніндегі жарлық бойынша депортацияланған еді.
Поляк халқының Украина жеріндегі өмірі мен оларға жабылған сталиндік жала туралы украин ғалымы Гендах Строньскийдің арнаулы зерттеу еңбегінде жақсы сипатталған. Украина архивтерінің материалдарын кеңінен пайдаланған ол Харьков облысының Мархеев ауданынан жер аударылған «Саяси кертартпа элементтеріне берілген анықтама бойынша жер аударылатын 350 отбасының хал-ахуалы архивтік құжаттар мәліметтері бойынша көрсетілген. Осы округтің Красноармийский, Новгород, Волынский, Барановский аудандарында «контрреволюциялық ұлтшыл элементтерді» жер аудару ісі айтылған. «Түтін басына шаққанда жер аударылатындар саны: Красноармейскіден-4462, Волынскийден-3597, Барановскийден-2444 адам болатын. Ал оның ішінде ұлттық құрамы жағынан Красноармейскіден-337 поляк, 663 неміс Волынскийден-217 поляк, 303 неміс, Барановскийден-415 поляк, 85 неміс отбасылары бар еді» (Г.Стронсий.Элит і падення. Польский Нациіональный район в Украіні у 20-30-і роки Тернопіль. 1992 ж. Қазақ тарихы журналы. 1997 ж. №1).
Тек 1935-1937 жылдары Харьков облысының Мархеев ауданының бір өзінен 10 мың поляк депортацияланды. «Контрреволюциялық пиғылдағы ұлтшыл элемент» деп танылған поляк және неміс ұлт өкілдері бұл жылдары НКВД-ның дайындаған тізімі бойынша Қазақстанға депортациялау үлкен қарқынмен жүргізілді. 1935-1938 жылдары поляктар мен немістер Қазақстанға Белоруссиядан да көптеп әкелінген еді.
(Жалғасы бар)

Дәулетжан Байдалиев,
өлкетанушы

Таңдаулы материалдар

Close